Ауылға ат беру бір жылға тоқтатылды

Ауылға ат беру  бір жылға тоқтатылды
ашық дереккөз
Ауылға ат беру бір жылға тоқтатылды

Аудан әкімінің аппараты облыстық «Ақ жол» газетінің үстіміздегі жылғы 20 қаңтардағы № 7 санында жарық көрген «Ерназар емес, «Ақша батыр» болуы керек» атты мақалаға орай төмендегіні хабарлайды. Тарихи географиялық атауларды сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ, азаматтардың байырғы халықтық және тарихи қалыптасқан атауларға құрметпен қарауын қалыптастыру үшін әкімшілік-аумақтық бірліктерді жаппай кісі есімімен атауға жол бермеу туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің былтырғы жылғы 3 шілдедегі № 13-02-32 \884-И хатына сәйкес елді мекендерге жеке адамдардың есімін беруге шектеу қойылғаны белгілі. Алайда «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 138 қаулысына сәйкес ауыл тұрғындары «Ауылдың атауын өзгерту туралы» ұсыныс енгізген болатын. Енгізілген ұсынысқа сәйкес аудан әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі облыстық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады. Әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау мәселесі облыстық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімімен өзгертіледі. Сондықтан жоғарыда аталған мақаладағы ауылдың атын өзгерту – облыстық ономастика комиссиясының құзырында. Ағымдағы жылдың 30 қаңтарында ҚР Президенті әкімшілігінің басшысы Н.Нығматуллиннен, міне, осы атау беру және қайта атау мәселесін 2016 жылға дейін тоқтата тұру туралы хат та келді. Мұндай шара қабылдануы республика көлемінде атау беру және қайта атау бойынша ұсынылған құжаттардың 80 пайызға жуығы нысандарды жаппай кісі есімдерімен атау жөнінде түсуімен байланысты болып отыр.

Рүстем ДӘУЛЕТ, аудан әкімі.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар