Зеңбіректің «құлағында» ойнаған командир

Зеңбіректің «құлағында»  ойнаған командир
ашық дереккөз
Зеңбіректің «құлағында» ойнаған командир

11Кутузов орденді №233 Қызыл тулы атқыштар полкінің командирі, майор Фоменконың командир Әшімқұл Тілеужановқа берген мінездемесі: «Азамат Тілеужанов өзін тапқыр командир, жүрек жұтқан жауынгер ретінде танытты. Чехословакиядағы Ипелде орналасқан жаудың берік қорғаныс шебін бұзуда және Венгриядағы қиян-кескі ұрыста табандылық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Барт елді мекеніне (Венгрия) мамырдың 10-ы мен қаңтардың 12-сі аралығында жау өзінің тың күшін төгіп, атаулы мекенді құрсауына алуға тырысты. Взвод командирі Тілеужанов фашистің жымысқы ойын біліп, жаудың аталмыш мекенге аттап басуға мұрша бермей, шебін қорғады. Әккі командир жауынгерлерді тырп еткізбей жаудың жақындай түсуіне айла жасап, фашистер ұңғының аузына тақала бергенде ғана пулеметтен оқ жаудырды. Шабуылдаушы жаудың бораған оқтан беті қайтып, жан-жаққа қашты. Немістер Тілеужановтың взводы шоғырланған мекенге бірнеше рет шабуыл жасады. Қиян-кескі ұрыс үстінде босап қалған пулеметтің бірінде шүріппені Тілеужанов өзі басып, жауды қынадай қырды». Майордың осы мінездемесіне қарап-ақ, Әшімқұл қарияның майдан даласындағы портретін көз алдымызға елестете аламыз.

Ауқатты отбасында 

дүниеге келген

Әшімқұл Тілеужанов 1919 жылы Шу ауданында ауқатты отбасында дүниеге келді. Байдың баласы болса да, тәркілеу уақытындағы қарулы көтеріліс салдарынан аштық пен түрлі сынақтың дәмін бір кісідей татты. Әкесі ерте қайтқандықтан еңбекке де ерте араласуға тура келген. Алатаудың аясындағы Түрген педучилище қабырғасында жүргенде 1939 жылы әскерге шақырылып, жер түбіндегі Новосибрскіде өткізді. Ал осы кезеңде ақ финдермен болған соғыста Карель түбегінен бір-ақ шықты. Бірінші соғыста аға сержант болып жүріп өткен Әшімқұл Тілеужанов көп ұзамай сұрапыл неміс-фашистерімен бетпе-бет келді. Әуеліде Украинаның батысындағы соғыстың бел ортасынан табылды. Өр рухты жауынгерлердің арқасында жауды өкшелей қуып, Австрия даласына да жетіп, майдан алаңындағы оқ дәрінің де иісін жұтты. Жеңіске біртабан қалғанда, 11сәуір күні жараланып, госпитальда емделіп, кейіннен елге оралған. Көзі тірісінде аталары омырауына таққан ордендерді бүгінде ұрпақтары көздің қарашығындай сақтап отыр. Әрбір орденнің артында төгілген қан, сіңірген еңбек жатыр. Жауды жеңіп, елге оралған Әшімқұл Әлпақ есімді бойжеткенмен бас қосып, алты бала туылды. Немере мен шөберенің де маңдайынан сүю бақытына ие болған. Еңбек етпесе жаны тыныш таппайтын жан соғыстан кейінгі елді қалпына келтіру үшін де көп еңбек сіңірген. Ауыл шаруашылығында жұмыс істеді, кеңшар директоры, партия қызметкері де болды. Жасы келгенде мектепте география пәнінен сабақ берді. Білетіндердің айтуынша, қарияның оқушылары географияны зор ықыласпен оқыған көрінеді. Көзбен көргендер қарияның үйіндегі бір қабырғада әлем картасы ілулі тұратынын айтып жүреді екен. Қария көзі тірісінде кез-келген ұрыс-керісті ақылмен жеңуге болатынын балаларының құлағына құйып отырған. Әскери өмірдің машақаты көп

Әскери өмірдің қиындығы шаш-етектен. Әшімқұл алғашында көндіге алмай қиналып жүрді. Қай уақытта тұратынын, қай уақытта жататынын өзі білетін ауылдың еркі өзінде болған жігітінің жүріс-тұрысы шектелді. Бұйрыққа бағынасың. Таң сәріде сержанттың қырылдаған даусы бұйрық бергенде, шала ұйқың шайдай ашылады. Далаға шығып, жаттығу жасайсың. Жұқа мұз қатқан өзен бетіндегі қабыршақты жарып жуынасың. Аз уақытта тамақтанып та үлгеруің қажет. Одан әрі оқу басталады. Түсте тынығып алған соң дәлдеуді үйреніп, мылтық атасың. Түрлі қаруды шашып, қайта жинау күнделікті әдетке айналды. Денені ширату үшін жүгіресің. Берекелі күнде тыныштық жоқ. Тек түнде ғана сүйретіліп төсегіңе жеткенде құлайсың да, тұяқ серпуге шамаң жетпей ұйқыға кетесің. Жауынгерлерге жаппай тігілген киім біреуге шақ келсе, енді біреулерге қолпылдап қалып жатты. Ал Әшімқұлға әскери киім апасы тіккендей қонып тұрады екен. Шинелі ұзын болды демесең. Ішіне сүңгіп көріп еді, ұзын болды. Жолдастарының шинельдері сүйретіліп жүр. Шулық жігіттің ине-жіпке саусағының ебі болғандықтан, етекті екі қарыс қайтарып тікті. Сымбатты жігітке шинель де жарасты. Ұзын етек оратылмай жүрісі де жеңілдеп қалды. Әшімқұлдың ротасы алты айлық жауынгерлік дайындықты тәмамдады. Сынақтан кейінгі бағалауда «өте жақсы» деген баға алды. Сол жолы аға сержант болып, 76 миллиметрлік зеңбіректің көздеуші маманы атаныпты.

Тұрғындардың ашуын тудырған бұйрық

Соғыстың заңы қатал. Бұйрыққа бағыну – жауынгердің міндеті... 1941 жылдың маусым айының 22-сі. Шырт ұйқыда жатқан жауынгерлерді «дабыл» оятты. Комбаттың «Сапқа тұрыңдар, тездетіңдер!» деген бұйрығы естілді. Күні кеше зеңбірек бөлшегін шашып тастаған жауынгерлер қаруды дереу құрастыруға кірісіп жатыр. Бір айлық бейбіт күнге бойы үйренген жаунгерлер «соғыс» дегенді қайтадан естігенде абдырап қалғаны рас. Комбат жігерді оятатын ұранды тауып айтып жүр. Бұйрық бойынша баратын жерлері алыс емес. Ауыл шетіндегі тоғайға жетіп, жауға тойтарыс беру. Әшімқұлдар тоғайға мықтап бекінген соң қарудың аузын батысқа қаратып қойды. Окоптар тынымсыз қазылуда. Соғыстың басталғаны анық болғанымен, бұлар соғыс өртінің қай тұста лаулап жатқанынан хабарсыз. Қару сақадай сай, сарбаздар тас-түйін дайындалып болғанда комбатқа кері шегініңдер деген бұйрық түскен екен. Шегіну үшін де соғыс өнерін білу керексің. Жазықпен жүру қауіпті. Карпат тауын бетке алып, етегімен көшкен. Батальон жау батыстан оқ атады деп ойлап қалды. Тосын кездесу болған. Тау шатқалынан бұларды бендеровшылар оқпен қарсы алған. Олар – гестапоның жалдамалы жаналғыштары. Ұрыс үстінде екі жақ та аянып қалмай барын салды. Сол жолы жолы болып Әшімқұлдың қатары көп шығынға ұшырамапты. Шегіну – соғыстың бір тәсілі. Жолай көзбен ұзатып тұрған украиндық кемпір-шалдардың кейбірі жауынгерлердің жағасына жармасып, намыстарына тиетін ауыр сөздерді айтқан көрінеді. «Ой, оңбағандар, бізді жау өтіне тастап, безіп барасыңдар. Отан қорғайтын солдаттардың түрі осы ма? Қара бастарыңның қамын ойлап шегініп барасыңдар. Жаудан қашқанша жағаласып өлгендерің жақсы еді ғой...» Жау құрсауында қалған Харьков қаласы

ІІ Украин майданының құрамындағы 354-атқыштар полкінің сапында взвод командирі Ә.Тілеужанов та Батыс Украинаның бірнеше қалалары мен деревняларын қиып өткен батальон Днепр өзені арқылы Кремечук көпірін асып, Балько стансасына тірелген. Бұл уақытта немістер Харьков қаласын қоршап үлгеріпті. Қалаға бет қаратпайды. Жау бекінісі мықты. Комбаттың «батасын» алған соң, батальон шабуылға шыққан. Атылған оқ-дәріде есеп жоқ. Жау жағына өткісі келген командирлерді комбат шімірікпестен жайратып тастаған. Оны көрген сарбаздардың не ойлағаны өз іштерінде. Шабуыл батальонды шығынға ұшыратқан. Ертесінде тың күш келіп қосылғанда жауынгерлердің де рухы біршама көтеріліп, қару-жарақ жеткізіліпті. Сол күні кешкісін кезекті ұрыстың оғы атылды. Жау бекінісіне алғашқыда әуе арқылы бомбалар тасталынған екен. Бомба түскен жерін оңдырмай, тас-талқанын шығарады. Алыстан көздейтін артиллериялар іске қосылған. Майдан алаңы отқа оранған сәтте кезек танкілерге жетті. Олар да қайсарлықпен күреске түсті. Зеңбірекшілер жаудың басын көтеруге мұрша бермей ұстап тұрғанда жауынгерлер атой салып, өлген-тірілгендеріне қарамай жаппай шабуыл бастапты. Қалаға қарай табандап жақындай бергенімен, фашистер де табандап қарсылық көрсетіпті. Осы уақытқа шейін тізе бүгіп көрмеген немістер Батыс Еуропаны уысына алғанын дәлелдеп бағу үшін өліспей-беріспейтіндерін аңғартқан. Дегенмен түн жарымда Харьков жаудан азат етіліпті. Көшенің бойына ілінген фашистердің шұбар туларын отқа жағыпты. Харьковтан жауды дүре қуып шыққаннан кейін көпте­ген жауынгерлер орден және медальмен марапатталыпты. Әшімқұл болса, ІІІ дәрежелі Даңқ орденін кеудесіне тақты. Бұл – нағыз ерлік жасаған адамға берілетін сый.

Тоғыз жолдың торабы –Балько стансасы

Балько стансасы – тоғыз жолдың торабы. Ол Ресейді Қырым, Кавказбен жалғастырып тұрады. Немістердің жаналғыштары мұнда көп шоғырланған. Алғы шепте ұрысқа араласуға дайын тұрғандықтан, Әшімқұлдарға «танктер жақындап қалды, жақындағанын тосып, дәлдеп атып, істен шығарыңдар» деген тапсырма берілді. Гүрілдеген танктердің де төбесі көрінді. Шынжыр табан жолындағысының бәрін жайпап келеді. Жолын бөгеу барысында екі танк отқа оранып, қапталында келе жатқан фашистерге пулеметтен оқ жаудырылғанда шеттерінен сұлап жатыпты. Аға сержант окоптан басын шығарып қарай бергені сол, тура өзіне қарай жақындап қалған тағы бір танкті көргенде буындары икемге келмей абдырап қалады. Сасып тұратын уақыт па, лезде бойын жинап гранатаны шірене лақтырыпты. Гүрс еткен дауыс тым жақыннан шыққанда аспан жерге түскендей құлағы шыңылдап, топырақтың астында қалады. Бір сәтте көзін ашса, мейірбике Надяның құшағында екен. Ол жалма-жан дәрі-дәрмек қобдишасын ақтарып, екпесін дайындап жатқаны есінде қалыпты. Қимылдауға әл-дәрмені жоқ аға сержант кантузия алғанын сезеді де қимылсыз жата беріпті. Әлгі танк жаудың соңғы техникасы болғандықтан, жау да кері шегініпті. Бұл ұрыстан соң Әшімқұл Кавказды жаудан азат етуге қатысып, «Кавказды қорғағаны үшін» медаліне ие болды. Ол 216-атқыштар дивизиясының 656-артиллериялық полк құрамында ерлік жасады. Сұрапыл соғыстың бел ортасында коммунистік партия жауынгерге демалыс беруді дұрыс деп тауыпты. Мұндай мүмкіндікке ерлігімен көзге түскен, жауынгерлік жоғары наградаларға ие болғандар ғана қол жеткізді. Әшімқұлға демалыстың бұйырғаны – сол. Ол 1943 жылдың наурыз айында ауылына қайтты.

Үш президент хат жолдаған ардагер

Әшімқұл Тілеужановтың соғыс жылдарындағы ерен ерлігі мен баянды батырлығы ел есінде. Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының жарлығымен І дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталды. ТМД қатысушы мемлекеттердің басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес ол Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков медаліне ие болды.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әшімқұл Тілеужановқа жолдаған құттықтау хатында былай делінген: Құрметті Әшімқұл Тілеужанов! Тәуелсіз Қазақстанның және бүкіл ТМД елдерінің мерекесі – Ұлы Отан соғысындағы Жеңісіміздің 55 жылдығына орай шын жүректен жолдаған құттықтауымды қабыл алыңыз. Сіздің және Сіздердің ұрпақтың ұрыс даласы мен еңбек майданындағы ерлігінің ұлылығы халық жадынан ешқашан өшпек емес. Барлық ауыр сындардан Сіздер абыроймен, жеңіспен өттіңіздер. Сіздерге біз өмір бойы қарыздармыз. Сізге және сіздің туған-туысқандарыңызға зор денсаулық, игілік пен бақыт тілеймін!

Қырғызстан Республикасының Президенті Асқар Ақаев жолдаған құттықтауының мәтіні: Құрметті Әшімқұл Тілеужанов! Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығы күні ең ізгі ниетті құттықтауымды қабыл алыңыз. Сізге және сіздің жақындарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр және баянды бақыт тілеймін. Біздің ортақ үйіміз – ерікті Қырғызстанда Сіздің өмірлік пайымды парасатыңызды, данқты жауынгерлік және еңбектегі мол тәжірибеңізді алдағы уақытта да өскелең жастарға дарыта отырып, оларды патриотизм, интернационализм және халықтар достығы рухында тәрбиелей беруге атсалысатыныңызға кәміл сенімдімін.

Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко Әшімқұл қарияны Беларуссияны неміс-фашист басқыншыларынан азат етудің 60 жылдығына байланысты жолдаған құттықтауында былай дейді: Құрметті Әшімқұл Тілеужанов! Беларустықтар үшін 3 шілде Тәуелсіздік күні саналады. Бұл – ұлт мақтанышы және Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің даңқы өшпейтін күн. Бұдан алпыс жыл бұрын партизандық бөлімшелердің қызу қолдауымен қуатты Қызыл армия гитлерлік басқыншылардан республика территориясын толық азат етті. Біз майдангерлерге, партизандарға және тыл еңбеккерлеріне құрметпен бас иеміз. Олар әртүрлі ұлт өкілдері бола тұрса да нағыз ерлік өнегесін көрсете білді. Отанымыз сіздердің жасампаз ерліктеріңізді әрқашан естен шығармайды. Беларусь халқы ақ алғыстарын шын жүректен жолдайды.

Түйін: Әшімқұл Тілеужанов туралы келелі әңгімені жіпке тізгендей қылып айтып жүретін қарияның бірі, марқұм Мәми Әбдіғұлов еді. Бұл кісі – ардақты ардагерімізбен бірге бір мектепте қызмет істеген ұстаз. Мәми қарияның бір естелігі: «Әшекең азаматтық борышын өтеп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталды. Екінші Украина майданының құрамындағы 234-атқыштар полкінде взвод командирі болып Ростов, Донбасс, Қырым және Кавказды басқыншылардан азат етуге қатысты. Яссы-Кишинев қанды операциясындағы шайқасқа қатысып, ерекше көзге түскені үшін Р.Я. Малиновскийдің қолы қойылып берілген мақтау қағазда былай делінген: «Дивизияның штабын қорғауға небәрі жеті адам ғана қалдырылған еді. Осыны білген жау штабты басып алуға 20 адамын жіберді. Шайқаста рота командирі қаза тапты. Сол кезде аға сержант Тілеужанов тізгінді өз қолына алып, жақындап қалған дұшпанға пулеметтен оқ жаудырды. Жау он екі адамынан айырылып, кейін қашты». Әшекең Венгрияны, Чехословакияны фашистерден азат ету шайқастарына қатысып, ІІ және ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен және он бестен аса медальдармен марапатталған». Иә, қос майданның қияметін бастан кешіп, туған елге аман-сау оралған Әшімқұл қария әбден қартайып барып дүниеден өтті. Тәуелсіз елінің ертеңгі кемел келешегіне сеніп кетті. Абыз қарияның бәйтерекке айналған ұрпағы өсіп-өніп, ел-жұртының баянды тірлігі үшін еңбек етіп жатыр. Өмір-өзен деген – осы.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар