«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кәсіптің көзін тапқан Көпбаевтар

Кәсіптің көзін тапқан Көпбаевтар
ашық дереккөз
Кәсіптің көзін тапқан Көпбаевтар

Мемлекеттің даму жолындағы мүмкіндіктерін молайтып, әлеуметтің әлеуетін көтеру мақсатында жасалған бағдарламалардың жүзеге асу барысында нәтижесі көзге ұрып тұрғандары баршылық. Уақыт талабына сай келіп, игілікті істердің бастауы болған сәтті жобаның бірі – «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы Шу

ауданындағы кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейте түсті. Мәселен, бағдарламаның «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту» деп аталатын екінші бағыты бойынша бизнесті бастауға өткен жылы 300 адам ниет білдірген. Олардың 72-сіне 142 200,0 миллион теңге көлемінде шағын несие беріліп, тиісінше біраз адамды жұмыспен де қамтыған. Бағдарлама бойынша несиеге қол жеткізгендердің бірі Наргиз Көпбаева – өзінің тігін шеберханасының мүмкіндіктерін арттырып, тірлігінің тасы өрге домалаған кәсіпкерлер қатарынан. Шу қаласының 28 жастағы тұрғынының бұл іспен айналысқанына 6 жылдың жүзі болыпты. Мамандығы психолог бола тұра, тігін өнеркәсібіне бет бұруының бірден-бір себепкері – оның енесі Найлә Қондыбаева. Келін боп, жаңа әулеттің босағасын аттаған жылы Наргиз жоғары оқу орнын әлі тәмамдап үлгермеген болатын. Десек те, отбасылық ортақ бизнеспен айналысуға бұл жағдай еш кедергі жасаған жоқ. Ынтымағы жарасқан жанұя ортақ бір мәмілеге келіп, кәсіпкерлікке белсене кіріседі. Шеберханада негізінен көрпе-жастық, қыз жасауы дайындалады. Бастапқыда көрпелерді дайын қалпында қалалардан тасып, сатумен ғана айналысқан-ды. Бертін келе өздері қолдан тіксе, қаражат та едәуір үнемделетінін ойлап, жары Боранбай Көпбаев екеуі тігін машиналарын, азды-көпті мата, мақталарын әкеліп, берекелі іс бастауға бел буады. Жұмыс қарқын алып, сұраныс көбейе түскен соң, уақыттан ұтудың жолдарын іздей бастайды. Көрпелерді қолмен тігіп, көздің майын тауысып отыру оңай болмағандықтан, жұмысты жеделдететін арнайы құрылғының қажеттігі айқын сезіледі. Кеңес заманында шығарылған таптырмайтын тігін білдесінің көшірмесін жасатып, нәтижесінде ауданда алғашқы арнайы құрылғымен көрпе тігетін цех пайда болады. Бастамалары сәтті болған Көпбаевтар отбасы кәсіптің аясын кеңейте түсу үшін тынымсыз тірліктен көз ашпайтын болған. Осы орайда, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы олардың жаңа тынысын ашып, шеберхана жұмысын жандандыра түсуге зор мүмкіндік туады. Бүгінде аудандық орталық базарда саудаланатын көрпе-жастықтың көбі осы шеберханадан шыққан. Саудагерлердің бірі осы жерден дайын өнімді алып сатса, екіншісі мата мен мақтаны өздері әкеліп, көрпені кәсіби білдеге тіктіріп алады екен. Бұл тігін білдесі бір көрпені 8 минутта дайындап шығарады. Наргиздің айтуынша, бір күнде ең көбі 40-50 көрпеге дейін тігуге мүмкіндік бар. Шу қаласындағы «Бахтияр» базарында шеберхана иесінің де сауда нүктесі бар. Бұдан бөлек, кез-келген адамның тапсырысы шеберханада да қабылдана береді. Жұбайы екеуінен бөлек онда үш адам жұмыс істейді. Тапсырыс тым көбейген күндері көршілері көмекке келеді екен. Мемлекеттен алынған несиенің берешегін өтеу кәсіптің көзін тапқан Көпбаевтарға қиын соқпайтын көрінеді. Бұл кәсіпкерлік нысаны мемлекеттік сатып алу заңдылығына сай конкурстарға қатысып, Шу мен Мойынқұм аудандарының балабақшаларын көрпе-жастық, қалың көрпе, жұқа жамылғылармен қамтамасыз етумен де айналысады. Бұл – көлемді кірістің көзі. Мемлекеттік несиені негізінен осы табыспен өтеп келеміз, – дейді Наргиз. Дайын тауарларын сондай-ақ Алматы, Қарағанды, Саршаған қалаларына жіберіп тұрады екен. Наргиздің шеберханасынан шыққан көрпелердің бағасы 3000-10000 теңгенің аралығында. Ал жас шаңыраққа тігілетін махаббат көрпелерінің құны 8000 теңге және одан жоғары. Арнайы құрылғылары болғандықтан, шеберханадағы жұмыс айтарлықтай күрделі деуге келмейді. Дегенмен, мақтаны көрпеге орналастыру мен оны сабауға икем мен біліктілік қажет-ақ. Ал кәсіпкерлікке бар ынта-жігерін арнап, психология мамандығын ысырып қойған Наргиз негізінен махаббат көрпелерін әрлеп тігуге әуес. Екі жастың есімдерін матаға кестелеп түсіріп, моншақтармен сәнделген ең әдемі көрпелер 18000 теңге тұрады екен. Ізденіс пен еңбектің нәтижесінде бизнеске жол тауып, табыстың тайқазанын тасытып отырған Боранбай мен Наргиз мемлекеттің қолдауына дән риза. Ілкімді жастардың ендігі мақсаты – шеберхана ғимаратына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, келесі асуларға аяқ басу.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар