Соғыс қаншама адамның жүрегі мен жанын сыздатып, қасірет шеккізді десеңізші! Ата-ананы ұлынан, ініні ағадан, баланы әкеден, бойжеткенді сүйгенінен, келіншекті жарынан айырып, талай тағдырды зар қақсатқан. Арада жетпіс жыл өтсе де соғыс салған таңба ұрпақтардың жадынан ұмытылмайды. Керісінше, тарихының шынайы беттері айқындалуда. Сол бір зұлмат жылдарда менің де атамның жеңісті жақындатуда қосқан үлесі бар екенін ойлап кеудемді мақтаныш сезімі кернейді. Небір қилы кезеңдерді бастан өткізер соғыс және еңбек ардагері – атам Бақыпбай Саршаұлы от пен оқтың ортасында Отан үшін жан аямай шайқасқандардың бірі. Ол 1905 жылы Жамбыл ауданы, Шайдана ауылында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласқан, діндар кісі болыпты. Өмірдің тауқыметін көп тартып, қайнауда шыныққан болаттай қайратын жани түскен атамыз 1942 жылы қатарластарымен бірге майданға аттанады. Отағасы, бауыры, ұлдары Жолдасбек, Мұратбек майданға кеткеннен кейін әжеміз Қалампыр сол тұстағы барлық ауыртпалықты иінімен көтеріп, жеңісті жақындату жолында тылда қажымай, талмай еңбек еткен. Соғыста екі бірдей ұлы бірінің артынан бірі қаза болады. Сонда әжеміз: «Бақыпбай бір атадан жалғыз еді. Соғыста олай-бұлай болып кетсе, ошағының оты сөнетін болды- ау!» – деп қан жылап қайғырған екен. Сол тілегі қабыл болып, зұлмат қырғыннан атамыз аман оралады. Атам Бақыпбай Саршаұлы Калинин маңында болған шайқастардың бірінде ауыр жараланып, госпитальда ұзақ емделіп, елге оралған. Жарақатына қарамай шаруаға бел шеше араласқан атамның соғыстан кейінгі бар ғұмыры мал шаруашылығы саласында өтіпті. Соғыс жылдары қос ұлынан айырылған атамыз бен әжеміз 6 ұл, 1 қыз өсіріп, бүгінде олардан немере-шөберелер тарап, ұрпақтары қара шаңырақты биіктетіп, керегесін кеңейтіп отыр. Жеңістің 70 жылдығымен қатар атамыздың туғанына биыл 110 жыл толмақ. Отан үшін от кешкен майдангер ерлігі мен еңбегін еске алу артынан ерген ұрпағының бірі ретінде менің де парызым деп білемін.
Ақерке Бахытбай, ТарМУ-дың 2-курс студенті.
Жамбыл ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді