өнерпаздар өз мамандықтарын мақтаныш көреді
Облыстық филармония ұжымы «Мамандығым – мақтанышым» атты қайырымдылық концерттік бағдарламасын Н.Тілендиев атындағы облыстық мектеп-интернатының өнерлі оқушыларына тарту етті. Шараға «Алатау» фольклорлық ансамблі, дәстүрлі әншілер Сұлужан Әбенова, Ерлан Ибаділдаев, Жақсылық Қалтешев, Айгүл Есекеева, Әділет Әбдікерімов, Нұргүл Әбдрашева, Бақыт Шағырбаев және филармония директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Сәуле Жанпейісова қатысып, кеш шырайын кіргізді. Концертте Мұхиттың «Гәккуі», «Сыпыра жыраудың термесі», К.Әзірбаевтың «Бастауы», Ш.Қалдаяқовтың «Теріскейі» мен А.Қоразбаевтың «Жайлауда» әндері орындалса, домбырашылардың күй-тартыстары оқушылардың ұлттық өнерге деген ықыластары мен қызығушылықтарын оята түсті. Концерт барысында кәсіби әншілермен бірге мектептің талантты оқушылары да бір сахнада өнер көрсетті.
Дәл осындай әсерлі кездесу кеші Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-интернатында да өтті. Лицейдің бойжеткен арулары әнші әрі филология ғылымдарының кандидаты, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, ұлағатты ұстаз Сәуле Жанпейісованың өмірлік жолы мен дәстүрлі ән өнерінде бес мектептен де сабақ алғандығы туралы, шығармашылығы, шәкірттері жайында көкейге түйіп жүрген сауалдарын қойып, сыр-сұхбат жасасты. Кездесу соңында мектеп директоры Қазбек Елубаев қонақтарға ақ тілегін арнап, өнер ұжымына «орамал тон болмайды, жол болады» деген ниетпен кәде-сыйын тарту етті.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді