Елбасымыз елге болсын дейді

Елбасымыз елге болсын дейді
ашық дереккөз
Елбасымыз елге болсын дейді

29Қанат ШАЙХИЕВ, «Сыпатай батыр» ЖШС директоры, облыстық мәслихаттың депутаты.

Кезектен тыс Президент сайлауында қазақстандықтар тағы да нақты тоқтам жасап, сайлауға түскен үш кандидаттың ішінен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жоғары белсенділікпен дауыс берді. Сондықтан Елбасын осынау тарихи кезеңдегі тамаша жеңісімен мерейлі Меркі ауданының 40 мыңнан астам сайлаушылары атынан шын жүректен құттықтаймын! Бұл – барлық қазақстандықтардың ортақ қуанышы, нұрлы болашақ жолындағы ортақ шешімі! Өйткені, тәуелсіз еліміз Нұрсұлтан Әбішұлының тікелей басшылығымен осыдан небәрі 24 жылдай бұрын дамудың жаңа жолына түсті. 1997 жылдың күзінде еліміз «Қазақстан – 2030» ұзақ мерзімді Стратегиясын қабылдап, Елбасының сарабдал саясатын бағдаршам етіп, жарқын болашаққа нық қадам басты. Сол жолдың әрі дара, әрі дұрыс жол екенін уақыттың өзі дәлелдеп берді! Қазақстан Еуропа мен Азия кеңістігінде, өзінің экономикасын дамытып, халқының жағдайын биікке көтерген мемлекет ретінде лайықты орнын иемденді. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050» бағдарламасымен бұрынғыдан да биік межелерге жетуді мақсат етіп, «Нұрлы жолмен» «Мәңгілік Ел» болу идеясын іс жүзіне асыруға кірісіп кетті. Себебі, қазіргідей геосаяси жағдайда және әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс кезінде Қазақ елінің биік мақсаттарға жетуі – бізді бүгінгідей толағай табыстарға жеткізген Елбасының ерен еңбегінің арқасында жүйелі жалғасын таппақ. Елбасының барлық салаға, оның ішінде агросекторға көп көңіл бөліп, тікелей бақылауда ұстағанының арқасында «Сыпатай батыр» ЖШС бүгіндері өркен жайған, аудандағы іргелі шаруашылықтардың біріне айналды. Үкіметтің қолдауы арқылы төменгі пайызды несиелер алып, техника паркін жаңарттық. Егіс көлемін ұлғайтып, суды аз жұмсап, көп өнім алу мақсатында заманауи тамшылатып суғару әдісін қолданудамыз. «Сыбаға» бағдарламасының жеңілдіктерін пайдаланып, асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын, қазақтың биязы жүнді меринос қойын өсірудеміз. Ең бастысы, шалғай жатқан шағын ауылдың 200-ге жуық тұрғыны жұмыспен қамтамасыз етілді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев жақында еліміздің Президенті лауазымына қайта кірісіп, Қазақстанның әрмен қарай қарышты дамуына сеп болар жаңа қадамдардың тың жоспарын ұсынды. Бұл Ұлт жоспары бес ауқымды міндетті көздеген нақты қадамдармен айқындалды. Мұны жүзеге асыру үшін Президент жанындағы Жаңғырту жөніндегі Ұлттық комиссия құрылды. Бұл да еліміздің тарихында бұрын-соңды болмаған жетістіктер. Бұл комиссияның миссиясы – бес реформаны сатылап жүзеге асыруды басқару және мемлекеттік органдардың, бизнес сектор мен азаматтық қоғамның іс-қимылдарын үйлестірмек. Әрбір қазақстандық Елбасы ұсынған осы реформаларды іске асыру игі ісіне атсалысып, азаматтық танытуы тиіс деп ойлаймын.

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар