«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Болашақ чемпиондар мекені

Болашақ чемпиондар мекені
ашық дереккөз
Болашақ чемпиондар мекені

25 26 27Енді спортшылар жаңа ғимаратта жаттығады

Тараз топырағында тағы бір алып спорт кешенінің тұсауы кесілді. Енді №3 облыстық мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жас жампоздары, жігерлі жеткіншектері Дүрімбетов көшесіндегі алып ғимаратта жаттығатын болады.

Заманауи талаптарға сай салынған алып кешеннің салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы қатысты. «Құрметті әріптестер, жанкүйерлер, спортшылар, бүгін біз салтанатты түрде үлкен спорт кешенінің ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Қазақстан қарулы күштерінің төл мерекесі мен Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы қарсаңында тұсауы кесілгелі тұрған кешеннен нағыз жігерлі жастар шығатынына сенімім кәміл. Құтты шаңырақ болсын! Өңірімізде спорт кешендерін көбейту бойынша үлкен жұмыстар атқарылып жатыр. Тараз қаласының өзінде осындай спорт ордасының тоғызы салынды, оның ең іргелісі «Тараз-Арена» кешені бір қатысқанда 2500 адамды қабылдай алады. «Тараз-Аренада» қазірдің өзінде үлкен додалар өтіп жүр. Жыл сайынғы «Еуразия барысы» мегажобасы, бильярдтан өткен әлем чемпионаты, волейболдан ұлттық лиганың кезеңдері секілді ірі жарыстар ел мақтанышына айналған «Тараз-Аренада» өтті. Енді міне жаз мезгілінде волейболдан әлемдік лиганы өткізу жоспарланып отыр. Мұның бәрі өңір жастары үшін өнеге боларлық шаралар. Мұндай спорт сарайлары қаламызда ғана емес, Жаңатаста, Қаратауда, шалғайда жатқан Мойынқұмда, Жуалы ауданында іргесі қаланып жатыр. Ол жердегі жастарымыз да қалауына сай келетін спорт түрлерімен шұғылданып, ел абыройын аспандатарына сенемін. Жамбыл спортының мақтаныштары Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов, Евгений Яровенко секілді саңлақтардың ізін жалғайтын жастар қазірдің өзінде көзге ілінді. Жас болса да әлемді мойындатқан ауыр атлет Жасұлан Қыдырбаевтың ерлігі де інілерінің жігерін жани түседі. Жамбыл өңірі спортқа жақын. Жеңістеріміз көп болсын! Жасампаз жастарымыз жасай берсін!», – деді облыс басшысы кешеннің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде. Мұнан соң спорт ардагері Сейтжан Әбдукәрімов сөз сөйлеп, олимпиада чемпиондарының Тараз төрінен әлі де көптеп шығатынына сенім білдірді. Жалпы, жобалық-сметалық құны 531,6 миллион теңгені құраған кешен жаттығу залы, бассейн, 60 адамға шақталған асхана, медициналық кабинет, жаттықтырушылар кабинеті, 14 адамға арналған атыс тирі секілді керектілердің бәрімен қамтылған. Ғимараттың алқызыл лентасын қиғаннан соң облыс басшысы кешен ішін аралап көріп, көңілі толатынын айтты. Алып спорт сарайының құрылысымен «Тараз құрылыс инвест» ЖШС айналысқанын да айта кету керек. Соңыра тілшілер қауымымен тілдескен облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев: «Аптасына бір рет футбол ойнап тұрамын. Бұл өз денсаулығымды қалыпты жағдайда ұстап тұруым үшін қажет. Жалпы әр адам спортпен айналысса одан ешкім ұтылмас еді» деді.

Ұқсас жаңалықтар