Еліміздегі мемлекеттік мәні бар айтулы мерекелердің бірі – Отан қорғаушылар күні, ағымдағы жылы 9 мамыр – Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл, жойқын, алапат апат – екінші дүниежүзілік соғысқа әлемнің алпыстан астам мемлекеті қатысқан болатын. Күні кешегі тепсе темір үзетін жігіт, бүгінгі қазыналы қария, алдыңғы ұрпақтың айдынды айбыны, қарулы білегі, жеңіске деген сенімі мен ерік-жігері, қайрат күші арқасында 1945 жылдың 9 мамыры күні ата жау апанында тұншықтырылып, соғыс жеңіспен аяқталды. Сол мерейлі сәтке қол жеткізуге шыбын жандарын қауіп-қатерге тігіп жүріп, өзіндік үлес қосқан Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары бүгінде азайып келе жатыр. Ал оларды қамқорлыққа алып, ерлік істерін кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп насихаттау баршаның қасиетті парызы, борышы. Бұл ретте, облыстағы Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің және облыс аумағындағы әскери бөлімдердің офицерлері арасында жасалған жоспарға сәйкес, Ұлы Отан соғысының ардагерлері тиісінше қамқорлыққа алынып, оларға материалдық, медициналық көмек көрсетілуде.
Офицерлеріміз өздеріне белгіленіп бекітіліп берілген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің тұрмыс-тіршілігімен танысып, қажеттіліктеріне қарай қолдарынан келгенінше жәрдем көрсетіп отырады. Сондай-ақ, облыстағы жергілікті әскери басқару органдары алдын ала жасалған кешенді жоспарға сай Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шараларды жүзеге асыруды қамтамасыз етуде. Атап айтқанда, облыстағы Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен Т.Рысқұлов ауданындағы қорғаныс істері жөніндегі бөлім облыс әкімдігі білім басқармасымен бірлесіп, биылғы 10 ақпанда Т.Рысқұлов ауданының Ақыртөбе ауылындағы орта мектепте Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығын және Кеңес Одағы әскерлерінің Ауғанстан Республикасы аумағынан шығарылғанына 26 жыл толуын мерекелеуге байланысты, «Тараз барыстары», «Жастар әуе орталығы», «Қырандар», «Форсаж», «Жас шекарашы» және «Арыстан» әскери-патриоттық клубтарының қатысуымен «Ерлік сабағын» өткізуді ұйымдастырды. Ағымдағы жылдың 4 сәуірінде Отан қорғаушылар күніне және Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери басқармасының және облыстық Қорғаныс істері департаменті басшылығының қолдау көрсетуімен облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы облыстағы жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттері мен еңбек жастары арасында облыстық «Сұңқар» әскери-патриоттық ойындарын өткізді. Сол сияқты, департаменттің және облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшыларының бұйрығымен бекітілген командалық байқау өткізу бағдарламасына сәйкес биылғы сәуір айының 1-2 күндері аралығында бастапқы әскери дайындық оқытушы-ұйымдастырушыларының оныншы облыстық ән мен саптық байқауы өтті. Оның үстіне үстіміздегі жылдың 18 сәуірінде Тараз қаласындағы «Тараз -Арена» спорт сарайында аумақтағы жергілікті әскери басқару органдары арасында Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына және 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов атындағы спартакиада өткізілді. Аталған іс-шара облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен ұйымдастырылды. Онда облыстың он ауданы мен Тараз қаласынан құрамы 200 адамнан тұратын 12 команда сайысқа түсіп, күш сынасты. Спартакиаданың ашылу сәтінде жергілікті әскери басқару органдарында көп жыл қызмет атқарған біздің зейнеткерлеріміз, Ұлы Отан соғысының ардагерлері: полковник Гарафутдин Нурутдинович Галимовке және полковник Аркадий Бадмаевич Митрофановқа салтанатты түрде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісіне – 70 жыл» бірыңғай мерекелік медалі тапсырылды. Бүгінгі ұрпақтың баянды бейбітшілік жағдайында өмір сүріп, еңбек етуін жанқиярлық ерлік істері арқылы қамтамасыз етуге үлес қосқан ардагерлерді қалай ардақтаса да жарасады. Бұл ретте, биылғы сәуірдің 29-30 күндері облыста тұратын 232 ардагерге 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы құрметіне арналып, күмістен құйылған, салмағы 24 грамм болатын 500 теңгелік «Ұлы Жеңістің 70 жылдығы» мерейтойлық монеталары тапсырылды. Ал еліміздің бас қаласы – Астана қаласында өтетін әскери шеруге қатысатын он жеті Ұлы Отан соғысының ардагері ағымдағы жылдың 5 мамыры күні жолға шықты. «Ер есімі – ел есінде», демекші, бізге жарқын болашақ, бақытты ғұмыр сыйлаған алдыңғы буын, аға ұрпақтың ерлік ісі ешқашан ұмытылмайды. Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігімізге күн нұрындай мәңгі шуағын шашпақ. Ұлы Отан соғысын Жеңіспен аяқтап, ерлік шежіресіне есімдері жазылған аталары мен аналарының рухында тәрбие алған бір топ әскер қатарына шақырушылар 2015 жылдың 4 мамыры күні Тараз қаласындағы Тұңғыш Президент саябағында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарына салтанатты түрде шығарып салынды. Жауынгерлердің ерлігі мен жеңісті еңбегі ешқашан да ұмытылмайтындығы белгілі. Бүгінгі таңдағы, біздің азаматтық міндетіміз – болашақ ұрпақты Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға баулу, достық пен бірлік туралы түсінік беру арқылы оларды отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылады. Әрі бұл міндеттің үдесінен әрдайым шығатынымыз анық.
Бақыт Әбдібаев, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді