Жауынгер жолы

Жауынгер жолы
ашық дереккөз
Жауынгер жолы

немесе қызыл әскер қатарынан қан майданға дейін

Зар заман. Елдің мұңы да ортақ, талайлы тағдыры да ұқсас. Сайын даланы мекен еткен жауынгер халықтың ұрпағын шар болаттай ширықтырған тілек те жалғыз. Ол – туған жерді жау табанына таптатпау. Осы ой бозбаланы ерте есейтті, ердің жігерін жаныды. Көпшілігі әскери комиссариатқа барып, соғысқа жіберуді сұранды. Ағаның кегін алуды, ана мен баланың амандығын ойлаған азаматтар қолдарына қару алып, елін қорғауға аттанып жатты. Ал таластық Рәпілбек Ұлтанбаевтың тағдыры өзгеше өрбіген. Соғыс басталғанда ол әскери машықты меңгерген сақа сардар еді.

Бала күнінен ат жалын тартып мінген Рәпілбек Ұлтанбаев Фин соғысында атты әскер сапындағы шайқастарда ептілігімен тез көзге түскен. Оның үстіне қызыл әскер қатарында Оңтүстік Қазақстанда және Түрікменстанда басмашыларға қарсы күрескені тағы бар. Сонда нағыз пырақтың қысылтаяң шақта жол тауып, жігітке айнымас серік болатынын білген. Ат үстінде түн қатып жүріп, жылқының сырына қаныққан еді. Оның жауынгерлік жолы атты әскермен тығыз байланысты болды. Фашистерге қарсы соғыста екінші гвардиялық корпустың 17-гвардиялық атты әскер дивизиясы қатарында небір қырғын шайқастарға қатысты. Кеңес Одағының Батыры, генерал Лев Михайлович Доватордың корпусында Рәпілбек Ұлтанбаев өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түседі. Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлы полк командирі болғаны белгілі. Бұл кезде Рәпілбек Ұлтанбаев полк командирінің саяси жұмыстар жөніндегі орынбасары еді. Кім білсін, олардың жолдары майдан даласында түйіскен де шығар?! Бәлкім кездейсоқтық болар, кейін қос сардар да жауынгерлерін ерлікке бастаған қолбасшылары туралы естелік кітап жазды. «...Кенет жау жағы оқ жаудыра бастады. Дивизияның алға қарай жылжуына артиллерия оғы кедергі жасады. Лев Михайлович қызып кетті. Штаб командирлерінің бірін шақыртып алды да, полковник Тавлиевке жіберді. Тавлиевке дивизияның ашық алаңнан тез өтіп кетуін қамтамасыз етуді тапсырды. – Тавлиевке айтыңыз, мен оны Палашкинода күтемін. Ол араға орман арасымен барамын. Деревняға жақындай бергенде Палашкино жақтан күтпеген жерден жау пулеметі қақсап қоя берді. Доватор тапжылмай бір орнында тұрып қалды да, сәлден соң қар үстіне құлап түсті. Бұл 1941 жылдың 19 желтоқсаны еді», – деп жазады командирінің қазасы жайлы Рәпілбек Ұлтанбаев «Ерлер есімі ел есінде» атты кітабында. Кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов «Курляндияны» жазғанда Мұхтар Әуезов: «Оқтың тілі шолақ тіл, сен мынаған біраз тіл тапқан екенсің» деген екен. Рәпілбек Ұлтанбаев та өз кітабында шолақ тілге жан бітіріп, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен екінші гвардиялық корпус жауынгерлерінің ерлік жолын шеберлікпен баяндаған. Бұл туындыдан қан майданда от пен оқтың өтінде жүріп жаумен шайқасқан, Ленин атындағы әскери саяси Академияны және Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген офицердің өзіндік қолтаңбасы танылады. Оқиғалар көбінде қаз-қалпында суреттеледі. Кітапты оқи отырып, 17-атты әскер дивизиясының 1945 жылы «Памеран қабырғасы» бекінісін алу кезіндегі ерлік істеріне көзбен көргендей-ақ, қаныға түсесің. Міне, атты әскер дивизиясының Варшава қаласының оңтүстік жағындағы елу километрдей жердегі Висла өзені жағалауындағы Магнушев деревнясының солтүстік-шығысындағы орманға келіп жайғасқан сәті. Корпус командирі Крюков дивизия командирі Курсаковке Гомбин, Влацлавке, Гнеково деревниялары арқылы өтіп, Громберг қаласын жаудан азат етуге бұйрық берді. Өйткені, осы шайқас генерал Богдановтың танкистеріне Иноврацлар, Быгдош және Шнайдемюль қалаларына жасалатын шабуылға жол ашпақ. Сондықтан, қалай да осы тапсырма орындалуы керек. Атты әскер бұл міндетті мінсіз атқарады. Ұзындығы 15-20 шақырымға созылатын «Памеран қабырғасы» бекінісін бұзып өтіп, 14 ұшақ, 68 зеңбірек, 194 пулемет, 2 мыңдай жау солдаты мен офицерін қолға түсіреді. Ал сәуірдің 19-жұлдызында атты әскер Одер өзенінен өте бастайды. Кезінде Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Николай Иванович Терехин «офицер Ұлтанбаев осы шайқаста ерекше ерлік көрсетті» деп атап айтып, жамбылдық жауынгерге ілтипат білдірген еді. Көз көргендердің айтуынша, Рәпілбек Ұлтанбаев өте қарапайым, жайсаң жан болған екен. Ол өзінен гөрі қарулас достарының ерлік істерін дәріптеуді ойлады. Сол үшін қолына қалам алды. Майдан даласындағы кескілескен шайқастарды суреттеген естеліктерінде ол атты әскер дивизиясының жанқиярлығын жазды. Ондағысы – ерлік ескерусіз қалмасын дегендегісі шығар. Отыз жылға жуық әскери қызмет атқарып, екі соғысқа қатысқан Рәпілбек Ұлтанбаев Жамбыл жеріне жолы түскенде ең алдымен ат басын бұратын мекені осы қара шаңырақ – «Ақ жол» газетінің редакциясы болған екен. Сондай сапарының бірінде ол туған ауылы – Қызыл Октябрьге (қазіргі Ерназар ауылы) барып, екі-үш күн қонақ болады. Мәскеуге енді жүргелі отырғанда кенеттен жүрегі тоқтап, өмірден озады. Туған-туыстары асыл азаматты арулап, атамекеніндегі зиратқа қойыпты. Кім білсін, бұл да тағдырдың ісі шығар. Қан майданнан аман оралды. Шаңырақ көтеріп, ұл-қыз өсірді. Перзенттері бүгінде әке есімін асқақтатып, әртүрлі салада жемісті еңбек етуде. Олар кезінде қазақ офицерінің кеудесіне тағылған екі жауынгерлік «Қызыл Жұлдыз» ордені мен көптеген медальдарды көздің қарашығындай сақтап жүр. Ал әкеден қалған асыл мұраны – «Ерлер есімі ел есінде», «Естен кетпес ерлік», «Даңқты генерал» атты кітаптарын оның ерлік істерінің белгісіндей көреді әрқайсысы. Ал ауылдастары Рәпілбек Ұлтанбаевтың есімін естен шығармайды. Елді мекендегі мектепке немесе ауылға есімі берілсе екен деген тілек-ниеттері де жоқ емес. Бүгінде Тараздағы Тектұрмас аумағындағы бір көшеге майдангердің есімі берілген. Жамбыл ауданындағы Ерназар ауылындағы мектеп ауласында ұрпақтары 30 түп алма көшетін отырғызды. Оның айналасын қоршап, есік орнатып, оған көрсеткіш тақта қойылды.

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар