Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен облыстық халық шығармашылығы орталығы «Ардагер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалымен бірлесіп «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер!» байқауын өткізген болатын. Байқаудың ән, би, көркемсөз оқу, сурет шығармашылығы, ұлттық аспапта ойнау номинациялары бойынша жеңімпаздары республикалық фестивальге жолдама алған еді.
Жуырда Астана қаласының Конгресс-Холл залында аталмыш фестивальдің республикалық қорытынды айналымы өтіп, оның жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне арналған гала-концерт ұйымдастырылды. Фестивальге еліміздің әр облысы мен қалаларынан 250-ге жуық шығармашылық ұжымдары мен әртүрлі жанрдағы жеке орындаушылар қатысып, өнерлерін паш етті. Облысымыздың намысын қорғап барған үміткерлеріміз биіктен көріне білді. Айталық, аспаптық орындаушылық номинациясы бойынша І орынды сарысулық қобызшы Балтабай Дәуірбеков, ІІ дәрежелі жүлдені тараздық сырнайшы Николай Макаров жеңіп алса, вокал номинациясы бойынша «Катюша» әнін әуелете шырқаған «Ардагерлер» ансамблінің дуэті және өткір сөздің шебері номинациясы бойынша меркілік Есен Балақұлова да ІІ орын мінберінен көрінді. Ал аталмыш ансамбльдің жетекшісі Жақсылық Досаев фестивальдің финалдық кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы марапаттау рәсімінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтап, шығармашылық табыс тілеген сәтінде де ескеріп өтті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Бол риза анашым, қолдағы осы бар...
- 28 сәуір, 2026
Жарылыс салған жара әлі жазылғанжоқ
- 28 сәуір, 2026
Ақпарат
ЖИ: шетелде қалай, бізде қалай?
- 31 наурыз, 2026
Тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
- 31 наурыз, 2026
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алудың талабы қандай?
- 31 наурыз, 2026
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




