Жайлыштың талайлы тағдыры
«Мынау менің әкем туралы жазылған мақала. Осыдан жиырма жыл бұрын аудандық газетке жарияланған. Сайлаубайдан қалған жалғыз тұяқ Жайлыштың өмірі осылайша қағазға қатталыпты. Кезінде ақын-журналист, марқұм Кәріпжан Нүсіп әкемнің басынан кешкен оқиғаларын өз аузынан естіп, жазып алған екен». Осыны айтқанда оның даусы дірілдеп шыққандай болды. Басымды көтеріп, жүзіне барлай қарадым. Ақсары өңі алабұртып кетіпті. Толқынысын қанша басуға тырысқанмен, іштегі сезім бой бермеген секілді. Әкеге деген құрмет, сағыныш, бәрі-бәрі лықсып кеп, көмейіне тығылғандай құмығып отырып қалды.
Ол өзін Алтынаймын деп таныстырған. Әкесі Жайлыш Сайлаубаев туралы әңгімелеп берді. Екі соғысты көрген майдангер жайлы деректер мен жинақтаған мәліметтерін көрсетті...
Жазмыштан қашып құтылған пенде жоқ-ау, сірә. Пешенесіне жазылған тағдыры шығар, әйтпесе, бала Жайлыш ашаршылықтан аман қалармын деп ойлады ма? Жаппай қазаққа келген нәубет қой. Дегенмен, әкесі Сайлаубайдан, інісі Жапар мен анасы Жұмакүлден айырылғанда жалғыз қалғаны оның жанына қатты батқаны анық. Жиырма жыл бұрын жарияланған «Қиындықта шыңдалған қария» атты мақалада жазылған мына бір естелік осы ойымды айғақтай түскендей.
«1932 жылдың қаһарлы қысы, жапалақтап қар жауып тұр. Анасы үйіндегі бір текеметін сатып, өзегін жалғайтын тағам алып беріп, Ақыртөбеге ертіп келді де пойызға салып тұрып: – Жайлышым менің, мен сені далаға тастайын деген ойда емеспін. Әкең мен бауырыңды қара жер құшағына тапсырдық. Менің де қаншалықты өмір сүретінім белгісіз. Қауқарым да шамалы. Сен осы пойызбен Жамбыл стансасына жет. Ауылдан гөрі құжынаған халық ортасы ғой, көппен бірге бір күн көрерсің. Егер қамқоршы адам табыла қалса, одан қашпауға тырыс. Хош сау бол, қалқам!- деген сөзі Жайлыштың әлі есінде».
Жалғыздың көрер жарығы бар екен. Жамбыл стансасында бала Жайлышты милиция тауып алып, қаладағы балалар үйіне өткізіпті. Қиындық адамды ерте есейтеді емес пе?! Үш жылдай балалар үйінде жүргенде анасы мен туған ауылы ойынан шықпайды. Ақыры шыдамы таусылған соң бесінші сыныпты бітіргенде ауылына оралады.
Баяғы қараша үйдің қазан-ошағы қайта көтерілді дегенмен, бұрынғыдай думан жоқ. Үңірейіп, біртүрлі суық. Содан ба ол жұмыс істеп, үйден гөрі түзде жүргенді тәуір көретін. Қара жұмысты да ауырсынбаған, қой да баққан. 1940 жылы әскерге шақыртылады. Ленинград қаласында жаяу әскер сапында өз борышын адал атқарып жүргенінде соғыс басталады.
От пен оқтың өтіндегі жаумен арпалыс. Қай сәтте ажал құшары белгісіз. Жайлыш осыдан жеті жыл бұрын Жамбыл стансасында жалғыз қалып, өзегі талып, талмаусырағанда ажалмен бетпе-бет кездесіп еді. Сол тажал тағы да алдынан шыққан. Күн демей, түн демей қапы қалып, қия басқанын аңдитын секілді. Псков, Рига қалаларын жаудан тазартқан шайқастарда сол «сұмның» тіпті жақын келгенін сезінген. Бірақ, әлі де көрер тауқыметі көп екен. Өлмеді. Жауынгерлер Жеңіс мерекесін тойлап жатқанда бұларды Жапон соғысына аттандырған...
Туған жердің дәм-тұзы тартқан шығар, жауынгер Жайлыш Сайлаубаев 1946 жылы елге оралады. Келе білек сыбанып, жұмысқа кіріседі. Ел іші жұтаң. Қара нан мен қара суды талғажау еткен жұртшылықтың жағдайын оңалту керек. Ерге жүктелер осы бір міндетті айқын сезінген майдангер трактор жүргізіп, жер жыртады. Егістікті өңдейді. Комплексті егіс бригадасын басқарады. Сол кездерде колхозда төрағалық еткен Шәуе Сәлімбаев, Тұман Ахметов, Қанатбай Еркінбаев сынды азаматтармен бірлесе еңбек етіп, шаруашылықтың ісін өрге бастырады.
Ол жетекшілік ететін бригада 1955-56 жылдары мол өнім алып, көзге түседі. Соның арқасында 1955 жылы Мәскеудегі Бүкіл одақтық халық шаруашылық көрмесіне қатысуға мүмкіндік алады. Жалпы, Жайлыш Сайлаубаев Мәскеудегі көрмеге төрт рет барған. Алғашында күміс медальға ие болса, кейінгі еншілегендері – қола жүлде.
Жайлыш Сайлаубаев қандай жұмыс тапсырылса да, артылған сенімнің үдесінен шыға білген. Ауданда қант қызылшасын өсіру қолға алынғанда, ауыл жұртына беймәлім істің бар бейнетін көтеру соған жүктеледі. 1964-65 жылдары қант қызылшасы плантациясының әр гектарынан 480 центнерден өнім алып, бұл міндетті де абыроймен орындайды.
Ердің еңбегі еленді деген осы. 1986 жылы Жайлыш Сайлаубаев «Құрмет белгісі» ордені мен «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медалімен марапатталды. Ал 1965 жылы 5 наурызда Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының және Қазақ Министрлер кеңесінің қаулысы бойынша ауылшаруашылық өнімдерін өндіруді арттырудағы ерен еңбегі үшін Жайлыш Сайлаубаевтың есімі Қазақ КСР-інің Құрмет Алтын кітабына жазылды. 1974 жылы Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген, 1980 жылы «Құрметті колхозшы» атағын алды.
Тағдыр ғой. Сайлаубайдан қалған жалғыз тұяқ Отанын қорғап, соғыстан аман келді. Еңбек майданында да бел жазбады. Шаңырақ көтеріп, 12 ұл-қыз өсірді. Бейбіт күннің шапағын көрді. Ал ұрпақтары әкенің Ұлы Отан соғысында алған «І дәрежелі Отан соғысы» ордені мен «Отан соғысы жылдарындағы ерлігі үшін» медалін қымбат жәдігердей сақтап отыр.
Егер тірі болса, ардагер Жайлыш Сайлаубаев биыл 95 жасқа толар еді. Дегенмен, өмірден өтсе де, оның есімі ұмытылған жоқ. Өзі туып-өскен Тереңөзек ауылында бір көшеге майдангердің есімі берілген. Майдангерге арнап белгілі музыкант-композитор Нұрлан Байкөзов ән арнаған. «Жан әке» атты әннің сөзін ардагердің ұлы Айбек Сайлаубаев жазған. Жан әке Жан әке, алтын мүсін көктегі,
Әр сөзің асыл жырым жүректегі.
Алатау өзіңді іздеп самал әнмен,
Аңсайды туған жердің гүл бөктері.
Қайырмасы:
Жан әке асқарымсың,
Арман ән, асқақ үнсің.
Жан әке алға тартар,
Ақ нұрын шашқан күнсің.
Жан әке еркелетіп айналғаның,
Арманға айналарын ойланбадым.
Жанымды мұңға бөлеп аңсаттың-ау,
Дейсің бе еркелікті ойлан, сағын.
Жан әке өмір жолың – өлең дастан,
Өмірлік өнеге алып келем жастан.
Қатерге тігіп басын жолымды ашқан
Жан әке, әке бар ма сенен асқан. Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол». Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Болашақ сарбаздар бірқатар сараптамадан өтуге міндеттелді
- 29 қазан, 2024
Кітапханадағы келелі кездесу
- 29 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді