«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұлт бірлігі – ұлы байлық

Ұлт бірлігі – ұлы байлық
ашық дереккөз
Ұлт бірлігі – ұлы байлық
Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі облысымызда кеңінен аталып өтті Ынтымақтың ырысқа бастайтынын жете түсінетін отандастарымыз Қазақстан халқының бірлігі күнін жыл сайын сән-салтанатпен атап өтеді. Ал биылғы мерекенің жөні тіптен бөлек болды. Күні кеше ғана өткен кезектен тыс Президент сайлауына белсене қатысып, үлкен ұйымшылдық көрсеткен тұрғындар Мамыр мерекесін шалқар шабытпен, көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.  src= Осы күні Тараз қаласындағы орталық «Достық» алаңына жиналған жұртшылықтың қарасы қалың болды. Жиылған көпшілікті облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. – Бүгін біздің ортақ үйіміз, туған Қазақстанымыздың ең басты мерекелерінің бірі– Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтудеміз. Бұл мереке – ел бірлігін берекеге ұластырып, ұлы істердің жолында ұйысатын күн. Бұл мереке – Ұлы Отанымызға деген мәңгілік сүйіспеншілігімізді ұлықтап, қазақстандық патриотизмді паш ететін күн. Ендеше, бірлік пен берекенің, ынтымақ пен ырыстың жарқын мерекесі құтты болсын, ағайын! Бірлік мерекесі ел тарихындағы ерекше күнмен тұспа-тұс келіп отыр. Бүкіл халық таңдаған Президентімізді, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Қазақ елінің киелі Тұғырына қайта көтердік. Біз Елбасын таңдай отырып, Қазақстан халқының тұтастығын тұрақтандырдық. Бұл – еліміздегі сарабдал саясаттың салтанат құрған күні. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз, ортақ тағдырымыз. Баршаңызды Елбасының ресми түрде өз қызметіне кірісуімен шын жүректен құттықтаймын! Президенттің дана саясатының арқасында іргеміз бекіп, еңсеміз көтерілді. Дамудың даңғыл жолына түстік. Әлемде абыройымыз артты. Ынтымағымыз нығайды. Қазақстан халқы Ассамблеясының іргетасы қаланды. Әлемде теңдесі жоқ бұл институтқа биыл 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде, Елбасымыз атап өткендей, халық Ассамблеясы біздің көпұлтты халқымыздың бірлігін сақтайтын мәңгілік қорғанына айналды. Ол қазақстандықтарды ортақ Отанымыздың баянды бүгіні мен ұлы болашағы жолында біріктіре түсуде. Ұлт бірлігі – ұлы байлық, ұлы бақыт. Бақыт бағалай білгеннің ғана басында тұрады. Ең асыл қазынамыз – бірлігімізді көздің қарашығындай сақтай білсек, барлық асулардан асамыз. Алдымызда Қазақстанның жаңа серпінмен дамуының негізі – бес халықтық реформаны табысты жүзеге асырып, болашағы біртұтас елге айналу міндеті тұр. Оларды іске асыруға болашағы ортақ ұлт қана қабілетті. Мемлекет басшысы ұсынған халықтық реформаларды орындауда жамбылдықтар да аянбай еңбек етіп, абырой биігінен көрінеді деп сенемін. Ол үшін облыста барлық мүмкіндіктер бар. Облыс экономикасы күннен-күнге дамып келеді. Қол жеткен жетістіктеріміздің барлығы да облыс тұрғындарының елеулі еңбегінің, берекелі бірлігінің арқасы. Елбасы атап өткендей, біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан. Ынтымағымыз бен бірлігіміз мәңгі жасай берсін, ағайын! Мерейлі мерекеміз құтты болсын! – деді облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев. Облыс басшысының мерекелік құттықтауынан кейін мекеме-кәсіпорын ұжымдарының салтанатты шеруіне кезек берілді. Шеруді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ардагерлері мен облыстағы 25 этномәдени бірлестіктің жетекшілері бастап шықты. Шеру барысында өңірде тұратын 87 этнос өкілдерінің облыстың стратегиялық жоспарларын іске асыруға белсене қатысып келе жатқандықтары мақтанышпен атап өтілді. Бір шаңырақтың астына топтасқан тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір ұлттар өкілдерінің алаң ортасында «ҚХА-20» деген жазуды құрайтын әр алуан шарларды көкке ұшыруы әсерлі шықты. Көпшілік мұның Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған сыйлық екенін бірден ұғынғандай дүркірете қол соғумен болды. Сол секілді өзге ұжымдар да шеруге бір-бірінен ерекшеленіп шықты. Мысалы, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы Жамбыл жол бөлімшесі паровоз бейнесінде безендірілген көлікпен шықса, облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ұжымы құрылысшылардың жұмыс үдерісін көрсете жүріп өтті. Сонымен қатар облыс әкімдігінің басқа да басқармалары, Тараз қалалық әкімдігінің бөлімдері, жоғары және арнаулы оқу орындары, іргелі кәсіпорындар, өзге де көптеген мекеме ұжымдары салтанатты шерудің шырайын кіргізді. Мерекелік шеру «Жас дәурен» би тобының «Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз» атты композициясымен аяқталды. Осы күні кешкісін қала тұрғындары мен қонақтары орталық «Достық» алаңында мерекелік концертті тамашалады. Мәні зор, маңызы терең осындай шаралар облысымыздың барлық ауданында да өткізілді. Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол». Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар