Қарағанды облысындағы су тасқынының салдарын жоюға республика жұртшылығы көп болып қол ұшын созуда. Әрбір облыстардағы төтенше жағдайлар департаменттерінің қызметкерлері су басқан қауіпті аймақтарға алғашқылардың бірі болып жетті. Бұл шарадан жамбылдық құтқарушылар да шет қалмады. Мәселен, 7 сәуірде облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары» мекемесінен Қарағанды облысына авариялық-құтқару жұмыстарына жиырма адам мен үш техникадан тұратын құтқару тобы аттаныпты. Бұл топты аталған мекеме бастығының орынбасары, өртке қарсы қызмет полковнигі Мансұр Шайкрамов бастап шыққан. Олар екі аптаға жететін азық-түлік, киім-кешекпен, сондай-ақ қажетті жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген. Жеке құрам қараңғы уақытта да жұмыс жүргізуге мүмкіндік беретін 2,5 киловаттық жылжымалы генератормен және зардап шегушілерді су басу аймағынан алып шығу үшін алты адамдық қайықпен жабдықталған.
– Бүгінде облысымыздан аттанған құтқару тобы Қарағанды облысы Нұра ауданына қарасты Киевка, Қырсынды, Заречная елді мекендерінде арнайы техникамен су басқан үйлер мен көшелердегі жайылған суды сорып, әудем жерге шығару жұмыстарымен және Ақмешіт, Хантай ауылдарында адамдарды қауіпсіз орынға көшірумен, сондай-ақ аталған аумақтағы су басуы ықтимал жерлерде қаптарға құм толтырып, жағалауды бекіту, нығайту жұмыстарымен айналысуда. Мекемеміздегі қызметкерлер гуманитарлық көмек те жолдады, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» баспасөз хатшысы Нұрболат Өмірзақов. Сонымен қатар, зардап шеккен қарағандылықтарға гуманитарлық көмек көрсету үшін жерлестеріміздің жылы киім, азық-түлік, тағы басқа аса қажетті заттарды облыстық төтенше жағдайлар департаментіне апарып берулеріне болады. Жиналған заттарды департамент қызметкерлері су тасқыны болған аймаққа жібереді.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Медицина саласы серпінді дамуда
- 14 қаңтар, 2025
Метапневмовирус қаншалықты қауіпті, облыстағы жағдай қандай?
- 14 қаңтар, 2025
Ақпарат
Жамбыл облысында 49 инвестициялық жоба жүзеге асырылды
- 13 қаңтар, 2025
Білім беру ошағы пайдалануға берілді
- 31 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді