«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үгіт-насихат жұмыстары қарқынды

Үгіт-насихат жұмыстары қарқынды
ашық дереккөз
Үгіт-насихат жұмыстары қарқынды

ҚР президенттігіне үміткер Әбілғазы Құсайыновтың Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарындағы сайлауалды штабының сайлау науқаны бойынша міндеттері айқындалды. Үгіт-насихат жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бағдарламасы «жасыл вектор» негізіне сүйенген президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайыновтың сенімді тұлғалары насихат материалдарын таратып, үнпарақтарды көшелерге ілуде. Батыс Қазақстан облысындағы штаб өз жұмысын 16 наурызда бастады. 16 сенімді тұлғаның 4-еуі үгіт жұмыстарын Орал қаласында жүргізіп жатыр. Қалғандары – аудандар бойынша. Кандидатты қолдау үшін мұндағылар 7 мың қол жинап берді. Штаттағылар негізгі электораты өнеркәсіптегілер мен кәсіпкерлер деп санайды. Ал үміткердің Батыс Қазақстан облысындағы штабының жетекшісі Айдос Себеповтің айтуынша, штаб қызметкерлері үгіт-насихат науқанына 26 наурыздан бастап кірісті. Арнайы материалдар әзірлеп, қалаларға таратты. Үгіт-насихат жұмыстары барлық аудандарда жүріп жатыр. Қызылорда облысындағы штаб қызметкерлері де өз жұмыстарында ешқандай кедергі сезініп отырған жоқ. Бәрі жоспарға сай, қаржылық және уақыттық шектеусіз жүріп жатыр. Қызылорда облысындағы штаб жетекшісі Жандос Тұсмағамбетовтің айтуынша, облыстық штабтың құрамында 11 сенімді тұлға бар. Олар өз жұмыстарын бекітілген заңға, ереже мен талаптарға сәйкес орындауда. Жұмыстар қалада және жалпы облыс бойынша қызу жүріп жатыр. Үгіт-насихат науқаны басталғалы бері үнпарақтар таратылып, билбордтар ілінді. Шығыс Қазақстан және Қостанай облыстарында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сенімді тұлғалары оның сайлауалды тұғырнамасы туралы түсіндіріп, үгіт-насихат материалдарын үлестіруде. Шығыс Қазақстан облысында үгіт-насихат материалдарын ілуге арналған 33 нүктеге 4 мың үнпарақ орналастыру көзделген. Сонымен қатар кандидаттың Өскемен қаласындағы сенімді тұлғасы Марина Тарасенко Өскемен қаласының жұртшылығы сайлау науқанына қатысты азаматтық белсенділік танытып отырғанын атап өтті. Қостанай облысында да аймақтың 30-ға жуық белсенді азаматы күн сайын үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Аталмыш облыстағы сайлауалды штаб жетекшісі Бауыржан Тибеевтің айтуынша, үгіт жұмыстары тек облыс орталығын ғана емес, сондай-ақ, аудан орталықтарын да қамтып отыр. Әбілғазы Құсайыновтың сенімді тұлғалары атап өткендей, үгіт-насихат жұмыстары еш кедергісіз әрі заң бұзушылықтарсыз жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қызылорда облысындағы медициналық колледжде болды. Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов колледждің қызметкерлері мен оқытушыларын өзінің сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Ә.Құсайыновтың айтуынша, әлемде ХХ және ХХІ ғасырдың басында басталған экономикалық өсім қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктері мен ол көтере алатын шектеулі шаруашылық салмақты ескермей жүзеге асты. Салдарынан қоршаған орта құлдырап, бірқатар экологиялық түйткілдер туындатты. Табиғи қоршаған ортаның құлдырауына мысал ретінде Ә.Құсайынов табиғат қорын тиімсіз пайдаланудан туындаған жер ресурстарының жұтаңдануын атап өтті. Ә.Құсайыновтың айтуынша, адам мен табиғат әрекеттестігінің өз ерекшеліктері бар. Адамға сана берілді, сол арқылы ол табиғатта алатын орнын түсініп, Жер шарындағы өз міндетін айқындауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, Ә.Құсайынов экологиялық-ағартушылық жұмыстарға да үлкен мән береді. – Біз экология туралы білімді, қауіпсіз және экологиялық таза тіршілік қағидаларын, табиғатты және айналамызды қоршаған ортаны аялау және сақтау туралы ілімдерді санамызға сіңіре білуіміз қажет, – деп атап өтті өз баяндамасында Ә.Құсайынов. Сондай-ақ медициналық колледж ұжымымен кездесу барысында Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан сөз сөйледі. Р.Жоламан республикалық штаб жұмысы жайында баяндап, алдағы уақытқа арналған жоспарларымен таныстырды. Р.Жоламанның айтуынша, аймақта болып, сайлаушылармен, аймақтық штабтың сенімді тұлғаларымен және мүшелерімен кездесу өткізетін болады. – ҚР президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов экология мен биологиялық әртүрлілікті сақтаудың ең маңызды мәселелеріне назар аудартпақ, – деді Р.Жоламан. Кездесу барысында ұжымның алдында, сонымен қатар, Қызылорда облысындағы аймақтық штабтың жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов сөз сөйлеп, аймақтық штабтың алдағы жоспарын баяндады және жұмысымен таныстырды.

Ұқсас жаңалықтар