250 миллион теңге

250 миллион теңге
ашық дереккөз
250 миллион теңге

21«Тараз көлік жолы» ЖШС Сарысу ауданына осындай инвестиция салуда

Жол – экономика күретамыры. Барыс-келіс пен алыс-берісте жол қатынасы айрықша маңызға ие. «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген сөз текке айтылмаса керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында «Жол – шын мәнінде өмірдің өзегі, бақуатты тірліктің қайнар көзі. Барлық аймақтар теміржолмен, тасжолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек», деп ерекше атап көрсетті. Еліміз, оның ішінде облысымызда бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай игілікті істер атқарылуда. Бұл салаға аймақта жыл сайын орасан қаржы бөлінуде. Соның нәтижесінде соңғы кезде облысымыздағы жолдың 70 пайызы тәуір және қанағаттанарлық деген дәрежеге жеткізілді. Ортақ іске біздің «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзіндік сүбелі үлесін қосуда.

«Тараз көлік жолы» ЖШС облыс және еліміздің аумағында ұшып-қону жолақтары мен автомобиль жолдарын салу және жөндеумен шұғылданады. 2000 жылы құрылған кәсіпорын орта бизнес субъектісі болып табылады, бірінші санатты лицензиясы бар. Кәсіпорынның аумағы 10 гектар. Өндірістік базасы бар. Онда бір ауысымда 2 мың тонна асфальтбетон өндіретін 5 зауыт, целлюлоза қоспасын әзірлейтін агрегат, битум сақтайтын қойма, бетон ерітіндісін дайындайтын желі, бетон, құм араластырғыш қондырғы жол белгілерін шығаратын цех орналасқан. Сондай-ақ, Байзақ ауданының аумағында ұсақтап, сұрыптайтын қондырғы орнатылған карьеріміз бар. Онда қиыршық тас, шағал және құм өндіріледі. Серіктестік өндіретін өнімнің 14 түріне сәйкестік сертификаты берілген. Кәсіпорын жол салу және жөндеуге қажетті материалдың 80 пайызын өзінде шығарады. Жаңа технология – бәсекеге қабілеттілік кепілі. Материалдық-техникалық базамызды жаңартуға жыл сайын 200 миллион теңгеден астам қаржы бөлеміз. Соның нәтижесінде соңғы жылы техниканың жалпы саны 200 бірліктен асты, оның 90 пайызы жаңа. «Тараз көлік жолы» ЖШС өзі құрылған 14 жылдан астам уақытта облыс және республика аумағында 460 шақырымнан астам жолды «сауықтырды». Оның ішінде 39 шақырымы жаңадан салынды, 257 шақырымы күрделі жөндеуден өткізілді, орта жөндеудің үлесіне 167 шақырым тиеді. Аймақта кейінгі кезде жол салатын және жөндейтін компаниялар көбейіп келеді. Сондықтан да мемлекеттік сатып алу конкурстарында құрылыс жұмысын уақтылы әрі сапалы жүргізетін мердігерлер ғана ұтып алады. Біз бәсекеге қабілетті болу үшін жұмыс сапасын арттырудың барлық жолдарын үздіксіз іздестірудеміз. Мәселен, «Шиелі-Байқоңыр» автомобиль жолын қайта жарақтандыру кезінде оның пайдалану мерзімінің ұзақтығы мен төзімділігін арттыру үшін жаңа қоспалар енгіздік. Химиялық «Полидор» және «Полибонт» химиялық қоспалары жолдың сапасын едәуір нығайтуға мүмкіндік берді. Іс тетігін қашанда мамандар шешеді. Серіктестікте тұрақты жұмыс істейтін білікті мамандар шоғырланған. Қазір қызметкерлеріміздің саны 300-ден асты. Аға буын өкілдері өндіріске жаңадан келген жастарға өздерінің жинақтаған тәжірибесін жалықпай үйретеді. Соның нәтижесінде бізде кадр тұрақтамаушылығы жоқ. Өз істеріне жауапкершілікпен қарайтын, тапсырмасын тиянақты орындайтын жолшыларға тұрақты қамқорлық көрсетіліп отырады. Жол салу кезінде олар тегін тамақпен және арнайы киіммен қамтамасыз етіледі. Денсаулықтарын түзету үшін шипажайларға тегін жолдама беріледі. Білімі мен тәжірибесін жетілдіру үшін қысқа мерзімдік курстарға жіберіледі. Біздің кәсіпорын құрылған кезден бастап аймақтың әлеуметтік өміріне белсене араласуда. Соңғы екі жылдың өзінде ғана қайырымдылық шараларына 100 миллион теңгеден астам теңге аудардық. Ол қаржы Тараздағы көп қабатты үйлердің ауласын, гүлзарларды, мектеп, балалар бақшасы, футбол алаңы және басқа да әлеуметтік нысандарды жөндеу және көріктендіру, көгеріштендіруге жұмсалды. Біз бұл ізгі ісімізді келешекте де жалғастыра беретін боламыз. Бүгінде еліміздегі аса маңызды міндеттердің бірі – жаңа жұмыс орындарын құру, оған еңбекке қабілетті азаматтарды тарту болып табылады. Сондықтан да біздің мекеме Сарысу ауданының экономикасын өркендету үшін оған 250 миллион теңге инвестиция құюға шешім қабылдады. Қазір Жаңатастың индустриялық аумағында Украинаның «Кредмаш» кәсіпорнында шығарылған, қуаты сағатына 56 тонналық асфальт араластырғыш қондырғыны және Ресейдің «Канмаш» АҚ шығарған, бір ауысымда 300 текше метр өнім шығаратын ұсақтау, сұрыптау кешенінің қондырғыларын орнатудамыз. Аталған жоба облысымыздың индустриялық картасына енгізілген 9 жобаның бірі. Оны мамыр айының соңында іске қосу көзделуде. Мұның өзі Сарысу ауданының бюджетіне құйылатын салықтық түсімді молайтып, жаңа 40 жұмыс орнын ашады. Сарысу және Талас аудандарының тұрғындарын асфальтбетон және инертті материалдармен қамтамасыз етеді. Аталған өндіріс орындары тұрақты жұмыс істеген кезде жол салу және жөндеуге кететін шығын едәуір азаяды. Жол салу мерзімі де қысқарады.

Луиза Батчаева, «Тараз көлік жолы» ЖШС директоры.

Ұқсас жаңалықтар