Бағдаршам бақылауда ма?

Бағдаршам бақылауда ма?
ашық дереккөз
Бағдаршам бақылауда ма?

20Халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарған сайын қалада көлік құралдары да көбейіп келеді. Рас, кейбіреулер тұрмыстық, қызметтік қажеттіліктен темір тұлпарды тізгіндеп жүрсе, кейбір азаматтар дәулетінің деңгейін көрсету мақсатында тәуір көлік мінуге құмар. Әрине, олардың тұрмысын қызғанып отырған біз жоқ. Бізді соның салдарынан қозғалыстың қиындап, кептелістен көз ашпай келе жатқанымыз алаңдатады. 

21Жақында облыстық әкімдікке жиі баратын қызметтік көлік жүргізушілерімен болған бір әңгімеде Абай мен Қазыбек би көшелерінің қиылысында да таңертең жағдай қиындап кететінін естіген едік. Нақты айтсақ, Қазыбек би көшесімен облыстық әкімдік жақтан батысты бетке алып келе жатқан көлік Абай көшесін қиып өтерде біраз уақыт кідіріп қалады. Себебі бұл бағытқа арналған бағдаршамның жасыл көзі небәрі он секунд қана жанады екен. Бұған өзіміз де арнайы барып көзімізді жеткіздік. Бағдаршамның жанып тұрған жасыл шамы жеті секунд болғанда жанып-өшіп, үш секундтан кейін қызылы қайта жанады. Ал осы саусақпен санарлық қана уақытта қиылыстан ең көбі 3-4 көлік өтіп үлгереді. Таңертең біраз жерге дейін тізіліп қалған темір тұлпар иелері Абай көшесіне жетемін дегенше біраз уақытын жоғалтып жатады. Біз осы мәселенің анық-қанығын білу мақсатында облыстық ішкі істер басқармасының баспасөз қызметіне қоңырау шалып, дәл осы көше қиылысындағы жағдай бойынша қандай да бір шағым түскен-түспегені жайлы білмек болдық. Дегенмен, ондағы мамандар әзірге департаментке түскен еш шағымның жоқтығын мәлімдеді. Мұндай ақпаратты департаменттің әкімшілік басқармасы жол және техникалық инспекция бөлімінің бастығы Самат Құсайынов та жеткізді. – Сіздер бірінші болып шағымданып отырсыздар. Біз алдағы жұмыс барысында мұны ескереміз. Баспасөз қызметінің мамандары мән-жайды түсіндірген соң біз бағдаршамдарды реттейтін «СМУ» компаниясына дереу ұсыныс бердік. Олар енді жуық арада сол көше қиылысындағы көліктер легі бойынша өз сараптамаларын жасауы керек. Егер шын мәнінде бағдаршамда бір ақаудың бары немесе дұрыс есептелмегені анықталса, жағдайды реттейміз, – дейді бөлім бастығы. С.Құсайынов бізге ол бағыт бойынша өтетін көліктер легінің тым аздығын айтып, оны қалыпты жағдай деп түсіндірді. Дегенмен, таңғы қарбаласта және облыстың бас әкімшілік ғимаратында өтетін үлкен жиналыстардан қайтар кезінде көліктердің қиындыққа тап болып жүргені жасырын емес. Бұл мәселені тиісті мамандар ретке келтірер деген үміттеміз.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ,  «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар