«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Майдангерді марапаттады

Майдангерді марапаттады
ашық дереккөз
Майдангерді марапаттады

Жеңісті жақындатқан жампоздарымыздың жылдан-жылға қатары кеміп, сирей түсуде. Бұл да уақыттың еншісіндегі іс қой. Дегенмен, елі үшін етігімен қан кешіп, оқ пен оттың ортасында жаумен жан аямай күрескен майдангерлер ерлігі ешқашан ескерусіз қалмақ емес. Әсіресе, биылғы айтулы мереке қарсаңында мекеме, ұйым, кәсіпорындар тарапынан ардагерлерімізге айрықша құрмет көрсетілуде. Еңбек және әлеуметтік қорғау, көші-қон комитеті облыстық департаментінің ұжымы да мұндай игілікті істен шет қалмады. Аталған мекеменің басшысы Әлімқұл Тұрысов бұрнағы күні Тараз қаласында тұратын соғыс ардагері Василий Полуляхтың шаңырағына арнайы барып, алдағы Жеңіс мерекесімен құттықтап, ұжым атынан сый-сияпаттарын жасады.

Кеуделері орден мен медальдарға толы ерлі-зайыпты ардагерлер Василий Трофимович пен Екатерина Тимофеевна ұжымның көрсеткен құрметіне марқайып, көңіл-күйі көтеріліп-ақ қалды. Мекеме қызметкерлерінің өздерін елеп, ескеріп келгеніне алғыстарын айтып, еліміз енді соғыс қасіретін көрмесін деген тілектерін жеткізді. Қарт жүзіне күлкі мен мейірім үйіріліп, сол бір күндер естелігін естеріне түсіріп те жатты. «Бұл жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Жер жүзін шарпыған сол сұрапыл соғыста қаншама боздақтарымыздан айырылдық. Бірақ, олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Бізді осындай бейбіт күнге жеткізген майдангерлерге, тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсету – кейінгі ұрпақтың парызы. Осыны ескеріп, ұжымымыз ай сайын өз қамтуымыздағы соғыс ардагерлерінің жағдайын біліп, тиісінше қажеттіліктерімен қамтамасыз етіп отырады», – дейді Әлімқұл Мәметәліұлы. Майдангер отбасына бұл жолы өздерінің өтініштері бойынша кір жуатын машина тарту етілді.

Наурызбек САРША,  «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар