«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әкем барда мен баймын

Әкем барда мен баймын
Автор
Тараз қаласындағы №46 орта мектепте өткен Әкелер форумында бала тәрбиесі, әке жауапкершілігі, отбасы құндылықтары туралы ашық әңгіме өрбіді. Форумды мектеп директоры Мария Айтбекова жүргізіп, жиынға облыстық мәслихаттың депутаттары Ерұлан Мағзымбеков пен Оралхан Дәуіт, Тараз қаласы полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Берік Сәлемов, Тараз қалалық білім бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Баймұрат Жақсыбеков, Тараз қаласы №67 орта мектебінің директоры Мұрат Тұрысбек және Тараз қалалық мәслихатының депутаттары мен атааналар қатысып, өз ойларын ортаға салды.

Бұл кездесу – тек басқосу емес, бұл – тәжірибе алмасу, ой бөлісу, әкенің қоғамдағы және отбасындағы рөлін тереңірек насихаттауға арналды. Қазақ халқы «Әке – асқар тау» дейді. Расында да, әке – отбасының қорғаны, тәрбие тірегі, баланың өмірдегі алғашқы ұстазы.

– Осы форумға шақырып, әке тәрбиесі туралы ойыңызды айтсаңыз дегенде ең алдымен өз әкем есіме түсті. Және балаларымның тәрбиесін ойладым. Әкеміз қарапайым ғана жұмыс істесе де балаларының адал болуын қалады. Және өзі бізге үлгі, өнеге көрсете білді. Ісімен де, қарапайымдылығымен, әділдігімен, ішкі сырымызды ұғатын. Қазіргі таңда ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлін әлсіретіп алмаудың маңызы зор. Балаларымыз лайықты азамат болып өсіп, ұлт болашағы жарқын болуы үшін ұрпақ тәрбиесіне бүгіннен ерекше көңіл бөлу қажет. Үйдегі әке мен ананың бір-біріне қарым-қатынасынан үлгі алған бала ертеңгі күні соны қажетіне жаратады, санасына сіңіреді, – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Ерұлан Мағзымбеков.

Келесі кезекте форум қонақтары Б.Сәлемов, Б.Жақсыбеков, М.Тұрысбек және жиынға келген ата-аналар сонау балалық шақтарынан сыр шертіп, әке тәрбиесінің маңыздылығына тоқталып, бала тәрбиесінде әкенің ең басты міндеті қандай, әке мен бала арасындағы сенімді қалай қалыптастыруға болады, деген сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Мектеп оқушылары мен мұғалімдері әзірлеген «Әкем барда мен баймын» монологы мен көріністер көпшіліктің көңілінен шықты. Отан – отбасынан басталады. Отанның негізі мен тірегі, қайнар көзі отбасы екендігі белгілі. Ендеше Тараз қаласындағы №46 орта мектепте өткен Әкелер форумы қазіргі әкенің бейнесі, әкенің рөлі, жауапкершілігі төңірегінде қызу пікірталас өрбітіп, көпшілікке үлкен ой салды.

 

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Ұқсас жаңалықтар