Әзірлік – талап деңгейінде

Әзірлік – талап деңгейінде
ашық дереккөз
Әзірлік – талап деңгейінде

7Еліміздегі халық пен мемлекеттік билік бірлігінің және Ата Заңымыздың мызғымастығының, адам құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі болып табылатын Республика Президенті сайлауы өтетін күнге де санаулы ғана уақыт қалғандығы белгілі. Соған байланысты газетіміздің тілшісі облыстық аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Надежда Трофимовна Врублевскаяға жолығып, аса маңызды саяси науқанды өткізуге қатысты аумақтағы әзірлік жұмыстарының барысы туралы тілдескен еді.

– Тәуелсіз мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда республикамыздың атынан өкілдік ететін еліміздегі ең жоғары лауазымды тұлға – Мемлекет басшысы сайланатын сын сәтте, елдің билік тізгінін ұстайтын азаматқа таңдау жасауға тиіс электорат хақында және олардың азаматтық белсенділік деңгейі жайында не айтар едіңіз?

– Облыс аумағындағы сайлау құқығы бар азаматтардың бұған дейінгі елімізде өткен сайлаулардың барлығында да дерлік дауыс беру үдерісінде жоғары азаматтық белсенділік танытып келгендігін айта кеткен ләзім. Сондықтан, өңірдегі электораттың Республика Президентінің сайлауы өтетін ағымдағы жылғы сәуір айының 26-сы күні бір кісідей сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын жасайтындығына сенім мол. Ал сайлаушылар санына тоқталатын болсақ, биыл облыстың он ауданы мен Тараз қаласындағы барлығы 461 сайлау учаскесінде 514815 адам өз таңдауын білдіретін болады. Нақтылы кезеңде Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері сайлаушылар тізімдерін акт бойынша 435 учаскелік сайлау комиссиясына тапсыруды қамтамасыз етіп отыр. Ал адамдардың қатысуы шектелінген қалған 26 учаскелік сайлау комиссиясына сайлаушылар тізімі танысу үшін Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық Заңының 26-бабына сай сайлауға бес күн қалғанда берілетін болады. Учаскелік сайлау комиссияларындағы сайлаушылар тізімінің сайлау өткенге дейін сақталуын аталған комиссиялар қадағалайды. – Надежда Трофимовна, ендігі әңгіме желісіне сайлау учаскелерінің дайындығы туралы арқау етсек. – Бүгінгі таңда облыс аумағында аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларын қосқанда барлығы 678 сайлау комиссиясы жұмыс істеуде. Олардың құрамындағы 3987 адам республикада тіркелген 8 саяси партияның өңірлік құрылымдарының, 759-ы 22 қоғамдық ұйымның ұсынысы бойынша сайланған. Қазіргі кезде облыс қалалары мен аудандарындағы 461 сайлау учаскесі түгелдей сайлау өткізуге даяр. Олардың қай-қайсысы да сайлаушылардың жасырын дауыс беруіне арналған кабиналар және сайлау бюллетеньдерін салатын мөлдір жәшіктермен, телефон байланысымен, интернет ресурстармен, қажетті канцелярлық тауарлармен, сейфтермен, ұйымдастыру техникасымен, мемлекеттік рәміздермен толық жабдықталған. Сайлау өтетін күні ішкі істер органдарының қызметкерлері сайлау учаскелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтау және дауыс беру бюллетеньдері сақталатын орындарды күзету шараларын ұйымдастыратын болады. Республика Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетін күн белгіленгеннен бергі аралықта сайлау комиссиялары мүшелерін оқыту және сайлауды өткізуге әзірлеу мақсатымен облыс көлемінде 45 сайлау-тренинг өткізілді. Бұл үдеріс қазір де сабақтастығын табуда. – Енді сайлаушыларды тұрғылықты жері бойынша дауыс беру орны мен мерзімі жайлы хабардар ету мәселесінің қалай шешімін тауып жатқандығына тоқталсаңыз. – Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық Заңының 38-бабы 2-тармағына сәйкес әр учаскелік сайлау комиссиясы сайлауға он күн қалғанға дейін сайлау құқы бар барлық азаматтарды сайлау үдерісінің өтетін орны және уақыты туралы хабардар етіп үлгерді. Сол мақсатпен Тараз қаласы мен барлық аудандарда сайлау учаскесінің орналасқан жері мен дауыс беру уақыты көрсетілген шақыру билеттері әзірленіп, сайлаушыларға таратылды. Оның үстіне облыс аумағындағы көрнекті жерлерге Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өтетін күн мен мерзімі көрсетілген 97 баннер орнатылған. Бұдан өзге өңірдегі қалалар мен ауылдық елді мекендерде сайлаушыларды дауыс беретін жерге дейін тасымалдап жеткізетін қоғамдық көлік бағыттары жасалып белгіленген. Тек бір ғана Тараз қаласының өзінде ғана сайлау өтетін күні сайлаушыларға жүзден астам қоғамдық көлік бағыты қызмет көрсететін болады. – Өңірде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары қалай ұйымдастырылуда? – Ашығын айту керек, облыста құрылып, жұмыс істеп жатқан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сайлауалды қоғамдық штабтарының тарапынан күні бүгінге дейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарына үгіт материалдарын жариялау жөнінде бірде-бір тапсырыс түскен жоқ. Олар негізінен өз жұмыстарын сайлауалды көпшілік шараларын ұйымдастыру жолымен жүргізуде. Дегенмен, 17 сәуірге дейінгі аралықта облыстық мерзімдік басылымдарда кандидаттардың республикалық штабтарының жұмысы жайында ақпараттық қана мәні бар тең көлемдегі 48 материалдың жарық көргендігін айта кеткен жөн. Нақтылы кезеңде Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттардың сайлауалды штабтары волонтерлардың жұмысын ұтымды ұйымдастыруға және Президент сайлауына бақылаушы ретінде қатысатындардың тізімін жасап, нақтылауға жұмылдырылуда. – Облыс қалалары мен ауылдық елді мекендеріндегі сайлауалды әзірліктің барысымен танысып жүрген халықаралық байқаушылардың жұмысы төңірегінде әңгіме өрбітсек. – Ағымдағы жылдың 2 сәуірінен бастап облыста құрамы Норвегия мен Германияның өкілдері Даг Хэллесунд пен Бригитте Хоерден тұратын Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы ұйымының ұзақ мерзімді халықаралық байқаушылар миссиясы жұмыс істеуде. Олар облыста болған кезінде облыстық, Тараз қалалық және бірқатар аудандардағы аумақтық сайлау комиссияларының мүшелерімен, облыс және Тараз қаласының әкімдерімен, облыс прокуроры және облыстық ішкі істер департаментінің басшысымен кездесу өткізді. Сондай-ақ, республикалық Жалпыұлттық социал-демократиялық партияның аумақтағы филиалының және Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат А. Құсайыновтың сайлауалды қоғамдық штабының жетекшілерімен кездесті. – Сайлаушылардың құрамы туралы да оқырмандарды хабардар еткеніңіз жөн болар. – Жалпы, осы бағытта жүргізілген мониторинг қорытындысы сайлаушылардың 70208-ін зейнет жасындағылардың құрайтындығын көрсетті. Сондай-ақ, сайлаушылар қатарында 5377 әкімшілік мемлекеттік қызметші, 52975 білім, 20407 денсаулық сақтау, 2772 мәдениет, 2708 спорт саласының қызметкері, 26327 жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенті бар екен. Бір атап өтетін жай Республика Президентінің кезектен тыс сайлауында жасы биыл 18-ге толған 9809 жас азамат алғаш рет сайлауда дауыс беріп, өз таңдауын жасайтын болады. – Надежда Трофимовна, дауыс беру үшін сайлау учаскесіне келген сайлау құқы бар азаматтың сайлаушылар тізімінен өзінің аты-жөнін таба алмай қалуы да ықтимал ғой. Ондай оқиға орын алған жағдайда қандай шара қолданылуы тиіс? – Ондай қолайсыздықтардың болу ықтималдылығы сайлауға әзірлік барысында толық қарастырылған. Біріншіден, мұндай оқиға орын алғандай болса, сайлаушы қалыптасқан жағдай туралы учаскелік сайлау комиссиясына баян етуге тиіс. Өз кезегінде сайлау комиссиясының мүшесі сайлаушыны сайлау учаскесіндегі интернетке жалғанған кешенді компьютерлік құралдармен, телефон-факс аппаратымен жабдықталған және сайлаушының өтініш жазуына, сондай-ақ, оның тіркелген тұрғылықты мекен-жайын нақтылауға арналған арнайы бөлмеге кіргізіп, белгіленген формада өтінішін жазғызып алған соң, халыққа қызмет көрсету орталығына телефон арқылы хабарласу немесе электронды пошта, факс қолдану арқылы сауал жолдайды. Соның негізінде ХҚК орталығының қызметкері электронды пошта я болмаса факс арқылы әлгі азаматтың өз өтінішінде көрсеткен мекен-жайға тіркелгенін айғақтаса, онда сайлаушы сайлаушылар тізіміне енгізіліп, оған дауыс беру бюллетені берілетін болады. Сайлаушыларға жасалып отырған бұл мүмкіндікті сайлауды ұйымдастырудың жаңаша бір сипаты екендігін айту ләзім. – Әңгімеңізге рахмет!

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар