«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Тоғызқұмалаққа жанкештілік пен жанашырлық керек»

«Тоғызқұмалаққа жанкештілік пен жанашырлық керек»
ашық дереккөз
«Тоғызқұмалаққа жанкештілік пен жанашырлық керек»

4Қазақ ұлтының интеллектуалдық ілімін дамытатын төл ойындарының бірі тоғызқұмалаққа соңғы кездері ел көлемінде жақсы назар аударыла бастады. Әлихан Бәйменов жетекшілік ететін жеке қауымдастығы да бар. Өңірлерде қауымдастықтың бөлімшелері де құрылды. Осы орайда №3 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлау орталығы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі­нің тоғызқұмалақ бөлімінің жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының спорт шебері Ербол Нұрхановпен ұлттық спорттың өңіріміздегі жұмысы туралы аз-кем тілдескен едік. 

– Әр елдің өзінің ұлттық ойынын дамытып жататыны бар. Тоғызқұмалақ еліміз бойынша қалай дамып жатқаны бізге аян. Ал Жамбыл өңіріндегі аяқ алысы қалай? – Өңірімізде тоғызқұмалақ спортына енді-енді назар аударылып келеді. Жалпы қай спорттың болсын дамуы үшін оның өңірлік қауымдастығының басшысы болатыны белгілі. Осы орайда облыс бойынша тоғызқұмалақ қауымдастығының Президентін сайлап алуды жөн деп ұйғардық. Жалпы ұлттық ойынның қарыштап дамуына бәріміз бір кісідей атсалысуымыз керек деп есептеймін. – Жақын күндері Алматыда тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты өтетінін естіп қалдық. Спортшылар Жамбыл жерінде оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқанын да құлақ шалды... – Иә, Құдай қаласа, тоғыз­құмалақтан үшінші рет жалауы желбірейтін әлем чемпионаты ару қала Алматыда өтеді. Алғаш рет әлемдік дода 2011 жылы елордамыз Астана шаһарында ұйымдастырылып, оған 32 спортшы қатысқан болатын. Ол кезде алғаш рет қазақстандық Ғалымжан Темірбаев ерлер арасында әлем чемпионы атанған, қыздар арасында Әсел Дәлиева топ жарған. Әлемдік дода екінші мәрте Чехия астанасы Прага қаласында өткізілді. 2013 жылғы аламанда ерлер арасында Хәкімжан Елеусінов классика бойынша алдына жан салмаса, Әсел Дәлиева тұңғыш рет екі дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Енді 12-18 сәуір аралығында Алматы қаласында әлемдік сын үшінші рет ұйымдастырылмақ. Жарысқа бес құрлықтан тоғызқұмалақты мықты меңгеріп алған мемлекеттер келетін болды. Қазір оқу-жаттығу жиынын жерлестеріміз Жамбыл жерінде өткізіп жатыр. – Әлемдік сынға жамбылдық тоғызқұмалақшылар қатыса ма? – Жоқ, жамбылдық спортшылар бұл сынға қатыспайды. Дегенмен, алғашқы әлем біріншілігінде жерлесіміз Айдос Сейтжан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанғанын айта кетуіміз керек. Қазір ол жігіт жұмыс бабымен Астанаға ауысып, елордалық спортшылардың қатарына қосылды. Әлемдік додаға жолдамалар аз болғандықтан, біздің спортшылар іліге алмай қалды. Алда осы бағытта жұмыс жасаймыз. Әлемдік аламан тоғызқұмалақтың классика, рапид, блиц деп аталатын түрлері бойынша өтпек. – Бүгінде тоғызқұмалақтың дамуына қандай жағдайлар жасалып жатыр? – Қазіргі кезде тоғызқұмалақтың дамуына қолдау көрсетіле бастады. «Қазспорт» арнасынан екі тілде бес минуттан дәріс оқуға уақыт бөлінген. Ол отыз сабақты жерлесіміз Айдос Сейтжан жүргізеді. Президентіміз Әлихан Бәйменов те насихаттауға айрықша көңіл бөлуде. Әлем, Азия чемпионаттарының өтуі сөзімізге дәлел. – Облыстық федерация деп жатырмыз ғой, оның қаржылық әлеуеті қандай? – Қазір бізде қаржы жоқ. Алдағы уақытта демеушілерді тартып, жарыстар өткізуге күш саламыз. Ұлттық спортты насихаттау борышымыз ғой. Кейін аккредитациядан өтсек, жағдай жасалатын шығар. – Облыс бойынша жаттық­тырушылар бар ма, болса өңірлерде жұмыс қалай жүруде? – Облыс бойынша әр ауданда тоғызқұмалақ бөлімі бар. Сонда жаттықтырушылар жұмыс жасайды. Жарыстарға баруына қаржы қарастырылған. Өңірдегі он жаттықтырушы аянбай тер төгуде. Жыл жылыстаған сайын балалардың да тоғызқұмалаққа қызығушылығы арта түсуде. Мәселен, менің өзімде отыз бала жаттығады. Олардың ішінен кейбірі күні ертең әлем чемпионы болмасына кім кепіл? Мен Тараз қаласына Алматы облысынан көшіп келдім. Ондағы мақсатым – ұлттық спорт Тараз төрінде де дамыса деген ниет қана. Келгеніме көп те болған жоқ. Өңірдегі тоғызқұмалақтың дамуы басқа облыстардан кейіндеп қалған. Сол олқылықты жойсам деймін. Павлодар, Ақтөбе, ОҚО, Қызылорда облыстарынан кем түспейтін спортшылар Жамбылдан да шығатынына сенімім кәміл. Оларда жаттықтырушылар көп. Бізде де мамандандырылған жаттықтырушылар қарасы көбейсе деген ой бар. Олар ойыншылар ішінен де шығуы мүмкін. Тоғызқұмалақтан жаттықтырушының жалақысы дене шынықтыру пәні мұғалімінікінен аз. Сондықтан көп адам қызыға бермейді. Мен осы спорттың жанкүйері болғандықтан жалақыға қарамай еңбек етіп жүрмін. Кішкене жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болады. Ел қызығар еді. Басқарма тарапынан өткізілетін ресми жарыстар әрине бар. Мен келгелі бір жыл болды. Осы аралықта байқағаным, «Ақ жол» газетінің жүлдесі үшін өткізілетін дода ғана бейресми жарыстар қатарына енеді екен. Алда бұл бағытта да жұмыстар жасайтын боламыз. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Табиғат Абаилдаев, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар