«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ерліктерін еске алды

Ерліктерін  еске алды
ашық дереккөз
Ерліктерін еске алды
Кеше облыс орталығындағы № 5513 әскери бөлімінде 1995 жылдың 7 сәуірі күні Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінің сыртқы шекарасын қорғап жүрген кезінде, Тәжік-Ауған шекарасында өткен қиян-кескі ұрыс барысында қаза тапқан еліміздің Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлері бағынысындағы құрама ротаның 17 жауынгерін еске алуға арналған іс-шара өтті. Жиырма жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан осынау еске алу рәсіміне моджахедтермен арада өткен күші тең емес шайқасқа қатысқан жамбылдық ардагер-жауынгерлер, қарулы қақтығыс барысында қайтыс болған боздақтардың ата-аналары, әскери бөлімнің құрамы қатысты. Қыршын жасында туып-өскен елі мен атамекенін қорғау үшін қасық қанын қиып, жанпида еткен жауынгерлерді еске алу рәсімі әскери бөлімнің туын ортаға алып шығу, Отаны үшін құрбан болған асыл ерлерге орнатылған ескерткіш-монументке гүл шоқтарын қою, олардың рухына арнап үш дүркін салют беру сияқты іс-шаралардан басталған. Бұдан кейін әскери бөлімнің командирі, полковник Нариман Ақбаров жиналғандардың алдында сөз сөйлеп, бұдан жиырма жыл бұрын қазақстандық құрама ротаның сапындағы жауынгерлердің Тәжікстан мемлекеті аумағындағы Пяндж өзенінің бойындағы Пшихавр шатқалында жасаған жанқиярлық ерлігі, осы ұрыста 17 қазақстандық жауынгердің қаза тапқандығы, 33 жауынгердің әрқилы деңгейде жарақат алғандығы, олардың ерлік ісінің Ресей Федерациясының және Қазақстан Республикасының жауынгерлік марапаттауларымен атап өтілгендігі туралы баян етті. Тәжік-Ауған шекарасында интернационалдық парызын өтеген республика ішкі әскерлері құрама ротасы сарбаздары жасаған ерліктің, бүгінгі ұрпаққа берер патриоттық тәлім-тәрбиесі зор екендігін атап көрсетті. Сондай-ақ, әскери бөлім құрамына сөз арнаған № 5513 әскери бөлімінің ардагері Владимир Лозовой, облыс бойынша тәжік-ауған ардагерлер ұйымының төрағасы Нұрлан Сейтбек, Тәжікстандағы Пшихавр шатқалында қаза болған сарбаз — Тахир Рахимжановтың анасы Тәжікүл Рахимжанова, сарбаз — Дастан Нұрметовтың әкесі Тоқмағанбет Нұрметов, облыс бойынша тәжік-ауған ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары, запастағы подполковник Рысмағамбет Жүсіпов бүгінгі жауынгерлердің Отан қорғау ісінде әрдайым сергектік танытуына, табысқа жете берулеріне тілектестігін жеткізді. Еске алу рәсімінде Тәжік-Ауған шекарасындағы шайқасқа қатысушы ардагер-жауынгерлерге осы оқиғаның 20 жылдығына арналып шығарылған ескерткіш төс белгілері, қаза болған сарбаздардың ата-аналарына бағалы сыйлықтар тапсырылды. Жиын соңы әскери бөлім құрамының салтанатты шеруіне ұласты.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Тараз.

Ұқсас жаңалықтар