Ерлігің ұмытылмайды, әке!

Ерлігің ұмытылмайды, әке!
ашық дереккөз
Ерлігің ұмытылмайды, әке!

Әкем Сарыарқаның перзенті еді. Отызыншы жылдарғы нәубет кезінде ұбап-шұбап көшкен жұртпен Қаратаудың баурайына қоныс тебеді. Ұшқан құстың қанаты талатын безерген Бетпақдаланы жаяу-жалпы жүріп өткен сол қиямет қайымды әкем еске түсірмеуге тырысатын. Жасынан қиындықты көріп өскен аға ұрпақтың ширақ болып өскеніндей, әкем де өз ісіне мығым еді. Ол тепсе темір үзетін жасында 1939 жылы әскер қатарына шақырылады. Уфа қаласындағы кіші командирлер даярлайтын училищесін бітіріп, Фин соғысына аттанады. Артынша бұрқ ете қалған Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен-ақ қолына қару алып, майдан өтінен бір-ақ шығады. Смоленск облысының Веложей қаласының маңындағы қиян-кескі ұрыста оң қолынан жараланды. Госпитальда емделіп шығып, ұрысқа қайта кірді. Атқыштар взводының командирі ретінде майданның алғы шебінде болды. Сталинград облысының Крышева деревнясын жаудан азат ету жолында болған ұрыста екінші рет жараланады. Аз уақыт дала госпиталінде емделіп шыққан оны тағы да қан майдан күтіп тұрды. Витевск ауданының Харитонова деревнясы үшін болған ұрыста контузия алады. Дала госпиталінде емделіп, майдан шебіне қайтады. Великие Луки қаласын азат етуде ауыр жараланады. 28 гвардиялық Невель атқыштар дивизиясының барлау взводының командирі, аға лейтенант Бегалы Сақыпбековтің жорық жолы одан әрі де жалғасып, 1944 жылы мүгедек ретінде елге қайтарылады. Аты айтып тұрғандай, барлау қызметінде қауіп-қатердің сан қилысын бастан кешкен сақа офицердің майдандағы ерлігі жауынгерлік Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен қатар, «Ерлігі үшін» және «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталады. Майданнан оралған әкемнің бар саналы ғұмыры білім саласында жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берумен өтті. 1952 жылдан 1960 жылдар аралығында Жайлаукөл ауылындағы 7 жылдық мектептің директоры қызметін атқарды. Осы мектеп жанынан малшылардың балалары үшін 50 орындық мектеп-интернаттың ашылуына сеп болды. 1960 жылы Бүркітті ауылынан 7 жылдық мектеп ашқызуға мұрындық болып, осы мектептің директоры, ұстазы болып еңбек етті. Кейін Көкдала елді мекеніндегі мектеп директоры қызметін абыроймен атқарды. Осы мектеп жанынан да малшылардың балалары үшін 50 орындық мектеп-интернат ашқызғаны жұртшылықтың есінде. Кейін құрметті демалысқа шыққаннан соң да, Жайылма мектебінде дәріс берді. Анамыз Күлбағдат Абильдина да әкемізбен қатар ұстаздық қызмет атқарды. Осы салада 35 жыл тер төкті. Ұстаздар отбасында 6 ұл-қыз өмірге келдік. Бүгінде майдангердің отбасынан 23 немере, 50 шөбере, 6 немене тарап, алып бәйтерекке айналдық. Ұлы Жеңістің 70 жылдығында ел басына күн туғанда қолына қару алып, майданда қан кешкен есіл әкеміздің ерлігін еске алғанды жөн көрдік.

Жұмабек Сақыпбеков, майдангердің ұлы.

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар