Қазақстан Республикасы президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Оңтүстік Қазақстан облысына барды. Шымкентте РҚШ мүшелері Ұлт көшбасшысы жақтастарының форумына қатысты. Түркістан қаласының жұртшылығымен, Кентау трансформатор зауытының қызметкерлерімен кездесті. Делегация құрамында – республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қазақстанның «Ауыл» социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері, әйгілі спортшылар мен әртістер бар. Шымкенттегі «Мұз сарайында» Ұлт лидері жақтастарының форумы өтіп, оған мыңнан астам оңтүстікқазақстандықтар қатысты. Форумның қатысушылары бірауыздан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа қолдау білдірді және 26 сәуірде өздерінің мықты лидер, яғни, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс беретіндерін мәлімдеді. Сөйлеген сөзінде облыстағы славян этномәдени орталығының төрағасы Юрий Кирюхин, бүгінгі таңда түрлі саладағы еліміздің табыстарын қазақстандықтардың Ұлт лидері Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланыстыратындарына тоқталды. «Бұл – өте лайықты баға. Және бүгінгі таңдағы әрбір қазақстандықтың парызы, әлеуметтік-экономикалық дамудағы оң нәтижелерге жетуге барынша ықпал ету, сондықтан да бұл жұмысты әртүрлі деңгейде біздің мемлекетіміздің мүддесін қорғай білетін Елбасына сеніп тапсыру дұрыс болады!» – деді өзінің сөйлеген сөзінде Ю.Кирюхин. Түркістанда РҚШ мүшелері қоғам өкілдерімен жүздесті. Батыр ана Татьяна Саурынбаева өз жерлестерінің атынан Елбасыға алғыс айтты, ол республикамыздың табысты әлеуметтік саясатының –тікелей Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың еңбегі екенін атап өтті. Оның сөзін физика пәнінің мұғалімі Зүбәйра Сүлейменова да қолдады. –Жауынгер-интернационалистің жұбайы ретінде мен бейбітшілік пен келісімнің құнын, ұстаз және ана ретінде, балаларымыздың дамуы үшін жағдай жасау бойынша атқарылып жатқан шаралардың қаншалықты маңызды екенін жақсы білемін. «Серпін» бағдарламасының арқасында менің ұлдарымның бірі тегін негізде жоғары білім алуда. Тұрақтылық пен бейбітшіліктен маңызды ештеңе де жоқ, біздің елімізде оған Елбасының дана саясатының арқасында қол жетіп отыр, – деп атап өтті Зүбәйра Сүлейменова. РҚШ мүшелері Кентау қаласында болып, онда трансформатор зауытының ұжымымен кездесу өткізді. Кездесу барысында зауыттың инженер-конструкторы Әділбек Тәжібаев өзінің кәсіби жолын таңдауға техникалық мамандықтарды игеру қажеттілігі туралы Мемлекет басшысының үндеуінің себепші болғанын тілге тиек етті. – Алматыдағы Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТУ-ды тәмамдай салысымен, мен трансформатор зауытына келдім. Бүгінгі таңда зауыт инфрақұрылымының 90 пайызы әлемдік үлгілерге жақындаған, жыл сайын көрсеткіштеріміз өсуде. Осының бәрі де Мемлекет басшысының өндірістік секторды қолдауының арқасында болып жатыр. Мемлекетті басқару оңай міндет емес, ол әркімнің қолынан келе бермейді, бірақ бұл міндетті біздің Елбасымыз табысты іске асыруда! Біз, жастар, нұрлы болашақты жақтаймыз және ол болашақтың Елбасымен бірге болғанын қалаймыз! – деді Әділбек Тәжібаев. Кездесу барысында Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары Ұлт лидері Н.Ә.Назарбаевқа бірауыздан қолдау білдірді.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді