«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тараздағы бес жарым ғасыр мерекесі

Тараздағы бес жарым ғасыр мерекесі
ашық дереккөз
Тараздағы бес жарым ғасыр мерекесі

оны лайықты атап өтуге барлық облыстар атсалысуда

14Естеріңізде болса, бұған дейін бұл ұлы тойды өткізу мәселесінде аздаған тартысты жағдайлар болған. Алайда Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев жетекшілік еткен арнайы комиссия хандықтың құрылу тарихы Жамбыл жерімен тығыз байланысты деген тарихшылар пікірін ескеріп, тойды біздің облыста өткізуді ұйғарды.

15Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметовтің айтуынша, алғашында хандығымыздың 550 жылдығын Шу ауданындағы «Тасөткел» су қоймасының маңындағы Қарауылтөбе тұсынан мың гектарлық алқапта өткізу жоспарланған екен. Кезінде Д.Қонаевтың резиденциясы орналасқан бұл жердің табиғаты ерекше. Дегенмен, далаға инфрақұрылым тартып, тематикалық шатырлар тігу, атшабар дайындап, киіз үйлерді орналастыру біраз қаржы мен еңбекті, уақытты талап еткен. Түптеп келгенде той толық көлемде Таразда өтетін болды. Өйткені, қалада барлық шараны жоғары деңгейде өткізуге қажетті инфрақұрылым мен мәдени-спорттық нысанның бәрі бар. – Комиссия жетекшісі Бердібек Сапарбаев өзінің біраз ұсынысын келтіріп, той өтетін орынды Таразға жақындату туралы ойын айтты. Ойлап қарасақ, далаға инфрақұрылым тартатын болсақ, оған кеткен қаржы құмға сіңген судай жоқ болатын түрі бар.

Содан облыс әкімінің тапсырмасымен біз Таразды айналып өтетін айналма жол мен Айша бибі ауылын таңдаған едік. Дегенмен, кейін тағы да өзгерістер енгізіліп, той Тараздың төрінде өтетін болып нақты шешімін тапты. Яғни, оның қалада өтуіне Бердібек Машбекұлының көп ұсыныстары сеп болды. Себебі, Түркістан қаласының 1500 жылдығы тойланған кезде ол кісі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болған екен. Өз тәжірибесі бойынша көптеген пікір-кеңестерімен бөліскен ол тойдың шапағаты қала өміріне үлкен жаңалық әкелетінін алға тартты, – дейді облыстың бас сәулетшісі Е.Ахметов.

Бұл – елге ортақ қуаныш. Сондықтан, бар ауыртпалықты жамбылдықтарға ғана артып қоймай, дайындыққа жұрт болып жұмылу мәселесі де шешімін тапқан. Сөйтіп, 14 облыс пен Астана, Алматы сынды екі ірі қаланың атқарушы билігі өздеріне тиісті тапсырмаларын алып, Тараздың көрікті жерлерін қалпына келтіруге кірісіп кетті. Мәселен, Ақмола облысы Тәуке хан даңғылының әуежайға бұрылар тұсынан тағы екі барельеф орнатып, оның маңын қонақтарды шығарып-салып, күтіп алуға ыңғайламақ. Ал ақтөбеліктер Жамбыл даңғылы бойындағы (бүкір) көпірді қайта жарақтандырса, Атырау облысы Тұңғыш Президент саябағына қарама-қарсы беттен гүлзар ашып беретін болыпты. Шығысқазақстандықтар да қарап жатпайды, Абай даңғылындағы ұлы ақынның ескерткіші маңын қалпына келтіріп, абаттандырады. Батыс Қазақстан жұрты Абай мен Байзақ батыр көшелері қиылысынан гүлзар ашпақ. Қарағандылықтар Сүлейменов көшесі бойындағы Атшабардың Желтоқсан көшесі бетіндегі бөлігін ретке келтіріп, көгалдандырса, Қостанай мен Қызылорда облыстары «Қарахан» кесенесі маңын кеңейтіп, кіреберіске қала халқы мен қонақтар тыныстайтын көгалды алаң жасамақ. Маңғыстаулықтар «Тараз» қонақ үйінің алдын «тазаласа», Павлодар облысы Төле би даңғылы бітіп, Тәуке хан даңғылы басталар тұстағы үлкен айналма көпірді қайта жарақтандырды. Солтүстік Қазақстан халқы автобекет маңайын реттеп, гүлзармен толықтырса, шымкенттіктер Тараздың батыстағы қақпасын қайта жасайтын болды. Ал астаналықтар тойдың үлкен бөлігі өтетін Орталық стадионның маңын әдемілеп, субұрқақтарын жөндейді. Алматы әкімдігі Төле би даңғылы бойындағы «Даңқ» аллеясының екінші бөлігін тұрғызбақ. Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ерік Көшербаевтың айтуынша, еліміздің ірі ұлттық компаниялары да қаланың көркін кіргізуге ниетті екен. Қала билігі сол ірі компаниялар мен облысымыздың үлкен кәсіпорындарына, барлық аудандар мен облыс әкімдігінің басқармаларына шама-шарқынша той кезінде айнадай-жарқырап тұруы тиіс 26 көшеден нысан бөліп берген. Бұлар өздеріне тиесілі аумақтардың ағашының бұталып, арығының тазаланып, тап-тұйнақтай болуына жауапты. Қазір қостанайлықтар мен қызылордалықтар тиісті аумақтарының құрылыс жұмыстарына кірісіп кетті. Олар өз міндеттерін бас мердігер «Жасұлан Флора» ЖШС арқылы жүзеге асырып жатыр. Мұнда еңбек етіп жатқан 15 құрылысшы үш айдың ішінде нысанды табыстауға әзір. Жаңа жоба бойынша мұндағы орында әртүрлі композициядағы гүлзарлар пайда болмақ. Одан бөлек, тарихтан сыр шертетін екі керуен де орнатылмақ. Қысқасы бұл маң нағыз тарихи талғамға негізделген демалыс орны болғалы тұр. Өзге облыстар кеш болса да шетінен өздерінің эскиз жобаларын дайындап, жұмыстарын шетінен бастап жатыр. Қала басшылығы күн жылыса Тараз нағыз құрылыс алаңына айналатынына сендіріп отыр. Бұдан бөлек, өзге де мерейтойлық іс-шараларды дұрыс өткізу мақсатында Сүлейменов көшесінің Абай көшесі мен Қойгелді батыр көшесіне дейінгі бөлігін күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Мердігер компания – меркілік «Айя-сервис» ЖШС. Мұндағы негізгі жұмыстар аяқталуға таяу. Көше жиектері де кеңейтілген.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол». Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар