Жамбыл өңірінің топырағында, өзгелер таңырқап, жақынырақ тануға құмар екі тарихи тағылым бар. Оның бірі – біздің күллі ортаазиялықтар, мұсылман болып қалуға, азуы алты қарыс қытайлардан, түргеш пен қарлық тайпалары бас болып, еліміз бен жерімізді азат еткен әйгілі Атлах – Тараз қаласы түбіндегі ұлы шайқас болса (әлі ұлықталмай отырғаны өкінішті), екіншісі – бүгінгі дархан қазақтың қазақы ел болып қалуына, бастарын бәйгеге тігіп, дербес елдік құрған Керей мен Жәнібек сұлтандардың қаһарман ерлігі. Рас, кейінгі кездерде Қазақ хандығының 550 жылдық тойына байланысты мақалалар көп жарық көруде. Тарихи конференция, басқосулар болып жатыр. Алайда алғашқы қазақ ханы Керейдің, қай жерде жерленгенін көбіміз білмейміз. Тарихшылардың өзі бұл мәселеге әлі мардымды сөз қозғамай келеді. Неге? Әлде, алғашқы қазақ ханының өлімі жайлы ешбір дерек осы кезге дейін айтылмаған ба? Шындығына келсек, Керей ханның жерленген жері туралы дерек аңыз ел ішінде бұрыннан бар. Археолог-тарихшылар дәл қазір көңіл аударуы тиіс бір ақиқат – Керей ханның өлімі жайлы кей танымдық кітаптарда да аңыз ретінде болса да жазылып жүр. Мәселен, 2006 жылы «Ару-ана» баспасынан жарық көрген қазақ балалар энциклопедиясы, редакция алқасы К. Байпаков, М. Қойгелдиев тәрізді 10 тарихшыдан тұратын кітаптың 20-бетінде «Керей Қазақ хандығын 10 жылдай билеген, аңыз бойынша Хантауында жерленген» – деп жазылыпты. Дәл осы аңыз-деректі біз, Кеңес үкіметі кезінің өзінде де жергілікті шежіреші, тарихқа жақын қариялар аузынан көп еститінбіз. Тіпті, қазіргі Керей хан жерленді деп жүрген Шу – Мойынқұм ауданы шекарасындағы Хантауы, Керей хан кезінен бастап Хантауы (етегінде «Хан жолы» аталатын ескі сүрлеу әлі бар) аталған, ал ілгері заманда ол «Дала тау» аталып келген десетін. Ал қазақтың құлдық-кеңес заманында ол тау «Шу–Іле таулары» боп ғылыми тұрғыдан өзгертіліп жазылып аталғанымен, жұрттың бәрі әлі Хантауы атап жүр. Неге? Демек, мұнда жұрт ұмыта алмас тарихи шындық та бар болуы ғажап емес. Бабалар айтқандай, «Құдайды да адам ақылмен таниды...» демекші, ақылға жүгінсек, Моғолстаннан Шудың бойын кірме боп қоныстанған, өз елі Батыс Түрік қағанаты, Әбілқайырдан қашып жүрген Керей мен Жәнібек хан әулет-жұрт, қайтыс болған Керейді өздерінің «Жаңа Отаным» деп санаған аймағы Шу бойына жерлемегенде қайда апаруға мүмкіндігі болды? Дәл сол уақыттарда Керей мен Жәнібек ұлысында басқа еш мүмкіндіктің болмағанына тарих куә. Сондықтан біз, Керей ханның қабірін Шу бойы – Хантауынан іздеуге тиіспіз. М. Х. Дулати «Моғолстанның батысы» деген Қозыбасыны тануда да осы ой-түйін ақиқатқа апарады және Хантауы баурайында ескі тозған ерекше қабірлер мен «Бауырластар зираты» сынды қорымдардың да бар екені белгілі. Ұлы ханға арналған бір белгінің табылмауы мүмкін емес. Бірақ 1729 жылы жазда болған Аңырақай шайқасында қалмақтардың 25 мың қолы шайқас алдында Хантауында жатты ғой. Мүмкін қалмақтардың Хан белгісін, кесенесін, мазарын бұзып кетуі де ғажап емес. Сондықтан бұл жерде археологиялық ғалымдар зерттеуі ескі қорым, Хан жерлеуіне ұқсайтын аймақты түбегейлі зерттесе, қазақты қазақ жасаған Керей хан бабаның қабірінен бір дерек шығармасына кім кепіл? «Жақында теледидардан Қазақ Хандығының 550 жылдығына байланысты археологиялық жұмыстар Оңтүстік Қазақстан облысында жүргізіледі» дегенді естіп қайран қалдық. Иә, ұлы той Қазақ хандығының негізгі бастау дәуір – датасына арналып отыр. Сонда Оңтүстік Қазақстан өңірінен археологтар Керей мен Жәнібек ханға байланысты не дерек іздемек? Мұны ойлайтындар бар ма?! Дәл қазір бізге керегі – бар мүмкіндікті қарастырып, ұлы тойға өзгеше тарту, ұрпаққа ұлағат қарымды түйсік болар, әр жерде айтылып аңыз боп жазылып, қалып жүрген қазақтың алғашқы ханының қабірін табуға, нақты дерек айтуға кірісу керек. Тарихи тұлғалар тарихын талмай зерттеп-жазып, дәлелдеп жүрген марқұм Бақытяр Әбілдаев ағамыз еді. Сол кісі 1998 жылы тамызда «Ақ жол» газетінің атынан, Қозыбасыны (Мойынқұмдағы) көруге үлкен топ, арнайы экспедиция құрып келген. Сонда біз солтүстікті бетке алып бара жатқанда, Бекең сонадайдан көрінген Хантауын көрсетіп, «Аңызда да ақиқат көп. Керей хан бабаның қабірі дәл осы тауда!» – дегені әлі есімде. 1877 жылы Санкт-Петерборда заң оқуын бітірген. Алаш партиясында болған, алғашқы қазақ заңгері Жақып Ақпаев, Керей мен Жәнібек хандар жайлаған жерлерді тиянақты зерттеді дегенді естіп те, оқығаным да бар. Бірақ, Ж. Ақпаевтың сол материалдарын әлі қолға түсіре алмай жүрмін. Дерегін білген кісі болса, газет бетіне жарияласа, құба-құп болар еді. Есенбұға хан Керей мен Жәнібекке қоныстануға берген Моғолстанның батысындағы Қозыбасы, Хантау, Хан қорасы, Құлан қырған, Хан жолы сынды тарихи орындардың бәрі бейнефильмге қаз-қалпында түсірілсе, келешекте туризмді насихаттауға да көп көмегі тиері даусыз.
Жапар САТЫЛҒАНОВ, табиғатты зерттеуші, натуралист – этнограф, құсбегі.
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
«Салауатты ауыл» қатары көбейіп келеді
- 17 қараша, 2024
Зертханалық диагностика мәселелері зерделенді
- 17 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді