шебер шет қалмайды

шебер шет қалмайды
ашық дереккөз
шебер шет қалмайды

18Қайрат Терлікбаев, облыстық мәслихаттың депутаты, «Луговой рельс дәнекерлеу» кәсіпорнының басшысы.

Дәуір доңғалағы алдыға жылжыған сайын замана көші бір орнында тұрмай, уақыт талабына сай икемделері сөзсіз. Экономикада да, басқа салада да солай. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты Қазақстанның экономикалық тәуекелдерге қояр тосқауылы болды. Ол, біріншіден, инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында экономикалық ауытқушылыққа қарсы іс-қимыл шараларынан, екіншіден, индустрияландыру бағытының екінші бес жылдығын одан әрі жалғастырудан тұрады. Сондай-ақ, әлеуметтік саясат та айқын белгіленді. Қатаң бюджеттік саясат пен үнем мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне өзгеріс енгізбейді». Бас партияның он алтыншы Съезінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев осылай деп қадап айтты. Иә, дүрмекке толы дүниеде дағдарысы бар, басқасы бар мемлекеттің иммунитетіне әсер етері хақ. Съезде сөз болған бес бағыт та еліміздің бағдарлы да, баянды болашағын қамтамасыз етері ақиқат. Экономикалық бағдарламаларды сапалы жүзеге асыруды және мемлекеттік қызметтерді ұсынуды қамтамасыз ететін қазіргі заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру болсын, меншік құқығына кепілдік беретін, кәсіпкерлік қызмет үшін, келісім-шарттық міндеттемелерді қорғау үшін жағдай жасайтын, түптеп келгенде, экономикалық өсім үшін негіз болатын заңның үстемдігін қамтамасыз ету болсын, индустрияландыру және әртараптан-дыруға негізделген экономикалық өсім болсын бәрінің және де айтылған өзге мәселелердің мәні мен мазмұны зор. Дүние алас-күлес күй кешіп тұрған шақта, әлемнің алпауыт елдерінің өзі дағдарыс дауылын сезіне бастаған кезеңде біздің ел дамудың даңғыл жолынан адасқан емес. Адаспайды да. Өйткені, сарабдал басшымыз соған иландырды. Жыл өткен сайын әр салада өркендеу байқалады. Елімізде темір жол саласы да қарыштап, қарқынды түрде алдыға жылжып жатқанынан бәріңіз хабардарсыздар. Шойынжолдың бойында аянбай еңбектеніп жүрген қараша жұрттың да ахуалы жақсы. Жалпы, құрылтайда айтылған барлық мәселе менің адам, азамат ретінде көңіліме қонды. Бәрі де еліміздің әлеуметінің әлеуетін арттыруға бағытталып жатқан жұмыстар екені талас тудырмайды. Оған біздің саланың қызметкерлері де бел жазбай еңбек етуге дайын. Өйткені темір жол – ел экономикасының күретамыры. Өзім жетекшілік ететін «Луговой рельс дәнекерлеу» кәсіпорнында да жұмыс күші, ауқымы толастаған, азайған емес. Алда да солай болады. Еліміздің экономикасын дамыту жолында барлық салада өлшеусіз еңбектенуіміз керек. Бір сөзбен айтқанда, саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Елорда төрінде өткен үлкен құрылтайдан сондай толғамды оймен оралдым. Сол бағытта еңбектене беретін боламыз.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар