«Жастар – Отанға!» бағдарламасы қабылданды

«Жастар – Отанға!»  бағдарламасы қабылданды
ашық дереккөз
«Жастар – Отанға!» бағдарламасы қабылданды

Атанада «Жас отан» жастар қанатының кезектен тыс ІІІ съезі өтті

9 сәуір күні Астанада «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының кезектен тыс ІІІ Съезі өтті. Съезге еліміздің барлық өңірлерінен жалпы саны 2000 делегат қатысты. Олардың ішінде жамбылдық 42 делегат пен жастар ұйымдарының көшбасшылары, шығармашыл, ғылыми, жұмысшы және ауыл жастарының өкілдері де бар. 

Елдің барша белсенді жасы мен Отан жанашырларының басын қосқан бұл алқалы жиында «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудағы жастардың рөлі кеңінен талқыланды. Сьезд жұмысы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық универсиетінің қабырғасында секциялық жұмыс түрінде жалғасты. Онда «Қазақстан 2050»: біз ел келешегін қалай елестетеміз?, «Нұрлы жол» бағдарламасы және жастар, «Жас Отан» жұмысының жаңа пішімі: PR-акциялар мен жобалық қадам, Жастар проблемасы: сын-тегеуріндер ме, әлде мүмкіндіктер ме? «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы – болашақ жеңістердің бағдары сынды тақырыптар талқыға түсіп, жастар өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жастар саясатын іске асыруда басты құжат болып табылатын «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. – Бүгінгі қабылданып жатқан «Жастар – Отанға!» бағдарламасы жастарды табысты келешекке жетелейтін идеологиялық бағдар болып табылады. Бағдарламадағы барлық мақсаттар мен міндеттер еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясының идеясына арқа сүйеген және оны табысты іске асыруға бағытталған. Бағдарламада «Қазақстан-2050» Стратегиясы, «Нұр Отан» партиясы Доктринасы мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты сияқты стратегиялық құжаттардың негізгі ережелері көрініс тапқан. Бағдарлама төрт негізгі бағыттан тұрады: отаншылдық пен тұлғалық даму, білімге ұмтылу, еңбек пен кәсіби жетілу, игілікті отбасы. Жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі міндеттерді тізіп шығу емес, оны іске асырудағы жаңа тұжырымдама болып табылады. Жастар тек игілікті алушылар ғана емес, оның бастамашысы және аталған бастаманың тікелей орындаушылары да болады. Жастардың мұндай кешендік нақты шаралары, партия мен «Жас Отанның» қайта жүктеу үдерісіне сәйкес келеді, – деді «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Нұрлан Сыдықов ІІІ Съезде сөйлеген сөзінде.

Ал кеше қазақстандық жастар арнайы ұйымдастырылған форумға қатысты.

* * * Съезге және форумға қатысқан жамбылдық жас делегаттардың пікірі

21Уәлихан Болатбек, «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының жетекшісі: – Съезде «Жастар – Отанға!» деп аталатын «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданды. Бұл құжаттың жастардың бағыт-бағдары мен дамуы жолында маңызы өте зор. Олай дейтінім, бағдарлама мектеп оқушыларынан бастап, отбасын құрып, қоғамның толыққанды мүшесі болғанға дейінгі жастарға қажетті барлық ұстанымдарды біріктірген. Мысалы, жастардың білім алып, өмірлік жолын таңдауына ықпал ету үшін «жасотандықтар» «Жас адамның кәсіби бағытын ерте таңдауына және өз өмір жолын саналы түрде қарастыруына ықпал етуге; техникалық және кәсіби білім алудың дуалды үлгісін дамытуға ықпал ету, менторлық және тәлімгерлік институтын құруға; инновациялық-ғылыми қызметтің дамуын қолдауға» тиіс екені көрсетілген. Осы секілді сан түрлі міндеттер мен мақсаттар тоғысқан бағдарламаның қорытындысы баянды болады деген ойдамын. 23Ернұр Мадияров, Байзақ аудандық «Жастар орталығының» директоры, облыстық «Жас Отан» ЖҚ кеңесінің мүшесі: – Жалпы Съезд жұмысына жоғары баға берер едім. Бұрыннан қалыптасқан үрдіс бойынша жастар қашанда қоғам дамуы жолында белсенділік танытып келеді. Бұл жолы да солай болды. Әсіресе, облыс жастарының ерекше белсенділігін атап өткен жөн деп білемін. Біздің өңірдің жастары съездің секциялық бөлімдерінде түрлі тақырыптарда өз ойларын ашық ортаға салып, терең білім мен біліктіліктерін көрсетті. Түрлі тақырыптарды талқыға салған секцияларда жастардың Отан алдындағы міндеттері және олардың қоғам дамуына қосар үлестері сөз болды. Түрлі пікірсайыстарға қатысып, өз ойлары мен бастамаларын көпшілікке мойындата білетін біздің өңірдің жастары бұл жолы да жарқын жобаларымен көріне білді. Әлбетте, ел дамуы жолында ерекше маңызға ие болып табылатын «Жастар – Отанға!» бағдарламасының қабылдануы секілді тарихи сәттің куәсі болғанымыз үшін де қуаныштымыз. 22Серікбол Берікқожа, Тараз қаласы халыққа қызмет көрсету орталығы «Жас Отан» ЖҚ бастауыш ұйымының жетекшісі: – «Біріншіден, еріктілер қозғалысын дамыту арқылы жастардың азаматтық белсенділік индексін арттыру. Екіншіден, жастардың өкілдік көрсеткішін және сайлауға қатысу деңгейін жоғарылату арқылы жастардың саяси белсенділік индексін көтеру. Үшіншіден, жастар арасында жұмыспен қамту деңгейін жоғарылату арқылы жұмысқа орналастыру индексі бойынша алдыңғы қатардағы позицияларды сақтау. Төртіншіден, жастардың сауаттылық деңгейін көтеру және білім берумен қамту арқылы білім беру саласының индексін одан әрі жоғарылату. Бесіншіден, саламатты өмір салтын ұстанатын жастардың үлесін көбейту арқылы денсаулық сақтау саласының индексін арттыру». Бұл – «Жастар – Отанға!» бағдарламасында көрсетілген негізгі бағыттардың бірі. «Жасотандықтардың» ІІІ съезі барысында қабылданған құжатта еліміздің дамыған мемлекеттер қатарына қосылып, жастардың әлеуетін арттырып, олардың белсенділігі мен іскерлігін шыңдау мақсатында қолға алынуы тиіс іс-шаралар жоспары бекітілген. Бағдарлама мінсіз іске асса, жастардың жойқын күші күллі елдің еңсесін тіктей түсуіне үлкен әсерін тигізетін болады. Бұл бір менің ғана емес, съезге қатысқан барша жастың пікірі деген ойдамын.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар