ел бірлігін сақтаған татулықты айт
Сәрсенбі күні республикалық «Менің Қазақстаным» пойызы Ұлы Жібек жолының күре тамырында орналасқан киелі де құнарлы мекен – Құлан жеріне ат басын тіреді. Луговой ауылындағы темір жол бекетіндегі митингіге жиналған жұртта есеп болмады. Митингіні аудан әкімі Жарылқасын Айтақов құттықтау сөзімен ашса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Надежда Нестерова мұндай емен-жарқын кездесулерден өздерінің ешқашан жалықпайтынын айтып, татулықты ту еткен еліміздің көсегесі кең болуын тіледі. Ал «Менің Қазақстаным» пойызының директоры Ғазиз Телебаев, бір айға жуық өздері аралаған 29 стансаның жиынтығы жайлы айтты. Алғашқы топ ең алдымен Луговой ауылындағы Т.Рысқұлов орта мектебінде қоғамдық қабылдау өткізді. Онда тұрғындарды толғандырып жүрген бірнеше сұрақтар ортаға салынды. Халық қалаулысы Надежда Нестерова азаматтарды жеке сұрақтарымен қабылдап, тиісті жауаптарын берді. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов та қатысты. Қабылдауда балабақша, Ауған соғысы ардагерлеріне тиісті жәрдемақылар, оралмандар мәселесі сияқты тақырыптар кеңінен қозғалды. Жалпы тоғыз азаматтың ұсыныс-пікірлері қабылданып, назарға алынды. Одан кейін Әділет министрлігіне қарасты түрлі құзырлы орғандардың басшылары мен қызметкерлерінен құралған арнайы топ, аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, кеңес берді. Ал аудан орталығындағы №2 орта мектепте өткен басқосу «Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі» тақырыбында өрбіді. Ауданымыздағы бірден-бір іргелі оқу орны – Құлан ауыл шаруашылығы колледжінде «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» деген тақырыппен кездесу өтті. Пойыз құрамында жоғары санатты дәрігерлердің келгендігін естіген тұрғындар аудандық ауруханаға көптеп жиналыпты. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің бас сарапшысы Нұрлан Қыдырбаевтың айтуынша, бір күннің ішінде 510 адам тіркеліп, 214 адамға сырқаттарына байланысты көмек көрсетілген. 14 бала облыстық деңгейдегі орталықтарға жіберілді. Сондай-ақ, 2 науқастың үйіне дәрігерлер арнайы барып қарады.
Луговой ауылындағы әскери бөлімде «Біз Жеңіс қаһармандарына тағзым етеміз» атты іс-шара болып өтті. Онда Отан қорғаушы намысты ұлдар қоян-қолтық ұрыстардан керемет көрсетілімдер ұсынды.
Кездесулер соңы аудандық әкімшілікте «Менің Қазақстаным» пойызының топ мүшелерімен брифингпен аяқталды. Кешқұрым эстрада жұлдыздарының қатысуымен думанды концерт ұйымдастырылды.
* * * Бұл пойыздың біздің облысымыздағы екінші аялдамасы. Т.Рысқұлов ауданынан бет алған қонақтарды шулықтар асқан ықыласпен қарсы алды. Шу вокзалында митингі ұйымдастырылып, аудан әкімі Бақытжан Нұркенов жиналған жұртқа акцияның мақсатын түсіндіріп, пойыз құрамын бастап келушілерді таныстырып өтті. Митингіде Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев ән шырқап, «Қоғамдық келісім» мекемесі директорының орынбасары, пойыз бастығы Ғазиз Телебаев, Парламент Мәжілісінің депутаты, ҚХА депутаттары тобының мүшесі Надежда Нестерова, мерекелік керуен жетекшісі Руслан Барбасов акция барысы туралы мәліметтер беріп, шулықтарға ынтымақ пен береке тіледі. Митингі мәресіне жеткен соң, керуен мүшелері өз міндеттеріне кірісті. Өз кезегінде қалалықтардың қатарында емханаға асыққандар көп. Себебі пойыз құрамымен келген 22 ақ халатты маман науқастарға қолдан келген көмектерін көрсетіп бақты. Олардың арасында кардиолог, невропатолог, эндокринолог, офтальмолог, нефролог-уролог, гепатолог, гастроэнтеролог, пульмонолог, ревматолог, қан тамырлары хирургі, реабилитолог, травматолог-ортапед, маммолог-онколог гематолог дәрігерлер бар. Сондай-ақ, медицина ғылымдарының докторы Валерий Деминский төсек тартқан науқастардың үйлеріне де барып шықты. Қалалық емхана ішінде «Менің Қазақстаным» пойызы құрамындағы дәрігерлер халықты қабылдап жатқанда, вокзалда «Денсаулық» пойызы тоқтаған болатын. Онда мүмкіндіктері мол, заманауи медициналық құрылғылар көмегімен ем көрсетілді. Шу қаласындағы Абай атындағы орта мектепте де кездесу өткізіліп, әр саланың білікті мамандары 50 шақты аудан тұрғынының көкейкесті сауалдарына жауап беріп, кеңестермен бөлісті. Сонымен қатар, мүгедектерді оңалту орталығында «Жан жылуы» акциясы өтті. Акция барысында мүмкіндігі шектеулі балалар өнерлерін ортаға салды. Аудан қонақтары орталыққа мүгедектерге арналған 4 арба табыс етті. Дәл осы уақытта Шу қаласындағы Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы филиалының ғимаратында Әділет министрлігінің өкілдері, адвокатура, нотариат қызметкерлері, ХҚКО мамандары тұрғындармен кездесті. Аудандық ХҚКО-да мемлекеттік қызметті ұсыну аясында көпшілікке қажетті кеңестер алуға мүмкіндік туды. Аудан орталығында орналасқан М.Мақатаев атындағы тірек мектебінде «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға» атты мемлекеттік жоба және кәсіптік білім беру бойынша кеңес өтсе, мектеп ішінде аудандық кітапхана қызметкерлері «Менің елім – мәңгілік ел» атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Аудандық мәдениет үйінде Көңілді тапқырлар клубының ойыншылары ұтқыр әзілдерін ортаға салып, көрерменді күлкіге қарық қылды. «Туған ауылыңа ағаш сыйла!» ұранымен «Жасыл ел» еңбек жасақтары аудан орталығындағы «Жастар» аллеясын 300 түп жас ағашқа толтырды. Бұл акцияға ҚР Білім және ғылым министрлігінің Жастар ісі жөніндегі комитеті төрағасының орынбасары Еркін Үйсінбаев, дәулескер күйші Әбдімомын Желдібаев, «Эко-Табиғат» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есмахан Жиенбеков қатысып, өз көшеттерін отырғызды. «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының мәжіліс залында мемлекеттік этносаясатты қалыптастыру, толеранттылық пен қоғамдық келісім бойынша семинар-тренинг пен «Бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің Назарбаевтық моделі» тақырыбында тұсаукесер лекциясы өтті. «Менің Қазақстаным» пойызы құрамындағы қонақтардың аудан көлеміндегі жұмысының ақпараттық қорытындысы «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының ғимаратында өтті. Жиында аудан әкімі Б.Нұркенов ауқымды акцияны қорыта келе, ауданның тарихына тоқталып, берекелі бүгінін баяндап өтті. Ал Шу қаласындағы Т.Рысқұлов алаңында өткен елімізге танымал эстрада жұлдыздарының концерті бір күн бойғы маңызды шаралардың әдемі нүктесін қойды. Ескендір Хасанғалиев, Нағима Есқалиева, Әлішер Каримов, Дильназ Ахмадиева, Серік Ибрагимов сынды әншілер мен «Кешью», «Войс кз» топтары сазды бағдарламаларымен көпшілікті сергітті.
Тұрсынхан ЖАМАНБАЕВ, журналист. Қарлығаш ЕСБЕРГЕНОВА, «Ақ жол». Т.Рысқұлов, Шу ауданы.
Суретті түсірген Петр Норкин.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді