ОТАН ҮШІН ОТҚА ТҮСКЕН
жамбылдық дәрігер-майдангерлер туралы сыр Ұлы Отан соғысы жылдары көптеген медицина қызметкерлері майданға қатысып, соғыс даласы мен әскери госпитальдарда жараланған әскерлер мен офицерлерге, тіпті, жергілікті халыққа күн, түн демей медициналық көмек көрсетіп, қан кешіп жүріп аянбай еңбек етті. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында жарақат алған солдаттар мен офицерлердің басым көпшілігі қатарға қосылып, майдан даласына қайта араласып, Ұлы Жеңіс үшін қан мен тер төкті.
1941 жылы тек бір ғана біздің облыстың 123 медицина қызметкері әскер қатарына алынды. Сұрапыл соғыс даласындағы әскери госпитальдарда біздің облыстан шақырылған 500-ге жуық медицина қызметкерлері қажырлы еңбек етті. Олардың басым көпшілігі Мәскеуден Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сонда қарсы алды. Атын атап өтсек, олар көп жылдар облыстық ауруханада еңбек еткен хирургтер Н.О.Мұқышев, Г.Әбдікәрімов, А.В.Леонтьев, С.А.Александров, терапевтер Н.Е.Нұғыманов, Н.Ф.Голубев, Е.М.Исеналиева, Е.А.Понамаренко, Б.А.Баймұханов, Н.А.Фирсов, А.П.Капасакалис, медбикелер А.Д.Палий-Зеленцова, М.Л.Яременко, А.Н.Анисимова, В.А.Качерга, Е.П.Павличева, Т.А.Радченко, фельдшер Г.К.Ильченко және тағы басқалар.
Облыстық аурухананың сол жылдардағы бас дәрігері, хирург Гулам Гафурович Әбдікәрімов 1942 жылы майданға аттанып, атақты генерал И.В.Панфилов атындағы 8-ші гвардия дивизиясының құрамында әскери борышын атқарды. Мыңдаған жараланған жауынгерлерге әскери дала госпитальдарында ота жасап, қан құйып, уақытпен санаспай хирургиялық көмек көрсетті. Сөйтіп, Жеңісті әскери госпитальдың ота бөлмесінде қарсы алды. Әскери қызметі үшін «Қызыл жұлдыз», II дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталды. Соғыс аяқталғаннан соң Таразға оралып, көп жылдар бойы облыстық ауруханада абыроймен еңбек етті. Ол облыста қан құю стансасы мен санитарлық авиацияның іргесін қалаған дәрігер болатын.
Нағым Отарғалиұлы Мұқышев 1936 жылы Алматы медициналық институтын аяқтап, Кеген, Қарсақпайда хирург болып еңбек етті. Оның тыныш бейбітшілік өмірін 1941 жылы басталған Ұлы Отан соғысы үзіп кетті. «Жау жағадан алғанда менің мұнда тыныш еңбек етіп жүргенім дұрыс болмас» деп ой түйген ол жергілікті әскери комиссариатқа барып, майданға сұранды. Көп ұзамай ол сөйтіп әскери медсанбатқа алынды. Шым-шытырық күтпеген оқиғалардың, қантөгістің ортасында жүріп ол тәжірибесі мол оташы ретінде хирургиялық көмек көрсетті. Жаңбырша жауған оқтан бас сауғаламай, күндіз-түні от-жалынға оранып жүріп І Беларуссия майданының медсанбатының жетекші хирургы болып еңбек етті. Оның алдынан бірнеше жүздеген жаралы әскери адамдар өтіп, ем-дом алды, сауығып, соғыс даласына оралды. Майдандағы еңбегі еленіп ол «Ұлы Отан соғысының І дәрежелі», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен наградталды. Ұлы Жеңісті Алмания жерінде қарсы алды. Соғыс бітсе де оның зардаптарына ұшыраған жандарды қатарға қосу үшін 1952 жылдың аяғына дейін Алманияда, Польшада, Ресейдің әскери госпитальдарында белді хирург болып қызмет атқарды. 1953 жылы денсаулығына байланысты отставкаға шығып, Қазақ ССР-ның Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы жолдамасымен облыстық аурухананың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып қызметке келді. Облыс көлемінде бұрындары жасалмайтын хирургиялық, травматологиялық, нейрохирургиялық операцияларды енгізіп, шәкірттер дайындап, хирургиялық өз мектебін ашты. Жар құлағы жастыққа тимей аудандық ауруханаларда болып, күрделі оталар жасап, хирургиялық операциялардың диапазонын кеңейте түсті. Бұл қызметті ол зейнеткерлік жасына дейін абыроймен атқарып, денсаулығына байланысты 1975 жылы еңбек демалысына шықты. Соған қарамай хирургияны өмірінің мәніне айналдырған ол 1984 жылға дейін кеңесші-хирург болып еңбек етті. Ауруханаға қиналып келген талай науқастардың ауруын дәл анықтап, ота жасаудың тәсілін айтып, олардың дертінен дер кезінде айығып кетуіне зор үлес қосты. Мәскеу, Минск, Киев, Ленинград қалаларының беделді клиникаларында болып, олармен байланыс орнатып, шеберлігін арттыру мақсатында еңбек етті, білгенін жалықпай жас әріптестеріне үйретті. Кейін олардың біразы кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғап, Жамбыл өңірінің мақтанышына айналды. Оның ерен еңбегі көптеген наградалармен бағаланды. Оған республикамыздың еңбек сіңірген дәрігері атағы беріліп, «Еңбек Қызыл ту» орденімен және медальдармен марапатталды. 2004 жылы облыстық хирургия ғимаратына оған арнап шәкірттері мемориалдық тақта орнатып, есімін ардақтады. «Жақсының аты, ғалымның хаты өшпейді» деген дана сөз осындайдан шыққан болу керек. Қалың жұртпен жақын жүріп, халқы үшін аянбай еңбек етіп, артында жарық жұлдыздай із қалдырған тұлғаға айналу қандай ғанибет, шіркін!
Майдангер дәрігер Сергей Александров та майдан даласында 1943-1945 жылдары қызмет етіп, талай жанды өлімнен құтқарып, дәрігерлік көмек көрсетті. Майданда көрсеткен жәрдемі еленіп, бірнеше ордендер, медальдармен марапатталды. Соғыс аяқталғаннан кейін Жамбыл өңіріне оралып, көп жылдар бойы облыстық ауруханада зейнетке шыққанға дейін ұзақ жыл акушер-гинеколог болып еңбек етті.
Нығмет Есентайұлы Нұғманов (1911-1971) 1936 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, біраз жыл дәрігер-терапевт болып еңбек етті. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, әскери госпитальдарда қызмет атқарды. Отан алдындағы еңбегі бағаланып, Ленин және «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, «Майдандағы ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградталды. Соғыстан кейінгі жылдары облыстық ауруханада терапевт, бөлім меңгерушісі болып еңбек етті. 1961-1971 жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті қызметін атқарды. Оған «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер» атағы берілді.
Дәрігер Баймаханов Борис Ағдамұлы қан майданның ортасында 4 жылға жуық болып, сұрапыл соғыста жарақат алған әскерлерге қажетті медициналық көмек көрсетті. Көптің алғысын алып, көптеген ордендер мен медальдарға ие болды. Соғыстан кейінгі жылдары облыстық ауруханада патологоанатомиялық бөлімшені басқарып, облыстық судмедэкспертиза бюросында дәрігер-сарапшы болып еңбектенді.
Коммунист-дәрігер Исеналиева Екатерина Малаевна (1913-1981) 1939 жылы Саратов медициналық институтының педиатрия факультетін тәмамдаған. Ұлы Отан соғысына қатысып, 1942-1945 жылдары дала әскери медсанбатында, госпитальдарда аса қажырлықпен еңбек еткен. Көптеген мемлекеттік медальдармен марапатталған. 1946 жылы Жамбыл қалалық балалар ауруханасына қызметке келді. 1947 жылы осы аурухананың бас дәрігері қызметіне тағайындалып, зейнеткерлікке дейін абыроймен еңбек етті. 1962 жылы «Қазақ ССР-ның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді.
Леонтьев Александр Васильевич (1912-1977) 1938 жылы Иванов медициналық институтын тәмамдаған. Ұлы Отан соғысы жылдары әсери госпитальда жанқиярлықпен еңбек етті. Соғыс жылдарындағы еңбегі еленіп, «ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендері мен «Кенигсбергті алғаны үшін», «Жеңіске қосқан үлесі үшін» және де көптеген медальдармен марапатталды. Майданнан кейін дәрігер-травматолог болып облыстық ауруханада, 1952-1955 жылдары әскерге кері шақырылып, әскери медсанбаттың травматология бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1960-1972 жылдары облыстық аурухананың травматология бөлімшесін басқарды. Зейнетке шыққаннан кейін де емханада травматолог болып еңбек етті.
Елена Александровна Понамаренко Харьков медицина институтының емдеу факультетін 1938 жылы бітіріп, Украинада дәрігер-терапевт болып еңбек жолын бастады. Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс басқыншылары окупацияланған аймақта болып, астыртын жұмыстарға белсене атсалысты. 1944 жылдан соғыс аяқталғанша №5979 эвакогоспитальда дәрігер болып, жарақаттанған майдангерлерге көмек көрсетті. 1946 жылы Ұлы Отан соғысы майдангерлеріне арналған емханада еңбек етіп, 1946 жылдың аяғында әскерден демобилизация болған күйеуі екеуі Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына қызметке келді. Көп жылдар бойы облыс тұрғындарына медициналық көмек көрсетіп, 1952-1971 жылдары облыстық аурухананың терапия бөлімшесінің меңгеруші қызметін абыроймен атқарды. Ерекше кәсіби қабілеті мен ерен еңбегі үшін «Қазақстан ССР-ның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріліп, бірнеше мемлекеттік медальдармен наградталды. 1990-шы жылдардың басында зейнетке шығып, Ресейге қоныс аударды.
1941 жылы 19 қыркүйекте Жамбыл стансасының клубында алғашқы эвакогоспиталь ашылып, пойызбен жеткізілген майданда жарақаттанған әскери қызметкерлерді қабылдады. Кейінірек Жамбылдан басқа, Меркі және Шу стансаларында 360 төсектік әскери госпитальдар ұйымдастырылып, оған қоса соғыс жүріп жатқан аймақтардан барлығы 1500 төсектік 4 әскери госпиталь көшіріліп әкелінді. Олар темір жол клубтарында, жергілікті қонақ үйлері мен балалар шипажайларында, мектептер мен кеңселерге орналастырылды. Госпитальдарда қызмет еткен медицина қызметкерлері майданда жарақаттанған әскерлердің тез айығып, қайта сапқа тұруына көп үлес қосты. Негізінен әскери госпитальдарда бірінші және екінші топтағы мүгедектер болатын. Олардың біразы жарақаттарының асқынуынан көз жұмып, соғыс қасіретінен мәңгілік тыныштықты осында тауып, жергілікті зираттарға жерленді. Сондай бейіттің бірі қазіргі Тараз қаласының батыс жағындағы Қарасу аймағындағы ескі үлкен қорымда. Оның басына кейінірек қызыл тастан ескерткіш-құлпытас қойылды. Мұндай госпитальдарда қайтыс болған жауынгерлердің ескі зираттары Меркі, Шу, Т.Рысқұлов және Жуалы аудандарында да бар. Оларға бас иіп, тағзым ету бүгінгі жастардың парызы.
Соғыс жылдары майдан даласында мыңдаған орта буын медицина қызметкерлері жарақаттанған әскерлерге медициналық көмек көрсетіп, олардың біраз бөлігін ажал тырнағынан алып қалғаны белгілі. Олар туралы газет пен журналдардан, кинофильмдер мен монографиялардан көптеген мәлімет алуға болады. Мысалы, медбике қазақ қызы туралы Кеңес Одағының Батыры генерал-полковник Д.Драгунский кезiнде былай деп жазыпты: «Сұмдық көрiнiстiң куәсi болдым. Алға ұмтылған танкінiң бiрi отқа оранды. Қарасам, Қызыл Крест белгiсi бар өрiмдей қыз жалын құшқан машинаның қақпағын ашып қойып кеттi. Осылайша ажал апатына төрт рет сүңгiп, төрт танкистi құтқарды». Бұл топалаң соғыстың бір шағын ғана көрініс-эпизоды. Ал оның қаншамасы көзге ілінбей, кинокамераға түспей, кітап-газетке жазылмай қалды...
Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысының шешімімен табыс етілетін Флоренс Найтингейл атындағы медальға ие болған қазақстандық ардагер-медбикелер Рәзия Ысқақова (Шымкент), Мария Петровна Смирнова-Кухарская (Көкшетау), А.М.Дмитриенко (Тараз) және де басқалар есімдері ел есінде сақталуда.
Әр екі жыл сайын бүгінге дейін ең үздік медбикелерге Флоренс Найтингейл атындағы 50 медаль тапсырылуда. Сол марапат иелерінің бірі, біздің жерлесіміз А.М.Дмитриенко екенін мақтанышпен атап өткеніміз жөн.
Медбикенің еңбегі тек соғыс жылдары ғана емес, бейбітшілік кезінде ерекше бағаланады. Мысалы, 2008 жылы Донецк облысының Енакиево поселкасының медбикесі Людмила Власова Карл Маркс атындағы шахтада 2008 жылдың 8 маусымында орын алған апатта жұмысшыларға көрсеткен медициналық көмегі үшін Халықаралық Қызыл Крест комитеті медбикелердің ең жоғары наградасы – Флоренс Найтингейл медалімен марапаттады.
Облыс аймағындағы госпитальдарда жергілікті медицина орындарының қызметкерлері де еңбек етіп, ауруларды емдеуге барынша жәрдем берді. Тылда еңбек еткен дәрігерлер мен медбикелердің еңбектері еленіп, біраздары мемлекеттік наградаларға ие болды. Мысалы, дәрігер И.И.Татаринцев «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, Щукина мен Меткина «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен, 13 адам Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен дәрігерлер мен медбикелер де ордендер мен медальдарға ие болды. Қанша жылдар өтпесін жастық шақтары соғыс өртіне шалынған, майдан даласында етікпен су кешкен, суыққа тоңып, ыстыққа күйген әріптестерімізді әрдайым құрметпен еске алып, оларға тағзым етеміз. Өйткені біз оларға мәңгі қарыздармыз. Оларға арналып аурухананың мұражайында арнайы бұрыш ұйымдастырылып, тарихи материалдар жинастырылған.
Соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары жеңіл өткен жоқ. Бұл жалпы ел үшін ауыр жылдар еді. Сол еңбеккерлердің денсаулығын қадағалап, эпидемиялық қауіпті аурулардың таралмауына, соғыстан қайтқан жаралы жандарды аяғына тік тұрғызуға медицина қызметкерлерінің үлесі аз болған жоқ. Уақыт талабы солай болды, олар аянбай, уақытпен санаспай, күндіз-түні халыққа қалтқысыз қызмет етті.
Егер мемлекет жағынан денсаулық ісіне көрсетілген қамқорлық болмағанда көптеген қиындықтар туындар еді. 1939 жылы облыстық денсаулық сақтау саласына 6790 мың рубль бөлінсе, 1945 жылы оның көлемі 14000 мың рубльге жетті. Облыс бойынша 1939 жылы жалпы стационарлық төсек саны 766 болса, 1945 жылы оның саны 1208 төсекке жеткізілді. Ауылдық жердегі дәрігерлік-емдеу орындарының саны 1939 жылы бар болғаны 12 болса, 1945 жылы олардың саны 27-ге толды.
1946 жылы облыс көлемінде 87 дәрігер, 332 орта буын медицина қызметкерлері еңбек етті. Ауруханалардағы стационарлық төсек саны 665-ке жетіп, бөлінген қаржы көлемі 15739 рубль болды.
Ұлы Отан соғысы жылдары «Барлығы Отан үшін, барлығы Жеңіс үшін» деп еңбек еткен медицина қызметкерлерінің ерен еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын олар сиреп барады. Оларды құрметтеу, ардақтау біздің парызымыз. Қан майданда толарсақтан саз кешіп, оқ пен оттың, өлім мен өмірдің арасында жанталасып фашистермен күрескен – бүгінгі қарт ардагерлерді қалай ардақтасақ та жарасады.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Атқарылған іс – арқалаған сенімді ақтайды
- 21 қараша, 2024
Облыс әкімі азаматтарды қабылдады
- 21 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді