орталық алаңда осындай ұранмен акция өтті
Қазіргі таңда адамдардың өмірін кездейсоқ жол-көлік оқиғаларынан қорғау мәні зор мәселелердің бірі болып отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарынан жантүршігерлік көлік апаттары туралы жиі естіп, біліп, жағамызды ұстап жататынымыз бар. Жыл басынан бері облысымызда 102 жол-көлік апаты тіркеліп, оның ішінде 129 адам жарақат алып, 2 адам қайтыс болған екен. Осындай орны толмас қайғылы оқиғаға әкеліп соғатын автожолдардағы апаттық жағдайды болдырмау мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жуырда қала орталығындағы «Достық» алаңында «Жол қателікті кешірмейді» тақырыбында акция өтті.
Іс-шараны Тараз қалалық ішкі істер басқармасының жол патрульдік полиция батальоны ұйымдастырды. Акция шымылдығын ашқан жол патрульдік полиция батальонының командирі Бақытжан Жолдасбеков жол ережесін білу мен оны дұрыс сақтауға ұмтылу әрбір адамның борышы екендігін жеткізді. «Жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын жетілдіру және насихаттау – баршаның ісі. Өкінішке қарай бүгінде жол-көлік апаты жиі орын алып отыр. Ағымдағы жылдың I тоқсандағы жол-көлік оқиғасының есептік көрсеткіші бойынша: жаяу жүргіншінің қателігінен 1 адам, жаяу жүргіншінің мас күйіндегі жол апатынан 1 адам, жүргізушінің жаяу жүргіншіні қағуымен байланысты апаттан 51 адам жарақат алып, оның ішінде 1 адам көз жұмған. Сонымен қатар, жасы кәмелетке толмаған және балалардың қатысуымен 20 адам жол-көлік оқиғасынан жарақат алған», – деді ол өз мәлімдемесінде. Бұдан кейін сөз алған қалалық №1 емханасының жарақат бөлімінің меңгерушісі Олег Шанюсов бүгінде осы апат түрімен жарақат алғандар көптеп кездесетінін айтты. «Күн сайын тиісті заңдылықтарды дұрыс орындамаудың зардабынан қаншама қайғылы оқиғалар болып жатады. «Жол қателікті кешірмейді» деген сөз дәл тауып айтылған. Астыңыздағы жүйрік темір тұлпармен сәл қателік жасасаңыз, орны толмас үлкен қайғыға алып келеді. Осындай оқыс оқиғалар облысымызда көптеп орын алуда. Мәселен, былтырғы жылы көлік апатынан жарақат алғандар саны 734 адамға жеткен, ал аталмыш апат бойынша тұрақты емделгендер саны 217 адамды құраған», – деген ол жүргіншіге де, жүргізушіге де жол ережесіне мұқият болуға шақырды. Сонымен қатар, орталық алаңда апатқа ұшыраған қиранды көліктер алып өтілді. Сондай-ақ, «Жол қателікті кешірмейді» ұран-жалауларымен байкерлер тобы қала көшелерімен жүріп өтті. Ал орталық алаңдағы сахнада №26 мектеп оқушысы Мейіржан Мелдебеков өз шығармашылығынан «Жол қателікті кешірмейді» өлеңін нақышына келтіре оқыса, «Жас инспекторлар қозғалысы» облыстық слетінің бірнеше мәрте жеңімпаздары, республикалық слет жүлдегерлері №11 мектептің жас инспекторлары жол ережесін қатаң сақтауға шақырған әндерін әуелетті. Шара соңында қатысушылар жол апатынан қайтыс болғандарды 1 минут үнсіздікпен еске алды.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Суретті түсірген Марина Рузматова.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді