«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Телегей табысымыздың тірегі – татулық

Телегей табысымыздың тірегі – татулық
ашық дереккөз
Телегей табысымыздың тірегі – татулық

Бүгін Астана қаласындағы «Қазақстан» Орталық концерт залында «Мәңгілік Ел: Бір ел – бір тағдыр» тақырыбы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXII сессиясы өтеді. Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған ауқымды жиынға 1500-ден астам қазақстандықтар қатысады. Олардың арасында облысымызда тұратын түрлі ұлттың өкілдері бар. Жалпы облыстан келген делегаттар саны 54 адамнан құралған. Сессия барысында «ҚХА – 20 ізгі іс» және «Менің Қазақстаным» пойызы» республикалық акцияларының қорытындылары шығарылады.Өңірлерден келетін делегаттарға арналған іс-шаралар аясында орталық мемлекеттік органдар басшыларымен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесулер, Астана қаласының көрікті жерлеріне саяхаттар ұйымдастырылмақ.

астанадан – өз тілшіміз.

Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері үшін аса жауапты әрі мерекелі жыл. 20 жылдық мерейтойға сәйкес келген бірнеше мерейлі күндердің барлығы да этномәдени орталықтардың игі іс-шаралардың басы-қасынан табылуына ықпал етуде. Өткен айда облысымыз бар сән-салтанатымен күтіп алып, эстафетасын өзге облысқа тапсырған «Тайқазанның» өзі неге тұрарлық?

«Қазақстан халқы Ассамблеясы – 20 игі іс» атауымен өткен республикалық эстафета аясында облыста көптеген қайырымдылық шарасы өткені белгілі. Оған барлық аудан және қала тұрғындары, атқарушы билік өкілдері, кәсіпкерлер, үлкен кәсіпорындар, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени орталықтар, облыстық және аудандық «Нұр Отан» партиясының мүшелері, жастар белсене атсалысқан болатын. Соның нәтижесінде ауқымды істер атқарылды. Мысалы, эстафета қорытындысы бойынша облыстың мұқтаж тұрғындарына 400 миллион теңгенің көмегі көрсетілді. Этномәдени орталықтардың және облыстың өзге де жастары белсенділік танытып, Қырғыз Республикасында өткен халықаралық жастар форумына қатысып қайтты. Эстафета аясында өткен «Өз ағашыңды отырғыз» акциясының қорытындысында облыс орталығында 500 түп жас шыбық отырғызылды. Мұның барлығы облыс халқының бірлігін көрсетті. Бұл бағытта облыстық хатшылықтың атқарып отырған жұмысы ауқымды. Әсіресе, соңғы жылда этномәдени орталықтар жұмысының жанданғанын атап өткен жөн. Өйткені, алғашында барлығы өздерінің қандай да бір іс-шараларын тек облыс орталығында ұйымдастырумен шектелетін. Ал қазір барлық аудан шет қалмайды, мәдени шаралар аясы кеңеюде. Сонымен қатар, республикалық шаралардан да тыс қалмай, белсенді түрде қатысып тұратын болған. Мысалы, осы жыл басында ұйымдастырылған республикалық «Менің Қазақстаным» атты этномәдени орталықтарының ән фестиваліне облысымыздың орыс этносының өкілдері қатысып, жүлдегер атанып қайтты. Атап айтқанда, Валентина Дойко бірінші дәрежелі дипломмен және 150 мың теңгелік жүлдеге ие болды. Ал «Достық пен келісімнің жол картасы» аясында облыстың 183 елді мекенінде тұратын 120 мыңға жуық тұрғынды қамтыған 800-ден аса қоғамдық-мәдени шара ұйымдастырылды. «Тайқазанның» аясында атқарылған игі істердің барысы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көп қолдау тауып, барлығы дерлік жарияланды. Осыған орай, баспасөз беттерінде жалпы саны 117 мақала жарық көрсе, теле-радио арқылы 32 сюжет берілді. Нақтылы уақытта да облыстық ассамблея «Қазақстан – 2050» Стратегиясын» жүзеге асыру бойынша атқарылатын жұмыстарды белсенді түрде жалғастыруда. ҚХА мүшелерімен қатар, ел достығы мен халықтар татулығын арттыру мақсатындағы істерді атқаруда бір кісідей атсалысып жүрген этномәдени орталық жетекшілерін, зиялы қауым өкілдерін, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Тараз педагогикалық институты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің қызметкерлерінің де еңбектерін атап өткен жөн. Өйткені, олардың атсалысуымен талай тірлік тындырылып жатыр. Сол жасалған жұмыстардың қорытындысы мен алда күтіп тұрған жоспарлар бүгін өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында айтылып, талқыланатын болады.

(Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХII сессиясына арналған мақалалар топтамасын газетіміздің айқарма 4 және 5-беттерінен оқисыздар).

Зүбайра Сембина,  Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық хатшылығының  бас инспекторы.

Ұқсас жаңалықтар