Татулық – тірегім, Отаным – жүрегім!

Татулық – тірегім, Отаным – жүрегім!
ашық дереккөз
Татулық – тірегім, Отаным – жүрегім!

23Ислам Байрамуков, еркін күрестен Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері.

Достықтың туы қашанда биік. Бірлікті, берекелі тірлікті байлық, бақыт деудің еш сөкеттігі жоқ. Келіскен жерде жеңіс тең. Иә, дамудың даңғыл жолына түскен тәуелсіз Қазақстан сол бірліктің арқасында биіктерден көрініп жүр. Егемендіктің алғашқы жылдарында, нақтырақ айтсам, тәуелсіздіктің елең-алаң кезінің өзінде Президентіміз көп ұлтты Отанымыздың болашағы да татулықта екенін аңғартқаны бәріңізге мәлім. Шынтуайтында, біз қайда жүрсек те, Отанымызды ұмытпаймыз. Аспантүстес көк байрағымызды көктен желбіретуді көксейміз. Өйткені, туған еліміздің абыройын аспандатқымыз келеді. Сол елге деген ұшан-теңіз махаббат мені де әрдайым қанаттандырды, желпіндірді, биік белестерді бағындыруға ұмтылдырды. Олимпиада ойындарында болсын, басқа да байрақты бәсекеде болсын, алдымен Отанға деген махаббаттың арқасында жеңістерге жеттім деп ойлаймын. Қандай қиын жағдай болмасын, боз кілемде белдесіп жатқан кезде Отаның еске түседі. Жігеріңді жаниды. Сол арқылы тұла бойыңда әлдебір күш пайда болады. Жалпы, қазақ халқының болмысы әрі нәзік, әрі бауырмал. Адам атаулыны сыйлауды, құрметтеуді біздің елдің азаматтарынан үйренсін, үйренгісі келетіндер! Татулықтың тірегіне айналған елімізде барлық ұлттың өкілдері мазмұнды өмір сүріп, толағай шаттыққа кенеліп жатса, ол – алдымен, салиқалы саясаттың, сосын бірліктің арқасы. Отаным – менің жүрегім. Иә, әрбір азамат ұлтына, ұлысына қарамастан өзі туған елді, жерді құрмет тұтса, қадірлесе, онда оның да мерейі асқаны, абыройы тасқаны. Біз әрдайым достықты қолдаймыз, қуаттаймыз. Тірлігіміз тастай, бірлігіміз бекем болсын! Алла ғұмырымызды баянды етсін!

Ұқсас жаңалықтар