«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үлгі-өнегесі үзілмейді

Үлгі-өнегесі үзілмейді
ашық дереккөз
Үлгі-өнегесі үзілмейді

Қорағатылық Доқтыркүл Есіркепқызы 42 жыл бойы мектепте ұстаздық етіп, балаларды білім нәрімен сусындатып, аналық мейіріммен тәрбие беріп, олардың жақсы азамат болып өсуіне өзіндік үлесін де қосты. Шәкірттері өмірден өз орындарын тапқан. Бірқатары апайын үлгі тұтып, мұғалімдікті қалапты. Қай-қайсысы да еліміздің түкпір-түкпірінде халыққа қызмет етіп жүр. Ұстаз үшін бұдан асқан бақыт бар ма? Доқтыркүл апай мұғалімдік оқуға (Жамбыл педагогикалық училищесі) туған жері Өрнек ауылындағы мектептің сегізінші сыныбын бітірген бойда келіп түскен. Кейін Жамбыл педагогикалық институтын математика мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын Бірлес сегіз жылдық мектебінде бастап, әр жылдары Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарындағы Бесағаш, Қорағаты, Т.Рысқұлов орта мектептерінде бастауыш сынып мұғалімі болды. Бірлестік жетекшісі, интернат меңгерушісі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып, мектепішілік қоғамдық жұмыстарға да белсене атсалысты. Түрлі деңгейдегі мерзімдік басылымдарда мақалалары, жаңа технология негізінде өткізген сабақтары жиі жарияланып тұрды. Міне, осы дүниелерін жинақтап, «Мамандығым – мақтанышым» атты кітабын шығарған апай әлі де тынбай іздену үстінде. Жуырда белсенді авторы ретінде жас ұрпаққа білім мен тәрбие берудегі жемісті еңбегі үшін республикалық ғылыми-әдістемелік және педагогикалық «Бастауыш мектеп» журналының Құрмет грамотасына да ие болды. Қазіргі таңда Доқтыркүл әпкенің еңбегін Қорағаты орта мектебінің ұжымы лайықты бағалап, оның атына арнайы кабинет берді. Ұзақ жылдар бойы еңбек еткен мектебінің бұл құрметіне ризашылығын білдірген ұстаз тәжірибесімен бөлісіп, кабинеттің әдістемелік, көрнекі құралдармен жабдықталуына көмектесіп отыруды өзіне парыз санайды. Өз мамандығын жүрек қалауымен таңдағандықтан болар, зейнетке шықса да мектептен қол үзгісі келмейді. Ұлағатты ұстаздың үлгі-өнегесі үзілмей, бүлдіршіндерге деген қызметі осылай жалғаса бермек.

Мереке Ержанұлы, журналист.

Т. Рысқұлов ауданы. 

Ұқсас жаңалықтар