«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ер – ел қорғаны

Ер – ел қорғаны
ашық дереккөз
Ер – ел қорғаны

Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекелік шаралар мамыражай мамырдың әр күнінде жалғасын тауып жатыр. Мәселен, Қызылсай ауылында Ұлы Отан соғысына қатысушыларға арналған ескерткіштің ашылу рәсімі өтті. Салтанатты шараға қызылсайлықтармен қатар, көрші ауылдық аймақтардан да қонақтар көптеп қатысты. Өйткені, ауылы аралас, қойы қоралас ағайынның қуаныш, қайғылары ортақ. Осыдан үш-төрт жыл бұрын көптің күшімен ауыл мектебінің жанынан отырғызылған жас бақтың төрінен биыл еңселі ескерткіш тұрғызылды. Ел басына күн туғанда осынау шағын елді мекеннен 130 адам соғысқа аттанған болса, олардың 59-ы майдан даласында қаза тапты немесе хабар-ошарсыз кетті, ал аман оралған 71 майдангер кейіннен еңбек майданында тер төгіп, пешенесіне жазылған жасын жасады. Бір өкініштісі, бүгінге дейін олардың да барлығы бақилық болған. Ескерткіштегі гранит тақталардың бір қанатына соғыстан оралмағандардың, екінші қанатына кейін қайтыс болғандардың – барлығы жүз отыз адамның аты-жөндері ойып жазылған. Алдына мәңгілік алау жағылған.

Ескерткіштің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Б.Жаманкөзов, еңбек ардагерлері Әбдірахман Мамашев, Рахымбай Молдашев жан тебірентер сөздер айтты. Ал есімі тасқа қашалып жазылған соғыс құрбаны Әлімсейіт Самақовтың қызы Шұға апай әкесінің қан майданнан өлеңмен жазған соңғы хатынан үзінді және өзінің әкелер рухына арнау жырын оқыды. Ескерткіштің алдына құшақ-құшақ гүл шоқтары қойылды. Бұл күні Ұлы Жеңіске сүбелі үлес қосқан тыл еңбеккерлері де ұмыт қалған жоқ. Соғыс жылдары жасөспірім болса да белдері қайыса жүріп үлкендермен бірге егін салған, орақ орған, соқаның құлағын ұстаған, майданға жылы киімдер әзірлеген әжелер мен аталардың омырауына мерекелік медальдар тағылды. Мерекеге жиылған жұрт соғыс боздақтарының рухына Құран бағышталған арнайы астан дәм татып, соңынан бәйге, көкпар ойындарын тамашалады. Нақ осындай ескерткіштер ертесіне Алға, Қақпатас ауылдарында да ашылды. Отан қорғаушылар және Жеңіс күніне арналған мерекелік шаралар барлық ауылдық аймақтарда өтті. Аудан орталығында «Жүз мейірімді іс» акциясы жалғасын тауып, «Ер – ел қорғаны» мерекелік бағдарламасы, шахматтан, волейболдан, шағын футболдан турнирлер ұйымдастырылды.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар