Еліміздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзған бір топ мемлекеттік қызметшілердің мәселесі қаралды. Аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен басқосуда кеңес мүшелері ең әуелі Қордай аудандық прокуратурасының ұсынысы бойынша, облыс әкімдігі білім басқармасының №19 Қордай колледжі директорының міндетін уақытша атқарушы Ербол Әбіловтың тарапынан жасалған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы мәселені қарады.
Прокуратура қызметкерлерінің колледжде жүргізген жоспарлы тексеруінің барысында №19 Қордай колледжі мен «Региональный центр Junior Achievement Taraz — Достижение Молодых Тараз» жеке қоры арасында жасалған, жалпы сомасы 21 809 372 теңгені құрайтын №3 келісім-шартты орындау барысында бірқатар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық деректері анықталған. Біріншіден, тапсырыс алушы колледжге келісім-шартта көрсетілген жұмыс ауқымының тек 14 262 946 теңгені құрайтын бөлігін ғана орындайды. Ал колледж басшылығы тапсырыс алушы ұсынған мүліктің арасынан бағасы 4 569 311 теңге және 2 977 116 теңге тұратын екі бірдей дәнекерлеу аппаратының зауыттық ақауы бар болғандықтан кері қайтарылғандығына қарамастан, тапсырыс алушының есепшотына бастапқыда төленген 12 миллион теңгенің үстіне тағы да 3 миллион теңге ақша аударады. Бұл — №19 Қордай колледжі «Региональный центр Junior Achievement Taraz — Достижение Молодых Тараз» жеке қорына 737 054 теңге ақшаны артық төлегендігін көрсетеді. Бір өкініштісі, колледж басшылығының соншалықты жомарттық жасағандығына қарамай тапсырыс алушы жауапсыздық танытып, аталған дәнекерлеу аппараттарын колледждің теңгеріміне өткізу жөніндегі міндеттемесін күні бүгінге дейін орындамай отыр. Тексерулер барысында колледж директорының міндетін уақытша атқарушы Ербол Абиловтың тапсырыс алушының колледжге келтірген шығынын өндіріп алу үшін сот төрелігіне бірде-бір рет жүгінбегендігі де мәлім болыпты. Соған байланысты, облыс бойынша қаржылық бақылау инспекциясы басшысының қаулысымен Ербол Абиловтан әкімшілік құқық бұзғаны үшін 59460 теңге айыппұл өндіріп алынған. Колледж басшылығы тек содан кейін ғана мекеменің мүддесі үшін әрекетке көшіп, үстіміздегі жылғы ақпан айының 9-ы күні «Региональный центр Junior Achievement Taraz — Достижение Молодых Тараз» жеке қорынан айыппұл ретінде 2 180 900 теңге тұрақсыздық төлемін және толық жеткізілмеген тауарларға артық төленген 73 4054 теңгені даулап, облыстың арнайы ауданаралық экономикалық сотына жүгінеді. Тәртіптік кеңес мүшелері күн тәртібіне шығарылған осы мәселені талқылай келе, сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық жасағаны үшін №19 Қордай колледжі директорының міндетін уақытша атқарушы Ербол Абиловқа атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту беру жөнінде ұсыныс жасау туралы шешім қабылдады. Тәртіптік кеңес Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы» Заңын бұзып, құқық бұзушылық қадамға барған Тараз қаласындағы №19 балабақшаның меңгерушісі Гүлжазира Тойшыбекованы, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мен Мемлекеттік қызметшілердің Ар-намыс кодексін бұрмалаған Тараз қаласы әкімі аппаратының персоналды басқару бөлімшесінің басшысы Досбол Рахмановты атқаратын қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, ал Тараз қаласы әкімі аппаратының басшысы Жандос Өмірзақовты ескерту түріндегі тәртіптік жазаға тарту туралы құзырлы органдарға ұсыныс енгізуді шешті. Ал қаржы және мемлекеттік тәртіптің бұзылуына жол берген Байзақ ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығының директоры Арғынбай Сқақовқа қатысты іс Тәртіптік кеңестің ұйғарымы бойынша тиісті шешім қабылдау үшін Байзақ ауданының әкіміне жолданатын болды. Сондай-ақ, Тәртіптік кеңесте ҚР АШМ ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыс бойынша аумақтық инспекциясының, ҚР АШМ АӨК мемлекеттік инспекциясы Комитетінің облыс бойынша инспекциясының және Жуалы ауданы әкімі аппараты тәртіптік комиссиясы төрағасының есептері тыңдалып, тиісінше ұсыныстар берілді.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді