«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жетісу жұрты жарқын болашақ үшін дауыс береді

Жетісу жұрты жарқын болашақ үшін дауыс береді
ашық дереккөз
Жетісу жұрты жарқын болашақ үшін дауыс береді
Кеше ҚР Президенттігіне үміткер Н.Назарбаевтың республикалық сайлауалды штабының өкілдері Алматы облысында бірқатар кездесулер өткізді. Атап айтқанда, олар студент жастармен, «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін сауда аймағының ұжымымен, фермерлермен кездесіп, Ұлт көшбасшысы жақтастарының форумына қатысты. Делегация құрамында республикалық штабтың жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Ауыл» Қазақстан социал-демократиялық партиясының төрағасы Ғани Қалиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары, ҮЕҰ мүшелері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция, танымал қоғам қайраткерлері бар. Талдықорған қаласындағы «Жастар» спорт сарайының алдына жиналған 6 мыңнан астам тұрғынның қатарында соғыс және еңбек ардагерлері, Жетісу аймағының құрметті азаматтары, қоғам және мәдениет қайраткерлері, этномәдени орталықтардың өкілдері, үкіметтік емес және кәсіподақ ұйымдарының мүшелері, студент жастар, спортшылар бар. Олар Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевты қолдайтындықтарын жеткізді. – Біз, қазақстандықтар, шынында да бақытты халықпыз. Қазақ даласында бір шаңырақ астында жүзден астам ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Әлемнің өзге елдерінде екі ұлттың өзі тіл табыса алмай, жаға жыртысып жатқанын көзбен көріп отырмыз. Егер біз осы тұрақтылығымызды сақтап қаламыз десек, Елбасын қолдауымыз керек. Біздің күшіміз –бірлікте! – дейді ҚХА мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы Светлана Гаитова. РҚШ мүшелері І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттерімен кездесу барысында жастардың барлығы Елбасын қолдап отырғандығы анықталды. – Жастар қай дәуірде болмасын елінің үміті ретінде саналды. Қазіргі студенттер – ертеңгі инженерлер, ұстаздар, дәрігерлер. Бүгінде Президент баршамызға үлкен қамқорлық көрсетіп отыр. Ертең біз жауапты қадам жасауымыз керек – Отанымызға қамқорлық көрсетуіміз қажет. Бұл – Елбасы еңсеріп отырған өте ауыр тапсырма, ол бізге үлгілі өнеге көрсетіп отыр. Біз Елбасымен біргеміз, біз Елбасы үшін дауыс береміз, –деді І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің атынан жас ғалым Дамир Дигай. Сондай-ақ, РҚШ мүшелері «Қорғас-Шығыс қақпасы» ЕЭА қызметкерлерімен кездесті. «Қазқұрылыскомпаниясының» бас директоры Әділжан Тұрсұнжанов «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» Жолдауында» ел экономикасының шарықтауы мен инфрақұрылымдық дамуға ерекше назар аударылғандығын атап өтті. «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында алғашқы «құрғақтағы айлақ» және «Қорғас-Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының құрылысы аяқталады. Өз кезегінде ол елімізге жаңа шетелдік инвестициялардың келуіне ықпал етіп, еліміздің экономикасын нығайтады. «Мен біздің ұжым өкілдерінің бірауыздан Нұрсұлтан Әбішұлын қолдап, дауыс беретіндігіне сенімдімін», – деді ол. Түстен кейін Республикалық қоғамдық штаб өкілдері Талғар ауданының фермерлерімен кездесті. «Баденко Ю.А.» шаруа қожалығының басшысы Юрий Баденко өзінің «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында сәтті жұмыс жүргізіп, өндіретін өнім көлемін тұрақты көбейтіп келе жатқандығын айтты. – Біз субсидиялар мен дотациялар түрінде мемлекеттік қолдауды айқын сезініп отырмыз. Ол – кәсіпкерлерге бизнесті дамыту үшін барлық жағдайлар жасалып жатыр деген сөз. Бұл – тікелей біздің Президентіміздің еңбегі, – деді Ю.Баденко. Алматы облысының тұрғын-дары бірауыздан Елбасын қолдайтындықтарын айтып, Жетісу халқының түгелдей Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беретіндігіне сенім білдірді.

Ұқсас жаңалықтар