«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бүкіл құжатты жатқа біледі

Бүкіл құжатты жатқа біледі
Автор
Шайдана ауылындағы орта мектептің іс жүргізушісі Гүлшат Абжапарованы әріптестері «Архивтің бастығы» деп атайды. Олай деуге негіз де жоқ емес. Жиырма жыл мектептің іс жүргізушісі болып жұмыс істеген оның қолынан өтпеген құжат жоқ. Қазір де бәрін жатқа біледі. Мектеп директорынан бастап ұжымның кіші қызметкеріне дейін іздегенін осы кісіден табады.

Гүлшат Айтжанқызы Жамбыл медициналық колледжін «фармацевт» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын қаладағы дәріхананың бірінде қабылдау қоймасының қойма меңгерушісі болып бастайды. Одан кейін «Пионер» совхозында аспаз болып еңбек етеді. Ал 2006 жылы Шайдана бастауыш мектебіне іс-жүргізуші болып орналасады. Зейнет жасына жақындаған ол бүгінде орнын жас маманға беріп, өзі лаборант болып жұмыс істеп жүр.

– Мектепте іс-жүргізуші болып қызметті атқарғаныма биыл 20 жыл толды. Бұл жылдары үш мекеме басшысымен жұмыс істеп, мектептің барлық іс-құжатын жүргіздім. Енді, міне, орныма жас маманды дайындап жатырмын. Іс жүргізуші жай хатшы ғана емес, ол мектеп директоры мен оның орынбасарларының үлкен көмекшісі. Бұйрықтар шығарады, өтініш қабылдайды, мұғалімдердің құжаттарын жинап, түгендеп отырады. Одан басқа да толып жатқан, көзге көрінбейтін жұмысы көп. Осының барлығын үйрену үшін жас маман іс-жүргізушінің орнында отыруы керек. Сонда оны үйрету маған да жеңіл болады. Қазір жаңа жұмысымды атқара жүріп, жас маманды іс-құжаттарды жүргізу барысына біртіндеп үйреніп келемін. Оның да талпынысы жоғары, үйреткенімді қағып алып жүр. Оқу жылы аяқталғанға дейін жақсы маман болып шығады деген сенімім мол, – дейді ол.

Еңбегі елеусіз емес. Жұмыс барысында басшылық тарапынан алған марапаттары бар. Ал Гүлшат Айтжанқызының жұбайы Еркін Юсупов «Еділ» шаруа қожалығының жетекшісі. Егін және мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған. Олар немере сүйіп отыр. Мектеп директоры Сандуғаш Есбулаеваның айтуынша, Гүлшат өз ісін жақы білетін, жұмысына жауапкершілікпен қарайтын маман.

«Гүлшат Айтжанқызы ұжымдағы көргені көп, ортасында сыйлы азаматша. Мектептің бар бұйрығы осы кісінің қолынан өтеді. Мектептің ішкі тыныс тіршілігіне араласып, ойын айтып, жастарға бағыт-бағдар беріп отырады. Қолына түскен бар қағазды тап-тұйнақтай етіп ұстайды. Жақында өзімен кеңесе, пікірлесе отырып, ол кісіні келісімімен лаборант лауазымына ауыстырдық. Енді орнына жас маманды үйретуде. Бір сөзбен ойымды түйіндейтін болсам, ұжымдастары айтқандай, ол мектептің архивінің бастығы. Бәрін осы кісіден сұраймыз. Ұжымдық шартта не бар, жоғын сұрасақ та жатқа айтып бере алады. Өйткені құжаттардағы барлық өзгерісті бізге айтып, қандай өзгертулер орын алғанына дейін біледі. Бұл оның зеректігін, әрі білімінің жоғары екенін көрсетеді. Біз Гүлшат Айтжанқызын зейнет жасына жақындаса да ортамыздан осы біліктілігі үшін жібергіміз жоқ», – дейді мектеп директоры.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар