«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әкім бол, халқыңа жақын бол!

Әкім бол, халқыңа жақын бол!
ашық дереккөз
Әкім бол, халқыңа жақын бол!

15Облыстың халық қалаулылары Кәрім Көкірекбаевтың кандидатурасын бірауыздан қолдады

Бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс XXXVI сессиясының күн тәртібінде облыс әкімі лауазымының кандидатурасына облыстық мәслихат депутаттарының келісімін беру туралы мәселе қаралды.

Облыстық мәслихаттың депутаты, сессия төрағасы С.Ақпаев, сессияны ашқан кіріспе сөзінде: «Еліміздегі аса ірі саяси науқан – Президент сайлауы аяқталды. Елбасымыз мемлекет тізгінін қайта қолға алды. ҚР Конституциясының 87-бабының 5-тармағына сәйкес, жаңадан сайланған Президент қызметіне кіріскен кезде Астана және Алматы қалалары мен облыстар әкімдерінің өкілеттіктері тоқтатылады», – деді. Осыған орай, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың облыс әкімін қайта тағайындау үшін, облыс әкімі лауазымына Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаевтың кандидатурасын ұсынып, облыс депутаттарына жазған ұсыныс хатын оқып берді.

16Күн тәртібінде қаралған мәселеге орай, облыс әкімі лауазымының кандидатурасын қолдап, депутаттар бірауыздан дауыс берді. Сессия шешіміне сәйкес, облыс әкімі болып Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев тағайындалды. Сессия шешімінен кейін, халық қалаулылары облыс әкімін құттықтап, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Асаубай Майлыбаев, депутат, облыстың Құрметті азаматы: – Лауазымды қызметте, өзі бағындырған биікте еңбек етіп жүрген әрбір азаматтың маңдайының бағы, талайы болады. Елбасымыздың бұрыннан өзімізбен бірге жұмыс істеп келе жатқан, барлығымызға етене таныс азамат Кәрім Нәсбекұлының кандидатурасын бекітіп беруді сұрағанының өзі біз үшін де, Кәрім Нәсбекұлы үшін де үлкен құрмет деп ойлаймын. Биылғы жылғы саяси өрлеуінде біздің мемлекетіміз Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы сынды ірі-ірі саяси науқандарды өткізгелі отыр. Әсіресе, елдігіміз үшін айрықша мереке – Қазақ хандығының 550 жылдығының біздің облыста аталып өтетіні Кәрім Нәсбекұлына артылған сенім екені анық. Бұл облыс халқына да артылған зор сенім, үлкен жауапкершілік деп ойлаймын. Кезінде Тараздың екі мың жылдық мерейтойы облыста дүркіреп өткен болатын. Саяси маңыздылығы жағынан Қазақ хандығының торқалы тойы да әлем назар тігіп отырған айтулы дата. Тарихта бір-ақ рет келетін үлкен мерейтой. Ел тарихындағы еңселі мерекені өткізу міндеті облысымыздың әкімінің құзырына берілуімен қалай мақтанса да жарасады. Кәрім Нәсбекұлы сізді осы жеңісіңізбен, сізге деген елдің сенімімен құттықтаймын. Сол сенімге қолдау көрсетіп отырған баршамыздың үмітімізді де ақтайтыныңызға ешқандай күмән келтірмеймін. Дария Қожамжарова, депутат, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры: – Расында да бүгінгі күнді облыс тарихындағы ерекше тарихи сәт деп айтуымызға болады. Күні кеше ғана облыс халқының бірлікпен қатысуының арқасында үлкен саяси науқан – сайлауды ұйымшылдықпен өткердік. Елбасымыздың мемлекет тізгінін қайта қолға алуына біз де үлесімізді қостық. Соның нәтижесінде бүгін міне, жаңа белеске көтеріліп отырмыз. Жалпы мен тарихшы маман ретінде екі нәрсені баса айтқым келеді. Біріншісі, Елбасымыз өзінің бір сөзінде «Елім үшін, халқым үшін бәйгеге бас тіккен адаммын» дегені бар еді. Осы сөздің бір ұшы бүгінге дейін облысымызды басқарып, қазір қайта тағайындалып отырған Кәрім Нәсбекұлына да қатысты деп ойлаймын. Өйткені, басшы азаматтың елдің өркендеуі мен халықтың тұрмысын жақсарту жолында басын бәйгеге тігері даусыз. Бұл бір жағынан халықтың да сенімі. Екінші айтарым, қазақ халқы өзінің қазіргі жайлап отырған мекенін сонау ықылым заманнан иеленіп келеді. Қазақ хандығының құрылғанына – 550 жыл. Бұл тойдың біздің облысымызда тойланатыны да кездейсоқ емес. Сондықтан бастаған жұмысыңызды өзіңіз соңына дейін жеткізіп, алдағы мақсаттарыңызды өзіңіздің басшылығыңызбен орындауыңыз құба-құп деп ойлаймын. Масат Әшімұлы, депутат, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: – Президенттің сенімі деген – үлкен сенім. Елбасы Кәрім Нәсбекұлына сондай сенім артып отыр. Кәрім Нәсбекұлы ол сенімнің үдесінен шыға алады деген үлкен сенім бар бізде де. Өйткені, ол кісімен көп жылдан бері қатар еңбек етіп келе жатырмыз. Кәрім Нәсбекұлының басшылық лауазымдағы іскерлік қабілетін, парасат-пайымын жамбыл жұртшылығы да жақсы біледі. Облыс әкімі ретінде Кәрім Нәсбекұлы – кез-келген көкейкесті мәселеге бейжай қарамайтын, облыс орталығынан бастап, әрбір ауданның, әрбір ауылдың жайына алаңдап, ондағы ахуалды көзбен көруге ұдайы асығып тұратын басшы. Сіз жалғыз емессіз. Сіздің осында тілеулестеріңіз отыр. Бәріміз бірлесіп, Елбасының сенім үдесінен шығамыз деген ойдамыз. Облыс депутаттарының ақжарма тілегі, құттықтау лебізінен кейін облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы сөз алып: – Алдымен Елбасына айрықша алғысымды білдіргім келеді. Себебі, өзімнің туып-өскен жеріме қайтадан әкім болып тағайындалып жатқаным – маған үлкен мақтаныш. Өзімнің барлық тәжірибемді, білімімді облысымыздың өсіп-өркендеуіне жұмсайтын боламын. Сіздерге менің кандидатурамды қолдап, бірауыздан дауыс бергендеріңіз үшін рахмет айтамын. Жалпы, облыс жұртшылығы күні кеше ғана өткен саяси науқанға бірауыздан белсене қатысты. Бұл біздің мызғымас бірлігімізді көрсетері анық. Елбасы ұлықтау рәсімінде өзі ұсынған бес халықтық реформа бойынша үлкен тапсырмалар жүктеді. Алдымызда басқа да көптеген міндеттер күтіп тұр. Бұдан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасы, «Қазақстан–2050» Стратегиясы біздің ауқымды мақсаттарымызға бұрынғыдай бағдаршам болып қала береді. Осының барлығын бәріміз бірге атқаруымыз керек. Жоғарыда өздеріңіз айтып өткендей, биыл өзі қасиетті жыл. Елдігіміз үшін айрықша болып табылатын мерекелердің тоғысқан жылы. Ең бастысы, Қазақ хандығының 550 жылдығын өткізу – бізге үлкен жауапкершілік. Бұл жауапкершілікті баршамыз бірлесіп сәтті атқарамыз деп ойлаймын, – деді. Сессия жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімі меңгерушісінің орынбасары Серік Егізбаев қатысып отырды.

Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол»

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар