«Қазақтай ел қайда?»

«Қазақтай ел қайда?»
ашық дереккөз
«Қазақтай ел қайда?»

27дейді Қасқабұлақ ауылдық округінің әкімі Сулхаддин Мұстафаев

Көсегенің көк жонындағы тау шатқалынан Қасқабұлақ өзені ағып-жарып шығады. Арыны аса қатты емес, алайда, бергі етектегі өзен аттас ауылдағы күрділер үшін қымбат. Бұжыр бет тастары, қой тастары Кавказ тауларын еске түсіреді.

28 29Күрділер Әзірбайжан құрамында Күрдістан автомономиялық Республикасы ретінде 1923 жылы құрылып, ел болдық деп еңселері көтерілген тұста, 1944 жылы, Кеңес өкіметінің кезекті құйтырқы саясатының құрбанына айналып, таратылып, оның алдында 1937 жылы күрділер Орта Азия мен Қазақстанға күштеп жер аударылғанын біреу біліп, біреу білмейді бүгінде. – Үлкендер осы күнге дейін сол азапты, зұлмат жылдарында ішсе асқа, кисе киімге жарымай отырып, бауырларындай қарсы алып, жатсынбаған қазақтардың жақсылығын аңыз қылып айтып отырады, – дейді ауылдық округ әкімі Сулхаддин Мұстафаев. Әуелі Ойықты мекен еткен күрділерді «бұлар шөлді жерді жерсінбейді» деген қазақтың ақсақалдары жер жәннаты дерлік Қасқабұлақ пен Арыстанды Қарабасты мекен етсін деп үкіметке дейін айтып жүріп, сол өңірлерге ақыры қоныстандырды. Содан бері 78 жыл өтті. Рас, Кеңес өкіметі күрділердің бұл жақта да басынан сипай қоймады, отызға тарта жарамдысын «халық жауы» деп ұстап, соттап жіберді. Адамның тағдырын шыбын құрлы көрмей, жік-жікке, топ-топқа бөліп, жіліктен майы шығатын «қызыл саясаттың» бұл да бір сойқаны. Бірақ, ұлттың рухы биік екен. Тау ұлына тән мінез көрсетті. Өсті, бұтағын жайды. Бүгіндері Қасқабұлақ ауылы атанып, өрісі малға, қырманы дәнге толып, халқы өсіп, өніп, біржолата еңселерін көтерді. «Оның барлығы Қазақстанның тәуелсіздігінің арқасында шындыққа айналып отыр», – дейді Сулхаддин бауырымыз. Сулхаддинді ілгеріден білемін. Жас күнінен мектеп директоры қызметінің тізгінін ұстаған ол бірнеше рет қатарынан аудандық мәслихаттың депутаттығына сайланды. Талас ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарып жүрген кезімде Сулхаддин ауыл әкімінің тізгінін ұстаған. Мен әрі ономастика жөніндегі комиссия төрағасының орынбасарымын. – Сәке, ауылдағы үш-төрт көшеге атау берейік деп едік. Қандай кеңес бересіз? – деп келді бір күні. Мен: – Өзің қалай ұйғарып жүрсің? – дедім. – Мысалы, көшелерге Керей, Жәнібек хандардың, иә, болмаса М.Х.Дулатидің, немесе Жүсіп Баласағұнның, тіпті Ұлы Жібек жолының атауларымен атасам болар ма? – дегені. Өзге ұлт өкілінің былай шешім қабылдағанына таңырқап қалдым. Келесі бір келгенінде әлгі атауы жоқ көшелердің есімдерін қазақтың атақты ұлы тұлғаларының есімдерімен атау жөніндегі ауыл тұрғындарымен болған жиындарының хаттамаларын әкеліп көрсетті. Мен әрине, оған ризашылығымды білдірдім. Хаттамаларды сол кездегі аудан әкімінің орынбасары, ономастикалық комиссияның төрағасы Мұрат Жарылқапұлына оқытқанымда, ол «Мына Сулхаддин нағыз азамат екен» деп толқынысын жасырмады. Басқалар болса сол ауылдағы еңбегі сіңген немесе сіңбеген адамдарға көше атын берем деп қара сорпалары шығады-ау дестік. Сулхаддиннің бұл әрекетін үлгі алатын іс деп түсінемін өз басым. Одан ілгері де Сулхаддин менің аудандық газетке жазған бір мақаламдағы кейбір зиялы азаматтар, өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді менсінбейді дегеніме ренжіңкіреп жүретін. Аудан мәдениетін басқарып тұрғанымда, бірде Сулхаддин Қасқабұлақ орта мектебінде өткен тіл жөніндегі мәдени іс-шараға шақырды. Іс-шара таза қазақ тілінде өтті. Риза болған мен: – Сұлтеке, бауырларым қазақ тілінде таза сөйлейді екен ғой, – дегенім бар. Ол: – Сіз баяғыны еске алып отырсыз ба? Қасқабұлақта қазақшаны қазақтардан артық сөйлейтін күрділер жеткілікті. Ол кездегі өкпемнің мәнісін айтайын. Кейбір қазақ бауырларым жиналыстарда орысша сөйлеген соң, Сәкең алдымен солар туралы жазбай ма деп ренжідім, – дегені. Сөйтіп ол мені қатты ұялтқан. Шынында да, күрді туыстар арасында қазақ тілі туралы мәселе жоқ. Шетінен мемлекеттік тілді меңгерген. Өздері – еңбекқор халық, қолдарынан келмейтіні жоқ. Бай, бақуатты тұрады. Армандары – жаңа мектеп үйін салдыру. Іскер әкімі бұл мәселенің де орайын тапқан сыңайлы. Алла сәтін салса, Қасқабұлақта жаңа мектеп соғылатын болады. Жол да жөнделеді. Өйткені, мұнда елім деп еңіреген Сулхаддин Мұстафаев сияқты әкімі бар. «Арқа сүйейтін ағамыздай, қазақтай ел қайда?» – дейді ол шын пейілімен.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Қасқабұлақ ауылы, Талас ауданы.

Ұқсас жаңалықтар