«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҰЛЫҚТАЙ БЕРСЕ ЕКЕН ҰРПАҚТАРЫ

ҰЛЫҚТАЙ БЕРСЕ ЕКЕН ҰРПАҚТАРЫ
ашық дереккөз
ҰЛЫҚТАЙ БЕРСЕ ЕКЕН ҰРПАҚТАРЫ

Баршамыз үшін Жеңіс күнінің орны да, жөні де бөлек. Ал біздің отбасымыз үшін тіпті ерекше. Өйткені, біз соғыстың атын тек теледидардан естіп, газеттен оқыған жоқпыз. Әкеміз Әлжан Ташеков 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, соғысқа Орел қаласының түбінен аттанды. Әскери өмірге тез бейімделіп, қажетті іс-әрекеттерге машықтанып қалған жас солдат пен оның қарулас жолдастары еш саспастан алғы шепте жүріп шайқасты. Аға сержант Ә.Ташеков барлаушы, сапер, минер болып, бірнеше фашисті тұтқындап «тіл» алып, ерліктің үлгісін көрсеткен. 1942 жылдың желтоқсанында Москва түбінде КПСС мүшелігіне кандидат болып қабылданып, 1944 жылы майдан өтінде мүшелікке өтеді. Осылай әкеме аса сын сағатта сенім артылады. Жауынгер жеңісті 1945 жылы Одер түбінде қарсы алғанымен, артынша шығыстағы майданға жіберіліп, Хасан көлінде екі жыл жапон милитаристерімен шайқасты. Елге 1947 жылы оралды. Қос майданның қаһарманы соғыстан соң да ел қатарлы еңбек етіп, анамыз М.Дакенова екеуі саналы ұрпақ тәрбиледі. Ұзақ жылдар бойы әртүрлі салада, ауданның бірнеше білім мекемелерінде шаруашылық жайын басқарды. Отбасымызда 10 ұл-қыз болсақ, бәріміздің аяқтанып, азамат атына лайық болып өсуімізге ата-анамыздың сіңірген еңбегі зор, әрине. Үйде әкеміздің соғыста көрсеткен ерліктері үшін берілген орден, медальдары көздің қарашығындай сақтаулы. Олардың қатарында І дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз» ордендері мен өзге де ондаған медальдары, Жоғарғы қолбасшының 10 Алғыс хаты бар. Өмірі өнегеге толы әкеміз 1990 жылы өмірден озғанша ауыл-аймақта, туған-туыстың арасында зор абыройға ие болды. Соғыстағы ерліктерін қазір немере-шөберелеріне айтып, үлгі етіп отырамыз. «Ер есімі – ел есінде» демекші, әкеміздің көзін көріп, еңбегін бағалаған аудан басшылығы мен ауылдастары 2003 жылы туып-өскен жері Көктерек ауылының бір көшесіне Әлжан Ташеков есімін берді. Жұмысына адал, үлкенге ізет, кішіге қамқор бола білген әкеміздің ерен еңбегін бағалған ел-жұртымызға, ауылдастарымызға, ауыл, аудан басшыларына алғысымыз шексіз! Сонымен қатар, аудандағы «Ерлік даңқы» саябағында да әкеміздің есімі тарихи тасқа қашалып жазылған. Кез-келген құрметке де лайықты майдангерлеріміз осылайша жер-жерде ұлықтала берсе екен дейміз!

Шолпан ӘЛЖАНОВА, зейнеткер.

Мойынқұм ауданы.

Ұқсас жаңалықтар