Қиындыққа қажымаған қайран әке

Қиындыққа  қажымаған  қайран әке
ашық дереккөз
Қиындыққа қажымаған қайран әке

Ел басына күн туып, ер етігімен қан кешкен қырғын соғыстың аяқтал­ғанына да аттай 70 жыл толыпты.  Селеудей селдіреп арамызда аз қалған майдангерлерді көрген сайын есіме әкем түседі. Ол кісі де майдангер еді. 

Ата ұрпақтың маңдайына тағдыр өмір тауқыметін тартқандай. Ес біліп, етек жиғаннан бейнетке жегілген. Бозбала шағы майдан даласында өткен. Қан майданнан тірі оралғандары күйзелген ауылдың еңсесін көтеруге тер төккен. Әйтеуір бар ғұмырлары нар көтермес қиындықпен өткен майдангерлердің алдында бас иемін. Әкем Нұрасыл Додабаев 1902 жылы Қордай өңірінде өмірге келген. Кедей шаруаның отбасында өскен ол ауыл молдасынан дәріс алады. Кеңес өкіметі орнаған тұста еңбекке араласып, комсомол қатарына қабылданады. Еті тірі, сауаты бар жасты колхоз басқармасы бастығына ұсынады. Осы өңірдегі алғашқы колхоз ұйымдастырушысы ретінде еңбек етеді. Елге де керек азаматты аудандық партия комитеті майданға жібермей, броньмен ауылда қалдырады. Өйткені тыл майданына да елге сөзі өтетін, ұйымдастырушылық қабілеті бар жарамды адамдар керек болған. Әкем майданға азық-түлік, киім-кешек жинауда жүктелген міндетті абыроймен атқарған. Елімізге жер ауып келген түрлі ұлт өкілдерін үйді-үйге бөліп, оларға қамқорлық жасаған. Соғыстың келесі жылы оқ тиіп, мүгедек болған жаралылардың алды елге орала бастаған. Олардың орнына әкем сықылды уақытша броньмен ауылда қалған азаматтар аттаныпты. 1942 жылдың күзінде артына 72 жастағы әкесін, 2 жасар баласы мен келіншегін қалдырып, әкем де қан майданға аттанады. Саратов қаласында қысқа мерзімді әскери оқу-жаттығу курсынан өтіп, Воронеж майданында ұрысқа кіреді. Орел, Тула, Ржев қалаларын жаудан азат ету ұрыстарына қатысады. 1943 жылы жазда атқыштар полкінің ефрейторы Н.Додабаев жаудың борап тұрған оғының астынан 6 жаралы жауынгерді алып шығады. Осы ерлігі үшін ол жауынгерлік «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. І Украина майданы әскері қатарында Житомир-Бердичевский операциясына қатысып Киев пен Житомир облысын, Венницкий және Ровенской облыстарын неміс басқыншыларынан азат ету соғыстарына қатысты. 1944 жылы сондай сұрапыл ұрыстың бірінде иығынан жараланып, госпитальға түседі. Екі саусағынан айырылады. Сонда да өз өтінішімен майданға қайта кіріп, Кенигсбергті азат етісіп, Жеңіс күнін Германия жерінде қарсы алады. Жауынгердің жорығы енді Қиыр Шығыста жапондармен болған шайқаста жалғасып, 1945 жылдың күзінде елге оралады. Майданда әбден ысылған әкем елге оралысымен ел еңсесін көтеру жолында аянбай тер төкті. Қаракемер, Кеңес елді мекендерінде колхоз бастығы болып абыройлы еңбек етті. Өмір бойы өзімен қатар қызмет істеген адал жары Шәмчия Ордабайқызы екеуі екі ұл, бес қызды өсіріп, өмір көшіне қосты. Зейнетке шыққан соң көп ұзамай 1966 жылы соғыста алған зардабынан өмірден озды. Артында қалған жары Шәмчия ұл-қыздарының өскенін, өнгенін көріп, немере-шөберелерінің ортасында бақытты ғұмыр кешіп, 1996 жылы қайтыс болды. Майдангердің өсіп-өніп жатқан ұрпағы өздеріне бақытты ғұмыр сыйлаған майдангер аталарының есімін естен шығарған емес.

Раушанкүл Додабаева.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар