Соғыстан кейінгі соғыстың құрбаны

Соғыстан  кейінгі  соғыстың  құрбаны
ашық дереккөз
Соғыстан кейінгі соғыстың құрбаны

7Соғыстан  кейінгі  соғыстың  құрбаны

8

Ұлы Отан соғысына бастан аяқ қатысып, жауынгерлік ерліктері үшін Даңқ орденінің үш дәрежесімен де наградталған жамбылдықтардың бірі – Евман (Евманов) Василий Иванович еді. Ол 1919 жылы Қордай ауданының Михайловка (бүгінгі Қарасай батыр ауылы) ауылында дүниеге келіп, жетіжылдық сынып бітірген. Соғыс басталғанға дейін «Колос» колхозында есепші болып жұмыс істеген. Қордай аудандық әскери комиссариаты арқылы майданға 1941 жылы қараша айында шақырылады.

88-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында Евман жаужүрек артиллерист болатын. Шайқастарда бірнеше рет жараланды да, емделіп шыққан соң әр кезде өз бөлімшесіне оралып отырған. Ол тезірек жауды жеңіп, туған ауылына жеткенше асықты. Жеңісті жақындатуға жастық жігерін жани қызмет етті. Көздегені мүлт кетпейтін зеңбірекшіні 194-ші артиллериялық полктің басшылығы сержант атағына ұсынып, орудие командирі етіп бекітті. Ковель және Люблин түбінен басталған алғашқы ұрыстардан-ақ, ол өзін тәртіпті, шебер және салқынқанды жауынгер ретінде көрсетті. Евманға алғашқы ордені Польшадағы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін берілді. 1944 жылдың жаз аяғында дивизия бөлімдері Висла бойындағы Ясенец елді мекеніне бекінген жау плацдармын басып алуда қиян кескі шайқас жүргізді. Евманның расчеті қысқа мерзімнің ішінде жаудың төрт пулеметін жойып, отыз шақты солдатын жер жастандырды. Үшінші дәрежелі Даңқ ордені сол үшін берілді. 1945 жылғы қаңтар-ақпан аралығындағы шабуыл кезінде артиллеристер екі-үш аптада-ақ Висладан Одерге дейінгі шайқасты жорық жолын артта қалдырды. Талай қан төгілген бұл жорықта ерлігімен танылғандар қатарында қазақстандық артиллеристің де есімі жиі аталды. Дивизия гитлершілдердің Геленувск түбіндегі қорғанысын бұзып өткен алғашқы күні-ақ сержант Евманның расчеті немістердің үш пулеметі мен өздігінен жүретін зеңбірегін істен шығарған еді. Сөйтіп, біздің әскерлеріміздің ең күшті қорғанысын бұзып алға жылжуына мүмкіндік туды. Келесіде біздің атқыштар бөлімшелері Камень селосына бекінген жау позициясын шабуылдаған кезде, Василий Иванович жараланған көздеушіні алмастырып неміс бронетранспортерін дәл көздеп отқа орайды. Біздің жерлесіміздің осы ерлігі екінші дәрежелі Даңқ орденімен бағаланды. Әскери бөлімнің командирі А. Стародубов жауынгердің ата-анасына төмендегіше алғыс хат жолдайды: «Сіздердің ұлдарыңыз сұрапыл шайқаста асқан ерлік көрсетті. Біз оны мақтан тұтамыз, Отан қорғау ісіне шын берілген осындай батыр ұл тәрбиелегендеріңіз үшін Сіздерге алғысымыз шексіз». Жеңіс жылының сәуір айы. Фашистік Германия орталығындағы соғыс өрті өрши түскен. Василий Евман қызмет ететін дивизия алғашқылардың бірі болып жау ордасына аяқ басып, Берлиннің оңтүстік-шығыс кварталдары үшін ұрыс көрігін қыздырады. Аға сержанттың зеңбірек расчеті жаяу әскерлердің қозғалысын қалт жібермей қадағалап, артиллерия дүмпуімен қолдауда. Тек, бір ғана 26 сәуір күні расчет жаудың бірнеше атыс ұяларының үнін өшірді. Алдыңғы бөлімшелер Телтов каналға да жетті. Василийдің зеңбірегі қашанғыша қажет уақытта, керек жерден табылды. Атқыштар мен пулеметшілер каналдың терістік жағалауына өткен бойда артиллеристер де орнынан қозғалды. Василий мен оның қаруластары қас қағым сәтті қалт жіберместен жіті қимылдап, зеңбіректерді орнатып алдағы ұрысқа тез дайындады. Артынша тіке көзделген бірнеше атыстан соң немістердің негізгі күштері талқан болып, қалғандары жан сауғалап тым-тырақай қаша жөнелді. Біздің әскерлер қаланың түстік аудандарының бірі Темпельговқа баса көктеп кірді. Ал бірнеше күннен соң жаудың қарсылығы мүлдем тойтарылды, бүкіл фашистік Германия жеңімпаз кеңес халқының алдында тізе бүкті. Артиллерист Евманның Берлинді алудағы, оның көшелеріндегі қиян-кескі шайқастарда көрсеткен ерлігі командование тарапынан жоғары бағаланып, Даңқ орденінің бірінші дәрежесімен марапатталды. 1946 жылы ол әскерден босатылып, елге бет түзейді. Бірақ, жолда кідіріп қолына қайтадан қару алуына тура келеді. Батыс Украина аудандарында бандеровтық қарақшылар үстемдік құрып тұрған еді. Майданда шыңдалған сарбаздар ұлтшылдарды қарусыздандыруға бұйрық алады. Бандалармен болған қарулы қақтығыстардың бірінде біздің жеңімпаз сарбаз қаза табады.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар