«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тамшылатып суару

Тамшылатып суару
ашық дереккөз
Тамшылатып суару

табысқа жеткізеді

Егістік суының қадірін қордайлық дихандар өздерінің көпжылғы ащы тәжірибелерінен жақсы біледі. Шу өзенінің басында отырған айыр қалпақты ағайындар суару маусымы сайын шөміштен қысып бұларды өзара қырқыстырып қоятыны аздай, кей жылдары ала жаздай аспаннан нәр тамбай қинайтыны және бар. Міне, сондықтан да соңғы жылдары ауданда ылғал үнемдеудің жаңа технологиясын игеруден қаражат аямай, бұған барынша ден қоюшы агроқұрылымдардың қатары артып келеді. 

Егер өткен жылы барлығы мың гектардай жерде тамшылатып және жаңбырлатып суару тәсілдері қолданылған болса, биыл оның көлемі арта түспекші. Мәселен, «Қақпатас-Қордай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бір өзі – 258, ал шаруа қожалықтарынан «Самғау» – 250, «Нұр» – 120, «Ұмтыл» – 94, «Мерей» – 90, «Қазақстан–2030» – 70, «Шэнхо» – 61 гектар алқапта көктемгі егіс жұмыстарымен бір мезгілде алқаптарды тамшылатып суару жабдықтарын қоса орнатуда. «Самғау» шаруа қожалығының ылғал үнемдеу технологиясына бет бұрғанына үшінші жылға айналып барады. Былтыр тамшылатып суару әдісі қолданылған 35 гектар пияз, 20 гектар қытай бұршағы, 200 гектардан аса дәндік және сүрлемдік жүгері егістігінен әдеттегіге қарағанда бір жарым-екі еседен жоғары өнім алынған болатын. Ауданда өткен облыстық «Егінжай күні» семинарында осы шаруашылықтың да арамшөптен таза әрі өнімі бітік алқаптары үлгі ретінде көрсетілген еді. Биыл бұл қожалық пияз егісінің көлемін 45 гектарға арттырыпты. – Біз ылғал үнемдеу технологиясын израильдік АІК компаниясының қолдауымен сол елдің жабдықтарымен игеріп жатырмыз, – дейді қожалық басшысы Евгений Трубников. – Үшінші жыл қатарынан компанияның өкілдері келісім-шарт негізінде жабдықтарды орнатудан бастап, барлық жұмыс үдерістеріне бас-көз болып, біздің мамандарды үйретумен келеді. Қазір де агроном В. Дяченко, инженер А.Новохатский бізбен бірге жұмыс басында жүр. Ал директордың орынбасары Н. Коржанның өзі ұдайы хабарласып, жағдайды жіті қадағалап тұрады. Алайда, тамшылатып суаруға да су жетпей жататыны бар. Су қоры тез таусылып қалатындықтан сорап іркілістермен жұмыс істейді. Соның кесірінен былтыр шаруа қожалығы пияздың әр гектарынан орта есеппен күткендегі 90 орнына 75 тоннадан, дәндік жүгеріден 120 орнына 85 центнерден өнім алды. Ал су жеткілікті болған жекелеген учаскелерде күткендегіден де көп өнім алынған. Демек, суды мейлінше тиімді пайдаланудың, негізсіз ысырапқа жол бермеудің мүмкін болған шараларын қолдану қажет. Биыл сол мақсатта егіс басында жылғаның суын жинақтайтын бетондалған бассейн жасау қолға алыныпты. Шаруа қожалығының барлық суармалы егіс көлемі 400 гектардан сәл асады. Су жетіспеушілігінен біртіндеп оны түгел ылғал үнемдеу жүйесіне көшіруге тура келеді. Айтпақшы, Евгений Трубниковтің иелігінде тағы бір «Нөсер» шаруа қожалығы да бар. Егістіктері қатар орналасқан. Онда биыл 167 гектар дәндік жүгері тамшылатып суару, ал отыз гектар қант қызылшасы қолмен суару әдісімен өсірілмекші. Басшысы бір адам болғасын бұл екі агроқұрылым өзара септесіп, бір-біріне техникамен көмектесіп отырады. – Аудан бойынша көктемгі дала жұмыстарына литрі 80 теңгелік жеңілдетілген бағамен 1340 тонна жанармай бөлінген. Оны жеткізіп беруші оператор «Элемир» ЖШС өз міндетін мүлтіксіз атқаруда, – дейді егіс басына келген аудан әкімінің орынбасары Болат Саниязов, – сондай-ақ, барлығы 5770 тонна минералдық тыңайтқышқа тапсырыс берілген. Оның 4050 тоннасы – аммиак селитрасы, 1720 тоннасы –аммофос. Бұл жерде ескеретін бір жай, тамшылатып суаруда тыңайтқыш жерге сумен бірге берілетіндіктен, түтік ішінде тұнып, клапандарын бітеп қалмайтын сүзілген тыңайтқыш қолданылуы керек болады. Сондықтан, «ҚазАзот» АҚ-ға осындай 1200 тонна тыңайтқышты арнайы әзірлеуге қосымша тапсырыс берілді.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар