Бірлігі жарасқан елде

Бірлігі жарасқан елде
ашық дереккөз
Бірлігі жарасқан елде

15Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде ұлт­аралық қарым-қатынасты нығайтуда бала­масы жоқ қоғамдық институт ретінде әлемге танылды. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Ортақ шаңырағымыз – Қазақстанда өмір сүрудің артықшылықтары туралы жалықпастан айта беруге болады. Мысалға біздің дүнгендердің өмірін алып қарайық.

Аудандағы он тоғыз ауылдық округтің бірі Сортөбеде мекендейтін 22 мыңнан аса тұрғындардың 98 пайызы, көрші Масаншы ауылындағы жиырма мыңға жуық халықтың да дені – дүнгендер. Ауқатты, Қарасу ауылдарына, аудан орталығына қоныстанып жатқан қандастарымыз да аз емес. Ал жалпы аудан тұрғындарының саны 140 мыңдай болса, оның ішінде дүнгендер қырық пайызға жетіп қалды. Бұдан жүз қырық жылдай бұрын Қытайдан қуғын көріп арып-ашып, жолдағы өлім-жітімнен аман жеткен екі мыңдай ғана ата-бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы қасиетті қазақ жерінде осылай еркін өсіп-өніп, бақытты өмір сүруде дей аламыз. Менің ауылдық округ әкімі қызметін атқарып келе жатқаныма он жеті жылдан асты. Сондықтан да осы аймақ тұрғындарының тәуелсіздік жылдарындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері көз алдымда өсіп келеді. 16 17Бір ғана Сортөбе­нің өзінде төрт мыңнан аса бала оқитын бес мектеп, онға тарта мешіт бар. Мектептер мен бала­бақ­ша­лардың көпшілігі соңғы жылдары салынған осы замандық үлгіде жабдықталған жаңа ғимараттарда орналасты. Мемлекеттің қамқорлығымен округте жыл сайын бір мектеп немесе балабақша жаңадан салынып пайдалануға беріліп жатыр. Сортөбеде жаңа үлгідегі медициналық жабдықтармен және білікті мамандармен қамтамасыз етілген құрамына емхана, елу төсектік аурухана, отыз орындық күндізгі стационар, он бес орындық перзентхана, дәріхана кіретін денсаулық кешені ашылған. Аудандық аурухананың филиалы болып саналатын мұнда он жеті жоғары білімді дәрігер мен елу шақты мейірбике жұмыс істейді. Қалалық деңгейдегі диагностикалық орталық, жаңа үлгідегі рентген, флюрография, УЗИ аппараттары, биохимиялық және иммуноферменттік лабораториялары қайсыбір күрделі ауруларды осы жерде емдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Бұлар батыр ауылында дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Жыл сайын ауылымыздың іргесі кеңейіп, көшелеріміз ұзара түсуде. Округ аумағында екі мыңнан аса отбасылық аула тіркелген. Еңбек жасындағы тұрғындар 97 шаруа қожалықтары, екі жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрамында егін шаруашылығымен жұмыс істеп несібесін табуда. Тоқсанға тарта жеке кәсіпкерлер және екі кірпіш өндірісі жұмыс істейді. Бар игілігін өз қолдарымен жасайтын дүнгендердің үйлері айналасында алақандай жердің қурай басып бос жатқанын көрмейсіз. Бір жылда кемінде екі өнім алу – қалыпты жай. Егістік пен бақшалықта ұзақты күн бел талдырып еңбек етуге бала жастан баулынады. Төгілген тердің өтеуінен дәулет жиналатынын, ақшаның тиыннан құралатынын жақсы біледі. Содан да көпшілігінің тұрмысы мәнді, өмірі сәнді бола түсуде. Ұлтымыздың айналадағы қазақ ағайындармен біте қайнасып, олардың да еңбек дәстүріне ден қойып мал өсіруді қолға алғандары көптеп саналады. Қазір округ тұрғындарының қорасынан күнделікті 3250 ірі қара, 6182 қой-ешкі, 548 жылқы өріп шықса, 9 мыңға жуық үй құстары өсірілуде. Біз бірлігі жарасқан, халқының тұрмысы жақсы, бейбітшілікті ту еткен елде тұрып жатқанымызды мақтан етеміз. Округ аумағында дүнгендермен қатар қазақ, орыс, қырғыз, ұйғыр, қарашай және басқа ұлт өкілдері де өзара ынтымақтасып тату-тәтті өмір сүруде. Әр ұлттың тілін, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтауына шектеу жоқ. Наурыз мейрамы сияқты ортақ мереке кезінде осының бәрі бар қырынан жарқырай көрінеді. Сортөбедегі Михаил Лермонтов атындағы мектептің жанынан құрылған дүнген этномәдени орталығы (жетекшісі Салима Вансинвин) бүкіл аудандағы дүнгендердің ұлттық құндылықтарын сақтау мен үйлестіруге зор еңбек сіңіруде. Қордайлық дүнгендер көп ұлтты қазақстандықтармен бірге жақсы өмір суруде.

Таалай АБДЫЛДАЕВ, Сортөбе ауылдық округінің әкімі.

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар