Штаб жұмысы талапқа сай жүргізілуде
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Астана қаласындағы өзінің кеңсесінде кезектен тыс сайлауды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссияның өкілдерімен кездесті.
Жиында кандидат Республикалық қоғамдық комиссияның мүшелеріне республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Р. Жоламанды, штаб қызметкерлерін таныстырды.
Ә. Құсайынов комиссия мүшелеріне штаб жұмысын хабардар етті, насихат материалдарымен таныстырып, аймақтардағы шаралар мен алдағы жұмыс жоспарлары туралы айтып берді.
Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Ә.Құсайынов сайлауалды насихат жұмыстарын өткізудегі жоғары ұйымдастырушылыққа баға берді.
– Алғашқы күндерден бастап барлық аймақтық штабтарда жұмыс дұрыс ұйымдастырылған. Аймақтағы штабтар жайлы бөлмелерде орналастырылған, барлық қажетті техникалық және байланыс құралдары орнатылған. Жалпы алғанда, штабтардың жұмыс жасауына толық мүмкіндіктер жасалған, – деді ол өз сөзінде. Сондай-ақ, Ә.Құсайыновтың айтуынша, сенімді тұлғалармен жұмыс ұйымдастырылған. Аймақтарға насихат өнімдері жіберіліп, уақтылы орналастырылған. Сенімді тұлғалар аудандар мен қалаларда жұмыс жасауда. «Республикалық штаб аймақтық штабтармен біріге отырып аймақтық сапарлар кестесін жасадық. Бүгінге дейін біз жоспарланған шаралардың төрттен бірін орындадық. Аймақтарда болған кезімде сайлауалды штабтар жұмысының жоспарлы түрде жүріп жатқандығына көз жеткіздім. Өз кезегінде Орталық және аумақтық комиссиялар біздің штабтың қызметкерлеріне уақтылы және сапалы көмек көрсетуде. Менің ойымша, Қазақстанда сайлау насихатын өткізуге барлық мүмкіндік жасалған. Сайлау науқанын жүргізу барысында аумақтық сайлау комиссиялары тарапынан берілген кеңестері мен бейімді заң талаптары, БАҚ-тың мәселелерді толықтай қамтуы, Орталық сайлау комиссиясы тарапынан дайындалған әдістемелік нұсқаулықтар – мұның барлығы сайлау науқанын қалыпты және келеңсіз өткізуге толық мүмкіндік береді», – деп түйіндеді өз сөзін кандидат.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кезектен тыс сайлауды бақылау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссиясының мүшелері республикалық сайлауалды штабтың жұмысымен танысып, қажетті кеңестерін берді.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламанның айтуынша да жұмыс қарқынды жүруде. «Жұмыс кестеміз өте тығыз. Қазақстанның кейбір аймақтарында қоғаммен, еңбек ұжымдарымен, ауыл шаруашылығы жұмысшыларымен кездесулер жоспарланған. Біз сайлаушыларға кандидатымыздың сайлауалды тұғырнамасының басты бағыттарын жеткізгіміз келеді. Қазіргі таңда барлық ұйымдастырушылық мәселелері шешілген, біз өз жоспарымызға сай жұмыс жасаудамыз», – деді Р.Жоламан.
Республикалық қоғамдық комиссиясының төрағасы Нұрлан Ерімбетовтің сөзінше, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайыновтың сайлауалды штабының қызметі қалыпты жұмыс тәртібінде өтуде.
– Штабтармен келісіле отырып жасалған кандидаттардың сайлауалды штабтарын аралау кестесіне сай, біз бақылаушылар ретінде алғашқы кездесуімізді ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Қалиақпарұлы Құсайыновтың сайлауалды штабынан бастадық.
Бұл жерде бізді жеткілікті мөлшерде дайындалған насихат материалдарымен таныстырды. Республикалық және аймақтық сайлауалды штабтың жұмыс жоспары, аймақтық шараларды өткізу кестесі ұсынылды.
Біздер фотоесептер, аймақтық штабтардың есептері, аймақтық сапарлар нәтижелерінің фотоматериалдарымен таныстық. Ешқандай ереже бұзушылықтары тіркелмеді.
ҚР Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов өзінің сайлау науқанын заң талаптарына сәйкес жүргізуде. Штабтың жұмысымен толықтай қанағаттандық, – деді Н.Ерімбетов.
Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Қызылорда қаласының жұртшылығымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Әбілғазы Құсайынов жиынға қатысушыларды экология саласына негізделген сайлауалды бағдарламасының басты бағыттарымен таныстырды.
Ол өз сөзінде жаһандық экологиялық қызметтің негізгі векторлары туралы баяндап, табиғатты қорғау мәселесінде ғылымның маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл – экологиялық қауіпсіздік, климат пен су ресурстарын, «жасыл» технологияны зерттеу жұмыстарын қоса алғанда, бірталай міндеттер кешенін қамтитын маңызды мақсат.
Кандидаттың айтуынша, әлемде күні бүгінге дейін экологиялық проблемаларға тиісті назар бөлінбей келеді.
Адам іс-әрекетінің табиғатқа келтірген ең үлкен залалы – жаһандық жылыну. Бұл парниктік әсер тудырып отыр.
– Әлемнің ғалымдары дабыл қағуда. 21 ғасырда, ең аз дегенде, температураның орташа жылыну деңгейі 3 градусқа жетуі мүмкін. Мұның өзі – табиғатқа аса үлкен қауіп төндіретін өзгеріс. Бірақ, егер қауіпті газдардың атмосфераға таралуы тоқтатылмаса, бүгінгі өзгеріс бұдан да қорқынышты құбылысқа ұласуы мүмкін. Аталмыш болжамға сенсек, жаһандық жылыну деңгейі 6,5 градусқа жетеді! Бұл – алыс болашақта емес, ертеңгі күндері-ақ орын алуы мүмкін үлкен қауіп. Дәл осы мәселеге қоғам назарын аудартқым келеді, – деді Ә.Құсайынов.
Тұғырнамасымен таныстырған кандидат қазіргі заманда адамдар жаңартылмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда деген пікірін жеткізді.
– Біз әлем бойынша экология әр адамның дамуы үшін қажетті толыққанды ғылым ретінде қарастырылуын қалаймыз. Ол – тек табиғат туралы емес, ең алдымен, біздің өміріміз жайлы ғылым, – деді кандидат.
Кездесуге қатысқан кандидаттың аймақтық штабының жетекшісі Жандос Тұсмағанбетов экологиялық мәселенің өзектілігіне тоқталды.
– Кандидатымыздың сайлауалды бағдарламасы экология мәселесіне негізделген. Бұл – әлемдегі ең өзекті тақырыптардың бірі. Әлемдегі биобалансты, табиғат тазалығы мен өнеркәсіп қауіпсіздігін сақтау мәселесі бұған дейін де өзекті болған. Бірақ, соңғы уақытта оның ауқымы жаһандық деңгейге жетті. Біз қоғам назарын халықаралық экологиялық мәселелерге аудартып, ол тек сөз жүзінде ғана емес, барлық мемлекеттердің келісілген ұстанымымен нақты қолдау көрсетуді қажет ететін шешімін күттірмейтін түйткіл екенін көрсеткіміз келеді, – деді Ж.Тұсмағанбетов.
Кездесуді қорытындылай келе, Әбілғазы Құсайынов экологиялық күн тәртібінің маңызына тоқталып, жиынға қатысушыларды жаһандық экологиялық мәселелерге шынайы көңіл бөлуге шақырды.
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді