Тағзым

Тағзым
ашық дереккөз
Тағзым

1418 күн мен түнге созылған зұлмат соғыстың аяқталғанына биыл 70 жыл. Осы мерейтой қарсаңында әкем туралы жазуды перзенттік борышым деп санадым.

Менің әкем Жайдарбек Бұзаубақов 1941 жылдың күзінде атам Бұзаубақ Райымбаев екеуі соғысқа аттанады. Алғашқыда әкемнен де, атамнан да хат-хабар келіп тұрған. 1944 жылдан бастап атамнан хабар үзілген. Соғыстан оралмады. Бұл жөнінде Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығына арналған «Боздақтар» кітабының 1 томында мәлімет бар. Одан кейін қанша іздеу салғанымен де атамның қабірінің қайда екенін әлі күнге дейін таба алмай келеміз. Ал әкем Жайдарбек 17 жасында соғысқа аттанып, Отанын, елін, жерін қорғау үшін аянбай күресті. Соғыс жылдарында Украина мен Белоруссия майданында болды, жауды жеңуге өз үлесін қосты. Соңғы рет Севастополь қаласы үшін шайқаста сол қол, сол иығына 2 рет оқ тиіп, үлкен жарақат алады. Содан 1944 жылдың күзіне дейін Лениногорск қаласының госпиталінде болады. Одан кейін өзі тағы сұранып, соғыс майданына аттанады. Соғыстың соңына дейін қан майданда болып, ержүректікпен елін, Отанын жау басқыншыларынан қорғауға атсалысады. 1945 жылдың мамыр айында әкем кеудесіне I-дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен 1941-1945 жылдары «Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалін тағып, ауылға ІІ топтағы Ұлы Отан соғысының мүгедегі болып оралған. Соғыстан кейінгі жылдары да әкем «мен мүгедекпін» деп қарап отырмады, бейбіт өмір тіршілігіне етене араласты. Ауылдық кеңестің хатшысы, төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Бірнеше лауазымдық қызметтерде болды. Халық қалаулысы атанды, аудандық, облыстық депутаттыққа да сайланды. Ерен еңбегі үшін бірнеше медаль, ордендермен марапатталды. Әкем өзі туып-өскен Бурыл ауылын көркейтуге де аянбай атсалысты. Ауылда Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған Жеңіс саябағы мен белгісіз солдатқа арналған монументті тұрғызуға мұрындық болды. Әкем тек қана майдангер, білікті басшы ғана емес, отбасында үлгілі әке, ауылда көмегін ешкімнен аямаған ел ағасы атанды. Шешем Жұмагүл екеуі 10 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, бүгінде әкемнің аялы алақанын, тәлімді тәрбиесін көрген ұл-қыздары білім, ғылым, өндіріс саласында абыройлы еңбек етуде. Бірі – ғалым, ғылым докторы болса, бірі – кәсіпкер, енді бірі – заңгер. Әкемнің пешенесіне Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойын көру жазбапты. Ол осыдан 14 жыл бұрын 2001 жылдың 22 ақпанында дүниеден озды. Әкемнің майданда, бейбіт күндері аянбай тер төккен қажымас еңбегі елеусіз қалмады. Қадірлеп сыйлайтын елінің өтініші бойынша Ұлы Отан соғысының 60 жылдығы құрметіне ауылдың белді көшесіне әкемнің аты берілді. Ұлы Отан соғысының 65 жылдығы қарсаңында Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепте «Бұзаубақов Жайдарбек» атындағы сынып бөлмесі ашылды. Жыл сайын мектепте «Жайдарбек оқулары» айдарымен мектеп оқушылары арасында ғылыми конференциялар өткізіледі. Ауылда, ауданда жыл сайын әкемді еске алуға арналған әртүрлі спорттық жарыстар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Ерліктің елге – мұра, ұрпаққа – ұран екенін ескерсек, аталарымыздың жасампаз істері мен даңқты жолын келер ұрпаққа өнеге ету бүгінгі ұрпақ – біздердің борышымыз.

Клара БҰЗАУБАҚОВА, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, «Жалпы педагогика және психология» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы.

Ұқсас жаңалықтар