Бар сән-салтанат ардагерлерге арналды

Бар сән-салтанат ардагерлерге арналды
ашық дереккөз
Бар сән-салтанат ардагерлерге арналды

Сол күнгі жел де, нөсерлеп төккен жауын да халықтың мерекелік көңіл күйіне еш әсер етпеді. Жеңістен артық бақыттың жоқтығын бәрі де түсінгендей. Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша, аудан тұрғындары, мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, мектеп ұжымдары қала орталығындағы «Даңқ» монументіне қарай ағыла бастады. Аудан әкімі Қанатбек Мәдібек ардагерлер мен аудан жұртшылығын мерекемен құттықтады. Онан соң тыл және еңбек ардагері Өмірзақ Сержанов, Ш.Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясының 9 «В» сынып оқушысы Жилина Викторина жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Мерекеге қатысушылар майдан даласында шейіт болған боздақтардың рухына тағзым етіп, оларды бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонан соң мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесін зор қуаныш сезімімен қарсы алған соғыс және еңбек ардагері М.Абдиев алғашқылардың бірі болып гүл қойды. Бұдан соң Ұлы Жеңіс мейрамы «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес» атты театрландырылған мерекелік іс-шараға ұласты. Саудакент ауылынан таңғы сағат 04.00-де Жаңатас қаласына қарай жүгіру марафонын ұйымдастырған ауданның Құрметті азаматы, еңбек және спорт ардагері, осындай игілікті бастаманы бірнеше рет қайталап, кейінгі жастарға үлгі болып жүрген азамат Тұрар Мысықбаев шәкірттерімен бірге көк туымызды желбіретіп алаңға осы сәтте жеткен болатын. Жиналған көпшілік оларды ерекше құрметпен қарсы алды. Концертте соғыс және соғыстан кейінгі жылдары шығарылған патриоттық әндер көбірек шырқалып, көпшіліктің көңілін ерекше сезімге бөледі. «Айжан қыз» бишілер тобының мың бұрала билеген билері көрерменін бір серпілтіп тастады. Ардагерлер өздеріне арнап жайылған дастархандағы ыстық тоқаш, ұлттық тағамдардан дәм татты. Мерейлі мереке жылдағыдай аудандық Мәдениет үйінде ақындардың айтысымен жалғасын тапты. Сөз сайысын айтыскер ақын, Қырғызстан, Өзбекстан Республикаларында өткен айтыстардың жеңімпазы Алик Бекмұсаев жүргізіп отырды. Шығыс Қазақстанның аруы Бибігүл Жандарбек пен батыр атамыз Б.Момышұлының елінен келген Қанат Мырзахан айтысты бастап берді. Алматы облысының ақыны Айтақын Бұлғақов пен шырайлы Шым қаладан келген Карима Оралова, қордайлық Күміскүл Сәрсенбаева мен Сарыағаш ауданының түлегі Жарқынбек Наушабеков, түркістандық Бекарыс Шойбеков пен тараздық Алтынкүл Қасымбековалар отты жылдарда батырларымыздың жасаған ерліктерін, аудандағы бетке ұстар азаматтарды жырларына арқау етті. Айтыс соңында аудан әкімі Қанатбек Қайшыбекұлы сөз сөйлеп, алыстан ат арытып келген ақындарға алғысын жеткізді. Айтыстың демеушісі, «Алтын Орда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дәулетберді Жанбаев ақындарға сый-сияпатын табыс етті. Осы күні сарысулықтар аудандық Мәдениет үйінде «Шаншар» әзіл-сықақ театрының да өнерін тамашалады. Залда ине шаншыр орын болған жоқ. Театрдың директоры Уәлибек Әбдірайымов, театр актері Жүсіп Ақшораевтардың сахналаған «Жанды дауыс», «Еркектің декретке шығуы», «Тоқал алған Өгізбай» қойылымдарымен қатар «Х тобының» тамылжыта шырқаған әндері көрерменнің көңілінен шықты. Ал кешкі концертте аудандық Мәдениет үйі қызметкерлері өнер көрсетті. Онда облыс орталығынан келген «Көркем», аудандық «Ақ кербез» топтары, «Сезім» дуэті және аудандық Мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашты. Қала аспаны шырқалған ән мен кұйқылжыған күйге бөленді. Концерт соңында отшашу болды. Аудан тұрғындары ерекше көңіл-күймен тарасты.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол». Камели СҮЛЕЙМЕНОВА, журналист.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар