Жылдағы дәстүр бойынша мереке қарсаңында Тараздағы ҚР Тұңғыш Президенті саябағында рухани-патриоттық тәрбиені ту еткен кезекті әсерлі іс-шара өткізілді.
«Мен Отанды қорғауға дайынмын!» деп аталатын патриоттық акцияны бұл жолы да облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент пен облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасы ұйымдастырды. Шараны өткізу әскер қатарына шақыртылған болашақ сарбаздарды шығарып салу рәсіміне негізделген. Оған соғыс ардагерлері мен әскерилер, әскери кафедра курсанттары және қала тұрғындары мен әскерге шақырту алған жастар, олардың ата-аналары шақыртылыпты. Акция «Жастар авиациялық орталығы» қоғамдық бірлестігі курсанттарының парашютпен жерден әуеге көтерілу көрсетілімімен ашылды. Патриоттық акцияны өткізудегі мақсаттың ауқымы кең, көздегені көп. Жастарымыздың бойында әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру, отансүйгіштікке баулу, әскери құндылықтарды насихаттай отырып, азаматтық жауапкершіліктерін орнықтыру және де әскери қызметтің беделін көтеру осы шараның басты ұстанымы болды. Бұл жөнінде алғашқы сөз сөйлеген «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Талғат Қойбақов та айтып өтті. Жиылғандарды Отан қорғаушы күнімен құттықтай келе, ол еліміздің соңғы жылдарда қарулы күштер саласына да көп көңіл бөліп, әскерлеріміздің материалдық-техникалық әлеуетінің артып келе жатқанын айтып өтті. Сондай-ақ, жастарды Отан қорғаудан еш тайынбауға шақырды. Ал облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Бақыт Әбдібаев бұл акцияның жылына екі рет жоғары деңгейде өткізіліп жүргенін жеткізе келе, бұл жолғысы Отан қорғаушы күні мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына және еліміздің Қарулы күштерінің құрылғанына 23 жыл толуына арналып отырғандығын айтып өтті. Отан алдындағы әскери борышты өтеу әрбір азаматтың парызы екенін айта келе, ол әскерге шақыртылған жастарға сәттілік жолдап, аман-есен барып, қайтуларын тіледі. Сөз арасында концерттік нөмірлермен қолдау тауып отырған акцияда әскери-жауынгерлік дайындық шаралары да көрсетілді. Арнайы жасақ сарбаздары аса ауыр жағдайдағы, яғни, суық қарумен, винтовкамен болатын ашық айқас алаңындағы жекпе-жек әдістерін көрсетіп, нағыз сайыпқыран екендіктерін танытты. Мұнымен шектелмеген олар шекелеріне шөлмек жарып, ағаш тақтайларын да жұдырықпен және аяқпен теуіп сындырып, шеберліктерімен жұртты тәнті ете алды. Жастардың бойындағы жауынгерлік рухты, жалын мен жігерді оятуға тырысқан патриоттық акция әскерге кетіп бара жатқан 100 сарбазды шығарып салу рәсімімен түйінделді. Оларға ұйымдастырушылар атынан сыйлықтар берілді.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді