«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Құлашын кеңге жайған кемел Қордай

Құлашын кеңге жайған кемел Қордай
Ашық дереккөз
Халық саны жағынан Тараз қаласынан кейінгі екінші орында тұрған Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы – облыста қашанда маңызды. Өңірдегі ең үлкен аудан осы межеден көрініп келеді. Ауданда жыл басынан бері өнеркәсіп көлемі 11,3 миллиард теңгені құрап, инвестиция тарту деңгейі 12,3 миллиард теңгеге жеткен. Құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыс көлемі 11,5 миллиард теңгеге жетіп, жыл басынан бері 22 мың шаршы метр үй пайдалануға берілген. Ал жалпы ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім 9,9 миллиард теңгені құрап отыр. Бір сөзбен айтқанда, ауданда жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Енді сол жұмыстардың бірқатарына кеңінен тоқталғанды жөн санадық.

Спорт – денсаулық кепілі

Аталған ауданда соңғы екі жылда 18 жаңа спорт нысанының қолданысқа берілуі аудан тұрғындары арасында бұқаралық спорттың дамуына оң әсерін тигізді. Нәтижесінде спортпен шұғылданып жүрген азаматтар саны 41 пайызға артып отыр. 2024 жылы ауданның 7 ауылдық округінде кіші футбол және стритворкаут алаңдары салынды. Атап айтқанда, Қаракемер ауылына демеушілер есебінен кіші футбол алаңы, Ноғайбай және Күнбатыс-1 ауылдарына жергілікті бюджет есебінен кіші футбол мен стритворкаут алаңдары бой көтерді. Сонымен қатар, Бәйтерек және Қордай ауылдарында 3 кіші футбол алаңы іске қосылды.

2025 жылы Көгадыр ауылында стритворкаут алаңы, Көктөбе мен Қордай ауылдарында кіші футбол алаңдары салынып, қолданысқа берілді. Ауқатты, Сарыбастау және Қордай ауылдарында екі кіші футбол алаңының құрылысы жалғасуда. Қазіргі таңда аудан көлемінде 360-тан астам спорт нысаны бар. Бұл шаралар аудандағы спорт инфрақұрылымын айтарлықтай жақсартуға, сондай-ақ тұрғындардың денсаулығын нығайтуға ықпал етуде.

Бұйырса, осы залдарда тер төгіп жаттыққан қазақтың қаракөз балалары түрлі спорт түрлерінен әлемдік деңгейде жеңіске жете берері анық. Жаңадан бой көтерген сапалы спорт нысандары – болашақ чемпиондарды дайындауға деген мүмкіндік.

Тұрғындарға керегі таза ауыз су

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін Қазақстанның барлық елді мекендерін 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында ауданда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімдігі тарапынан жалпы құны 8,6 миллиард теңгені құрайтын 10 елді мекенде ауыз су желілерінің құрылысы аяқталды.

Атап айтқанда, Ноғайбай, Отар, Қордай, Қайнар, Степное, Қарасу, Еңбек, Сарыбұлақ, Соғанды және Бәйтерек ауылдары орталықтандырылған таза ауыз сумен толық қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда тағы 4 елді мекенде – Шарбақты, Күнбатыс-2, Алға және Гвардейск ауылдарында су құбыры құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Сонымен қатар, Қарасай батыр, Қызылсай, Керу, Көктөбе, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Кенен, Бел, Жаңатұрмыс және Күнбатыс-1 ауылдарын сапалы ауыз сумен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге жобалаушы мекемелермен келісім-шарттар жасалды.

Аталған жұмыстар елді мекендердегі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

– Таза ауыз су – денсаулыққа үлкен пайда. Мүмкіндігінше денсаулыққа зияны келмейтін суды тұтынғанға не жетсін. Қазіргі таңда Қордай ауданында халықты таза ауыз сумен қамту жақсы жолға қойылып отыр. Оны тұрғындармен бірге сезініп, жақсы істі көзімізбен көріп отырмыз, – дейді Қордай ауылының тұрғыны Құралай Сүйманова.

Жарқын жобаның берері көп

Аталған ауданда «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 12 жоба жүзеге асырылуда. Қордайлықтар 2025 жылы «Ауыл – ел бесігі» ұлттық жобасы аясында бірқатар маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылуға мүмкіндік алды.

Аталған жобалар ауылдық елді мекендердің даму әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Биылғы жылы жоба аясында 12 жоба іске асырылуда. Оның ішінде аудан әкімдігі тапсырысшы болып табылатын 11 жоба бар. Бұл жобалар аясында әлеуметтік нысандар құрылысы мен инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Қақпатас ауылында жаңа мәдениет үйінің құрылысы, Үлкен Сұлутөр ауылында заманауи спорт кешені, Сортөбе ауылында ауылдық аурухана аумағында бір ауысымда 200 келушіге қызмет көрсетуге қауқарлы жаңа емхана құрылысы бірінші кезекте көзделген.

Сонымен қатар, Қордай ауданының 7 елді мекенінде 9 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылып жатыр. Аталған жобалар аясында жалпы ұзындығы 24,7 шақырымды құрайтын 42 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары келесі ауылдарды қамтиды. Яғни, жоба аясында Қордай ауылында – 10, Отар ауылында – 5, Қаракемер ауылында – 7, Сарыбұлақ ауылында – 11, Бетқайнар ауылында – 5, Степное ауылында – 4, Ауқатты ауылында – 1 көше салынып, ел иігіліне берілетін болады. Б

ұл жобалар ауыл инфрақұрылымын жақсартуға, жол сапасын арттыруға, сондай-ақ тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге бағытталған нақты қадам болып табылады.

Берекенің бастауы – бітік егін

Қазіргі таңда еңбектің мәні мен маңызы арта түскені ақиқат. Онсыз елді дамытып, өркендету мүмкін емес екендігі белгілі. Қарапайым еңбек адамының жұмысы ел экономикасының артуына көптеп үлес қосып келеді. Жаз – шаруа айы. Әсіресе диқаншылар үшін ең бір мазасыз шақ. Аталмыш науқанның маңыздылығын терең түсінген басшының да, шаруаның да қазіргі іс-қимылы табиғат ана бұйыртқан несібеден құр қалмау екенін аңғартады.

«Жаздың бір күні жылға азық» екенін қордайлық диқандар да жақсы түсінеді.

«Тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісін қолдану, жаңа техникалармен жабдықтау ісінде де биыл ілгерілеу бар. Тиімді әдістердің үнемі оң нәтиже берерін шаруалар да бек түсініп келеді», – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалымжан Оспанов.

Жоғарыда айтылған сөздің жаны бар. Тек істің көзін тауып, ерінбеген жан ғана диқан бола алмақ. Дәнін сақтаған, жерін баптаған қордайлық диқан қауымының мерей-мәртебесі үстем болуда. Егінді оруды бастағандардың бірі – Қордай ауданындағы «Бәйтерек» шаруа қожалығы. 2007 жылы құрылғалы бері қожалық мүшелері мол табыс табу жолында аянбай еңбек етіп келеді. Бүгінгі таңда шаруа қожалық басқарушысы Саят Мұздыбаевтың айтуынша, 130 гектар егіс алқабына арпа дақылының канадалық «Элвин» сорты себілген екен. Егін жинау науқанына «John Deere» маркалық 2 бірлік комбайн, 2 бірлік трактор және 2 бірлік «Камаз» ауылшаруашылық техникалары жұмылдырылыпты.

Егіс алқабы басында қайнаған еңбек. Тәжірибелі мамандар тізгіндеген комбайн бір айналып орақ салып өтсе, бір бункер аузымұрнынан шыға, лық толып шыға келеді.

«Биыл егін бітік шықты. Былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділігі жоғары. Гектарынан 20 центнерден түсім алынуда. Қазір науқанның қызған уақыты. Мұндай кезде біз үшін ең қымбат нәрсе ол – уақыт. Таң қылаң беріп, далада көз байланғанша егінжайдамыз. Жауыншашынға ұрынбай, мына жайқалып тұрған ен байлықты игеріп алу – қожалықтың бүгінгі мақсаты», – дейді қожалық басшысы Саят Мұратұлы.

Дипломмен ауылға келген дәрігерлер

«Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жастардың ауылдық жерлерде тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп, олардың қуаты мен күш-жігерін ауылдардың дамуына жұмсауға көмектесуде. Қазіргі таңда кадр тапшылығы мен білікті маман жетіспеушілігі отандық медицинада үлкен мәселе. Аталмыш жоба 2009 жылдан бастап жас мамандарға көтерме жәрдемақы беруден бастау алса, 2010 жылдан бері баспана алуға немесе баспана салуға бюджеттік несие беру арқылы жалғасын тапты.

Осы орайда, ауылдық жердегі маман жетіспеушілігі мәселесін шешуге бұл мемлекеттік жобаның оң үлес қосқанын айта кету керек. Бүгінде бағдарламаның берекесін көрген медицина саласының қызметкері, аудандық орталық аурухананың, бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету бөлімшесінің жалпы тәжірибелік дәрігері – Мадибек Шалтабай. Ол – адам өмірін сақтап, әр адамның өмір сүру сапасын жақсартуға қолдан келгеннің бәрін жасау арқылы ұлт денсаулығын сақтауға үлес қосуда.

«Мен Алматы қаласындағы Қазақ-Ресей медициналық университетінің түлегімін. 2024 жылы оқуды бітіріп, аталған бағдарламаның қатысушысы болу мүмкіндігіне ие болып, туыпөскен жерім бойынша аудандық орталық ауруханаға жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмысқа қабылдандым. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы көтерме жәрдемақы мен жеңілдетілген несие алып, тұрғын үйге қол жеткіздім», – дейді ол.

Адам жанына араша түсіп, басы ауырып, балтыры сыздағанның бабын табатын жауапкершілік жүгі ауыр дәрігерлік мамандықты таңдау да нағыз батылдық. Аталмыш бағдарлама аясында жұмыспен қамтылған тағы бір медицина саласының жас маманы – Жадыра Карибаева. Тараз қаласының тумасы Жадыра Шадиярқызы бүгінде Ноғайбай ауылдық дәрігерлік амбулаториясының жалпы тәжірибелік дәрігері қызметінде.

Иса Ахунбаев атындағы Қырғыз мемлекеттік медициналық академиясының «емдеу ісі» факультетін сондай-ақ, екі жылдық ординатурасын тәмамдаған ол, ағымдағы жылдың сәуірінде «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында дәрігерлік саладағы еңбек жолын бастады. Оның айтуынша, ауылдық жерде жұмыс істеу жас маман үшін жаңа мүмкіндік. Өйткені ол жергілікті тұрғындармен тығыз байланыс орнатып, олардың денсаулығын жақсартуға мүмкіндік алады.

«Жас маман ретінде маған ауылдағы елдің сенімі күш береді. Ауылдың тынысы қандай кең болса, адамдарының пейілі де сондай кең. Бар мақсатым – Гиппократ антына адал болып, ауыл медицинасының сапасын көтеру», – дейді Жадыра Шадиярқызы.

Жас дәрігер бүгінде Қордай ауданына қарасты Ноғайбай, Шарбақты, Сарыбастау ауылдарындағы тұрғындардың денсаулығына жауапты. Ауыл дәрігері, ақ халатты жандар кәсібін шын сүю керек деп санайды. Сонда ғана жаны қысылған адамға ықыласпен көмек көрсетіп, жаралы жанды жылыта біледі. Кез келген мемлекет дамуының негізгі көрсеткіші дені сау және білімді халық болып табылады. Мемлекетіміз осы бағытта жұмыс жасап, азаматтардың денсаулығын көтеруге ерекше назар қойып келеді.

Жас мамандардың ауылдық жерлерде жұмысқа орна - ласып, білімі мен біліктілігін шыңдауына мемлекеттік бағдарламалардың қосар үлесі зор.

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де білгір жастардың қолында!

Еңбектің наны тәтті

Еліміздің экономикалық тұрақтылығын қалыптастыруда ішкі өндірісті ұлғайту – Үкіметтің басты назарындағы мәселенің бірі. Олай болса, біздегі азық-түлік қорының 90 пайызын құрайтын тамақ өнеркәсібінің негізгі шикізат көзін ауылшаруашылық саласы қамтамасыз етіп отыр. Соңғы уақытта мал өсірген қазақ үшін негізгі тағамға айналған сүт өнімі төңірегіндегі әңгіме бүгінгі күн тәртібінен түсер емес.

Ауқатты ауылының тұрғыны Минаркүл Базарқұлова 70 бас ірі қара сиыр мен бұзауды пайдаланып, өзінің фермерлік шаруашылығын табысты жүргізіп, сүт өнімдерін дүкендерге өткізіп келеді. Табатын табысы да жаман емес.

Минаркүл Бейқұтқызы еңбекқорлығымен, табандылығымен таңғалдыратын жан. Зейнетке шықса да, қолын бір сілтеп, жайбарақат өмір сүруді қаламаған ол, әлі де сиыр сауып, сүт өнімдерін өндірумен айналысып келеді.

Минаркүл апаның еңбек жолы ерте басталған. 17 жасында мектеп бітіре сала «Трудовик» ұжымшарында сауыншы болып қызметке тұрған ол, сол кезден бастап мал шаруашылығына деген сүйіспеншілігін арттыра түсті. Тұрмысқа 17 жасында өзінің сыныптасына шыққан ол бес баланың анасы атанды. Өмірдің қиындықтарына мойымай, 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Қазір 20 немересінің сүйікті әжесі. Ұжымшар тарағаннан кейін, Минаркүл апа жаңа мүмкіндіктер іздеуге бел буады. 2010 жылы небәрі 5 сиыр сатып алып, шағын кәсібін бастайды.

Алғашқы қиындықтарға қарамастан, талмай еңбектенуінің арқасында сиыр санын 100-ге жеткізеді. Бүгінде Минаркүл апаның шаруашылығында бұзауларымен қоса 70 бас сиыр бар. Олардан күніне 100 литр сүт сауып, 8 литрге жуық қаймақ, кілегей, 10 килограмм сүзбе, құрт жасайды. Өнімдерін 4 дүкенге тапсырады, сонымен қатар үйінен де сатып алушылар келіп тұрады.

«Бәрімізге де азық-түлік қажет, оларды әдетте дүкендерден сатып аламыз. Қала тұрғындарының аз бөлігі жаңа піскен көкөністерді тікелей бақшадан және сүтті тікелей сиырдан ала алады. Менің ауылдастарымның жаңа, экологиялық таза сүт өнімдерін алуға мүмкіндіктері бар», – дейді кәсіпкер.

Минаркүл апа кәсіпте жалғыз емес. Оған тұңғыш ұлы көмектеседі. Екеуі заманауи аппаратпен сиыр сауады. Шаруашылықта бір жұмысшы, малшы және қораны тазалап, жинап жүретін әйел де бар. Бұл кісілер үшін жұмыс күні таңғы сағат 4:00 де басталып, кешкі 19:00 де аяқталады.

«Сиырдың тек жағдайын жасайсың. Жануарға басқа ештеңе деп айта алмайсың. Үнемі жұмыс режимінде болу керек. Кейде ас үйде түнгі сағат екіге дейін тынбай еңбек етуге тура келеді, содан соң таңғы төртте тұрып, сиыр сауып, оны жайылымға жіберу керек. Алайда бұл маған ауыртпалық түсірмейді. Тапсырыс берушілерден кері байланыс алған кезде бойыма күш сіңіп, адамдардың шын ниеттерімен өнімдерім үшін алғыс естіген кезде қуаттанып қаламын», – дейді Минаркүл апа.

Минаркүл апаның өнімдерінің дәмі тіл үйіреді. Сатып алушылар оның сүт өнімдерін үнемі мақтап, сапасына ризашылықтарын білдіреді. Олардың айтуынша, Минаркүл апаның қолынан шыққан сүт, қаймақ, құрттың дәмі ерекше.

«Біз Минаркүл апаның өз қолымен жасайтын сүт өнімдерін отбасымызбен сүйсініп жейміз. Олар өте дәмді, әрқашан балғын, ең бастысы табиғи», – дейді сатып алушылардың бірі.

Минаркүл Бейқұтқызы еңбекқорлықтың, табандылықтың және өз ісіне деген сүйіспеншіліктің нағыз үлгісі. Ол – ауылдың мақтанышы, жастарға үлгі. Оның өмірі – ешқашан кеш емес екенін, әрқашан жаңа бастамаларға жол ашық екенін дәлелдейді.

 

Есет ДОСАЛЫ

Қордай ауданы

 

 

Ұқсас жаңалықтар