Кеше елдегі президенттік сайлауды байқау үдерісіне әзірлік шеңберінде «Сайлауды бақылаушылардың құқықтары мен міндеттері» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Іс-шараны Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылау бойынша республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының штабы ұйымдастырды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осындай семинарлар арқылы сайлауды бақылаушылардың мақсат-міндеттерін түсіндіру және байқау процесін жетілдіру көзделген. Семинар-тренингке республикалық «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті Бибігүл Жексенбай қатысып, мұндай шаралар барысында байқаушыларға қойылатын негізгі талап-міндеттер мен құқықтар айқындалып, жауапкершіліктер белгіленетінін атап өтті. Мәселен, саяси науқан кезінде әрбір сайлаушы Конституция мен Сайлау туралы заңнамадағы ережелер мен нормаларды қатаң сақтауы тиістігін, ал байқаушы сайлау үдерісіне бөгет жасамай, барлық үдерістің заңнамаларға сәйкес жүргізілуін қадағалап отыруы қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, сайлау кезінде кездесетін түрлі қарама-қайшылықтарға, әкімшілік заң бұзушылықтарға тоқталып, оларды болдырмау мен алдын алудың жолдарын айтып берді. Ал Қазақстан Республикасындағы сайлауды бақылау бойынша республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының төрайымы Парида Мамедова мұндай семинарлардың негізгі мақсаты – Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның миссиясы мен міндеттерін бірыңғай түсінуді қалыптастыру және байқау үдерісін жетілдіру екенін айтты. «Заң бойынша әр байқаушы сайлау учаскесі жабылғанша болуға, осы жердегі процестің бәрін бақылауға, комиссияның жұмысына өзінің жеке бағасын беруге, кемшіліктер тапса, бұл туралы өз ұйымының штабын құлағдар етуге құқылы. Байқаушының ең басты міндеті – сайлау процесінің заңнамаға сай өтуін қадағалау. Сонымен қатар, сол жердегі комиссияға көмек көрсетуі тиіс, бірақ оның жұмысына кедергі жасамауы қажет», – деді ол. Семинар барысында байқаушылардың сайлау процесіндегі шешуші рөлі, байқау үдерісінде ақпараттық технологияларды пайдалану мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, сайлаудың халықаралық стандарттары мен 2011 және 2012 жылдардағы сайлау науқанындағы республикалық қоғамдық комиссияның тәжірибесін талдауға ерекше көңіл бөлінді.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді